БҰЛ ЖОБА ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТПЕК

Қазақ әдебиеті сандаған жылдар бойы өзіндік ерекше сипатына сын келтірмей, талай кезеңнен құлдырамай өтіп келеді. Осы орайда қаламы жүйрік қаламгерлердің шабытын шарықтатуға сеп болатын көптеген жобалар жүзеге асырылға және ол жалғасын таба береді. Мәселен, жуырда ғана еліміздің әдебиет саласында бірегей сыйлықақы бекітіліп, ол сыйлықақының жеңімпазы өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде рента алып отыратын болып бекітілді. Ал, үздіктердің үздігін анықтау үшін MECENAT.KZ атты портал жазушылардың Қазақстан туралы ең үздік көркем шығарма-роман жұмыстарын жинақтауды бастап та кетті. 

Саяси емес, азаматтық сипатқа ие болған бұл жобаны қаржыландыру үшін мемлекеттің қорынан бір теңге де алынбайды екен. Жобаның негізгі мақсаты – отандастарымызды елжандылыққа тәрбиелеу һәм бар қазақтың басын Отан ұғымының аясына біріктіру. Тағы бір тілге тиек етерлігі – үздік шығарма ағылшын тіліне тәжімаланып, қазақ тілінде жазылған шығарма орысшаға, орыс тіліндегі шығарма қазақшаға аударылып басылады екен. Ең қызығы – жүлденің жалғыз ғана болуы. Ал, белгілі бір әлеуметтік маңызы зор тақырыпты қозғаған шығармаларға коммерциялық емес жүлделер де тағайындалуы мүмкін. Бұл – оқырманның да, қаламгерлердің де талғамы мен талантын шыңдайтынына шүбә жоқ. 

Ал, шарттарына келсек, алдын ала іріктеу кезеңінде үздік романды қазылар емес, оқырманның өзі таңдайды және плагиат жұмыстар іріктеуден өтпейді. Сондай-ақ, жазушылар додасының тағы бір ерекшелігі – ұсынылған шығармалардың 1900 жылдан бүгінгі күнге дейін еліміз туралы жазылған болуы. Байқауға қатысатын және дауыс беретіндер MECENAT.KZ сайтына тіркелген Қазақстан азаматы болуы шарт. Ұйымдастырушылар мен меценаттар немесе олардың туыстарының байқауға қатыса алмайтындығы да ерекше бір жаңалық. Яғни, байқау аясында бұрмалаушылық деген болмайды деп сенім артуға болады. Әлемдік аренадағы орнын әспеттеп қойған қазақ әдебиетіне қызмет етпекке бекінген бұл байқаудың өміршең боларына сенемін.

                                                                                                                                                                            Бердалы РЫСБЕКОВ,
                                                                                                                                                                            Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз