Алқакөл – қазақ тарихының алтын алқасы

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыз бен әңгіме бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деген ой айтады.

1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының әлсірегені тарихтан белгілі. Керісінше, жүз жылдан астам уақыт қазақтың кең даласына көзін тігіп келген жоңғар хандығының ең бір нығайған, күшейген тұсы осы кезеңге тап келді. 1627-1628 жылдары жоңғар хандығының бір бөлігі Еділдің жағасына барып жайғасып алды. Патшалық Ресейге «біз адал жауынгеріңіз – әскеріңіз боламыз» деп келісімге келген олар да батыс жақтан қазақтың тынышын алумен болды. 1722-1723 жылдың қысында жоңғарлар бұрын-соңды болмаған сойқан соғысқа қапысыз дайындалумен болды. Орыстарда тұтқында жүрген швед офицері Ренатты қолға түсіріп, одан зеңбірек құюды үйренді. Сонымен бірге орыстардан мылтық, оқ-дәріні көптеп сатып алды. Ал, қазақ жағы «үйреншікті жау атыспаққа оңай» деп, өзінің қамсыз күйінен айныған жоқ. Алда қатардағы көп соғыстың бірі емес, қазақ халқын түп-тамырымен жойып жіберуді көздеген алапат қырғын күтіп тұрғанын білген жоқ. «Бар малымызды сатсақ та мылтық жинайық» деген Әйтеке бидің сөзіне құлақ асқандар аз болды. Қазыбек бек Тауасарұлы жазғандай: «Қырдың астындағы қалмақтың соғысқа дайындалып жатқанын білсек те өз бейқамдығымыздың кесірінен осындай апатқа ұшырадық».
Көктем шығар-шықпастан жүз мың жоңғар жасағы жеті бағытқа бөлініп, бір күнде қазақ жеріне лап қойды. Пышыраған, бір жерден басқарып отырған қолбасшысы жоқ қазақ қолы қарсылық көрсетуге жарамады. Күш мүлдем тең емес еді... 
Әділдік үшін айта кетпесек болмайды, жоңғардың түпкі ойын сезген Кіші жүз ханы, стратег, тәжірибелі Әбілқайыр Еділ бойындағы қалмақтың ханы Аюкенің бері аттануына үлгертпей, алдын орап, тарпа бас салды. 1724 жылы Аюке өлді, Әбілқайыр соны пайдаланып, 1724, 1725 жылдары Еділ қалмақтарын бас көтертпестей тұқыртып алды да, бауырмалдықтың бүкіл әлемде теңдесі жоқ үлгісін көрсетіп, әбден шыныққан, шыңдалған, әр біреуі он адамға татитын жігіттерімен «Жоңғарды Алтайдан асыра қуамыз» деп 1726 жылы «Ұлы жорыққа» аттанды. Ордабасыда дайын қолмен келген оның Бас қолбасшы сайланатын себебі сол. Ол 1730 жылға қарай қазақ жерін Іле, Балқашқа дейін тазартты. Тек сол жылы Аңырақай соғысынан кейін, Тәукенің баласы Болат хан қайтыс болып, үш жүздің аға хандығына сайлауға түскенде, сонша еңбекпен «бәйгені шаппай алып тұрған» Әбілқайырды көре алмайтындар құлатып жіберді-дағы, сардар еліне қайтты. 20 мың жауынгердің оған дейін қаза тапқаны қаза тапты, қаза таппағанының біразы бірге қайтты, ал, басым көпшілігі «өзекті жанға бір өлім, серттен неге таямыз?!» деп қалып қойды. Қазығұрттан бастап Алтайға дейін әр жерде ойдым-ойдым Кіші жүз ауылдары әлі бар. Оның бір жарқын дәлелі – атақты Сара ақынның Жағалбайлы Төребайдан жеңіліп бара жатқан соң «Қаңғыған Алшын еліңе, Еділ-Жайығыңа қайт!» деп айта берем деп, Төребайдың жоғарыдағы тарихты айтқан сөзінен оңбай жеңілгенін мойындағаны, «құда болайық, би Төребай!» деп айтыстың құдалықпен аяқталғаны «Айтыс» кітабының 2-томында тұр...
Жан сақтау үшін Қаратаудан асып босқан халықтың  бір бөлігі оңтүстікке, Ташкент, Ферғана  жаққа кетті. Бір бөлігі Жызақ, Самарқан мен Бұқараны бетке алды. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, Сырдарияның суы мен жағасындағы қалың ну жыныс тоғайына жетіп жығылуды армандады. Ақтабан болып шұбырған, «Елім-айлап» етегі жасқа толған жұрт  Алқакөлге жетіп, әбден шаршап-шалдығып, сұлап жатты.
Аш халық көлдегі ырғын балықты, тоғайдағы есепсіз қоянды, қырғауылды аулап, қаз-үйректі атып, жан шақырумен болды. Осылайша  Алқакөл елдің есінде қалды.
Шашырап жүрген қазақ ру, тайпаларының басын қосып, жауға қарсылық көрсетуді ұйымдастырып, оған қолбасшылық жасаған әрі батыр, әрі ақын Қожаберген жырау өзінің «Елім-ай» дастанындағы бір тарауға осы сөз тіркесін тақырып етіп алған. Осы тақырыппен ән де, күй де шығарған. Оған Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бауыржан Момышұлы, Ермұхан Бекмаханов сынды саңлақтар жоғары баға берген. Соған қарамай Қожаберген жыраудың бұл дастанды жазғанына күмәнмен қараған кеңестік қазақ ғалымдары да болды. 
«Елім-ай» деген тақырыппен ғалым әрі ақын Т.Әбрахманова дастан, жазушы С.Сматаев трилогия,  жазушы К.Ахметбеков «Алқакөл» романын жазды. Бірақ, бұлардың ешқайсысы да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» фразеологиялық сөз тіркесіндегі Алқакөлдің қай тұста екенін анық айтып бере алмады.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сөз тіркесіндегі Алқакөлдің қайда екенін тарихшылар да осы уақытқа дейін дөп басып айта алмай келді. Келестіктер де Сырдарияның жанындағы Алқакөлдің тарихтың үлкен жүгін көтеріп тұрған киелі жер екенін аңғармады. Мың құбылған басқыншы орыс саясаты бәрін естен шығарып жіберген еді.
Орталықпен байланыстыратын тікелей жолы жоқ, алыстағы Сырдарияның бір бүйірінде жатқан Алқакөл «Жаушықұм» болыстығына қараған. Билікке большевиктер келіп, болыстық ұлғайтылғанда «Алқакөл ауылы» Келес болыстығының қарамағына өткен.
2018 жылы Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Келес ауданы қалпына келтіріліп, ұмытылған тарихты жинай бастаған кезде, баяғы Келес болыстығының қарамағында болған Алқакөл ауылын іздеп таппадық. Шардара су қоймасының астында қалған Ақтөбе қаласы сияқты Алқакөл де су астында қалған екен ғой деп ойладық.Үмітіміз үзіліп бара жатқанда, Алқакөл маңындағы малды ауылда өскен әнші Гүлайна Сұлтанова мен ақын Зағира Жүсіпқызының әңгімелерінен Алқакөлдің, Ащыкөлдің, Көздікөлдің, Найманкөлдің қатар жатқанын білдік. Бұл көлдерді ескі картадан көрдік. Ащыкөлдің байырғы тұрғыны, Жамбыл ауылдық округінің сол кездегі әкімі Барқия Құрманәлиев, ынталы топтан құралған «Алқакөл экспедициясын» қарсы алып, мың гектардай жерді алып жатқан Алқакөлдің табаны мен сырттағы құмды төбелерді аралатып көрсетті.
– 1946 жылы Келес ауданының 150 мың гектар  жері мал шаруашылығына арналып Өзбекстанға 50 жылға жалға берілген, – дейді Б.Құрманәлиев. 
– Бастапқы кездегі майда ұжымшарлар кейінірек біріктіріліп,  Жамбыл атындағы, орталығы Ащыкөл – Алқакөл ауылы және Ахунбабаев атындағы, орталығы Бозай ауылы, екі мал кеңшарына айналды. Сырдарияның  суы көктемде өзекпен Ащыкөл ауылына дейін көтеріліп (2-сурет), одан Алқакөл құмының жарқабақ  секілді биік  шетіне келіп тіреліп, тоқсан градусқа солға қарай бұрылып, құмның шетімен Алқакөл ауылына дейін барып, сол жерден тағы да солға қарай тоқсан градусқа бұрылып, дарияға барып құйылатын (3-сурет, 4-сурет). 
Алқакөлдің табанының ұзындығы бес-алты шақырымдай, ені бір жарым- екі шақырымдай болады. Көктемдегі дарияның тасыған кезінде су қойнауға кіріп, ары қарай айнала ағып қайтадан дарияға қосылып кетеді деді (Ескі арнаның орны суретте аппақ тұз болып анық көрініп тұр). Көнекөздердің айтқанындай, көктемгі тасқын тартылғанда бірталай су түбектің айналасындағы кең арықтарда жайылып, жалпақтығы кей жылдары жүз метрге дейін жететін көл болып қалады екен. Арудың мойнындағы алқадай болып жатқан суды көрген ат қойғыш аталарымыз бұл жерді Алқакөл деп атапты. Көл – балыққа бай. Оны өзіміз осы күні кешеге дейін аулап келдік. Үйрек ұшып, қаз қонып, құс базары қызатын. Жан-жағындағы тоғайда қоян мен қырғауыл көп болған. Көктем шыға әр сенбі-жексенбі күні мұнда балық аулауға, қоян-қырғауыл атуға немесе қайықпен серуендеп, жай ғана дем алып қайтуға жеңіл автомашинасымен, мотоциклмен келетін ташкенттік орыстарға толып кететін. 
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары  Шардара ГЭС-інің құрылысы басталғанда, дарияның алды тосылды, арнамен ағатын суы азайды. Сол жылдардан бері бұл көлге жыл сайын көктемде құйылатын Сырдың суы бір жылы келсе, екінші жылы келіп жарытпады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан кейін Алқакөлге Сырдарияның суы келуді мүлде қойды. Соған қарамай жергілікті халық бұл жердің атын бұрынғыдай Алқакөл деп атап келген.
Оның үстіне кеңшар директоры масадан қашып, кеңсені, жан-жақтан малшылардың баласы келіп оқитын орта мектеп-интернатын  Бекбота ауылына көшірді. Ауылда дүкен, 25 орынды аурухана бар еді. Жүз шақты үйден төрт-бесеуі ғана қалды. Алқакөл ауылы солай жойылды, тек өшпей аты ғана қалды...
1993 жылы бұл аймақ Қазақстанға қайтарылды. Бірақ, артынша-ақ жекешелендіру басталды. Өзбекстандағы осы екі кеңшарға қараған ауданның хатшысы Усман Умаров, обалы не керек, екі кеңшардың да малы мен техникасын «шөлде отырған ел ғой» деп мұртын бұзбай мұраға қалдырған екен, соның бәрі атышулы бартермен пысықайлардың қолында кетті. Бірақ, «үш күннен кейін көрге де үйренесің» дейтін, әлемде теңдесі жоқ төзімді, икемшіл, бейімделгіш, шексіз оптимист  халық емеспіз бе, екі ауылдан қалаға кеткен жүз елудей жас 15-20 жылдан кейін жиған-тергендерін ауылға әкеп, малға құя бастады. Соймасаң, сатпасаң бір басы он жылда мыңға жететін қойдай берекелі, өсімтал түлік жоқ қой, қазір екі ауылдық округте екі жүз мыңнан астам қой бар. Одан бөлек Қалғансыр мен Ащыкөл ауылының халқы диқаншылықты үйреніп алды.
Ал, енді көне тарихты айтар болсақ, Алқакөлқұмның мына біз тұрған бес шақырымдық жалпақ жотасы ғана емес, ары қарай Сырдың бойындағы Көздікөл, Найманкөл ауылдарының аумағында да ескі қорым көп. Тек малдың аяғымен тегістеліп кеткен. Тіпті, осы біздің Алқакөлге күріш егу үшін жерді жыртқанда талай адамның сүйегі шығып, оны осы жотаға әкеліп қайта жерлеген.
Келес ауданы қайта ашылған кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мырза Келестің тізгінін қолына алған Ақментай Есбаевқа «Сарыағаштың шипажайының бәрі өзінде қалды. Енді сіздерге де сондай халық демалатын жер табу керек, тіпті туризм аймағын жасау керек» деген еді. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев «осы тұрғыдан келгенде Алқакөлдің Өзбекстанға қараған кезіндегі гүл жайнаған, дүрілдеген атағын қалпына келтіру сұранып-ақ тұр. Бүгінгі техниканың дамыған заманында Сырдан су шығару қиын шаруа емес қой... Су келсе, арабтың құмынан кем түспейтін құмымыз да бар.  Оны тек жағажайға төсеуге емес, емге де пайдалануға болады, «құмға түсу» қазаққа ежелден белгілі. Оның үстіне бізде ыстық су да бар. Соңғы екі жылда үш артезиан қаздырып, ауыз суды содан ішіп отырмыз. Ал, біздің де ыстық суымыздың емдік қасиеті болуы үшін оны тереңірек қабаттан тартуымыз керек, ол үшін Үкіметтің рұқсаты керек» дейді.
Алқакөлден шығысқа қарай отыз-қырық шақырымнан кейін орналасқан Алғи ата қорымында жыл сайын ағайындардың садақа жиыны өтеді. Оған бес жүз адамға дейін қатысады. Біз биыл барғанымызда автокөлік тұрағының жанында әр жерде он бес шақты тастың топырақтан көрінер-көрінбес болып жатқанын байқадық. Сұрастырсақ, кезінде бұл жерде қалмақтың елді мекені болған, мынау солардың мазарының орны екен...
Демографтардың есебі бойынша 1723 жылы қазақтың саны 3 миллион 330 мың болса, 1726 жылдан кейін 2 миллион 222 мыңға азайған. Қазақ елінің басынан өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған зұлматты жылдарды мәңгілік есте қалдыру бар қазақтың міндеті болса керек. 
Ол үшін не істеу керек? Ол үшін алдымен Алқакөлді қалпына келтіру керек. Оның шет жағасын Барқия бауырымыз айтты да. Ем алатын шипажай да, демалатын жағажай да, аң-құс аулайтын қорық та, туристік аймақ та, бәрін жасауға болады. Тек ынта-ықылас болсын деңіз. Бірақ, онымен де шектеліп қалуға болмайды. 
«Ақтабан шұбырынды» қасіретінің қазақ тарихындағы теңдессіз орнын ескеріп, әлемдік тәжірибені кеңінен зерттеп, жақсысын қабылдай отырып, Алқакөлге әрбір қазақтың ұл-қызы туғаннан бастап бір көруге ынтық болатын, тарихи да, рухани да аса көрнекті де тәлімді ансамбль- ескерткіш орнатылуы тиіс деп ойлаймыз. Мысалы, Сталинградтағы Мамай қорғаны секілді. Ол жерде қазақтың бес мың жылдық тарихы көрініс тапса. Және сәулет өнерінің жаңа үлгілері көрініс тапса. Әлемдік «жеті ғажайыптың» бірі болмаса да, соған шендесетін дүние өмірге келсе, оны көру үшін дүниенің төрт бұрышынан туристер ағылары сөзсіз.  Сол кезде туристерді күтіп алып, шығарып салатын, ең жоғары халықаралық қалыпқа сай сервис орталығы болса дейміз.  Табиғи қалпы қайта келтірілген «Алқакөл» соған жауап болар еді. Жол мәселесін де сол кезде кешенді түрде шешуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, Алқакөлді бүгінгі қазақтың санасында тірілту үшін мемлекеттік көзқарас керек. Мұны жүзеге асыру ел ағаларының қолынан келеді деп ойлаймыз. Абай атамыз айтқандай, қазақтың  өзін бір жарқыратып көрсететін тұс осы.

Оңғар ИСАЕВ, 
журналист, Келес ауданының құрметті азаматы. 
Өмірзақ АҚЖІГІТ, журналист. Келес ауданы.

1 пікір

  • Анарбаев  Мүтәлі Көбенұлы,зейнеткер.
    Анарбаев Мүтәлі Көбенұлы,зейнеткер.

    Өте дұрыс көтерілген тарихи Алқакөл, дамыту керек,Бәрекелді журналисттеріміз осы өзекті. Тарихи мәселені алға дамыту үшін көтеріп отыр. Алқакөл тарих, іске сәт қолға алу күттірмейтін тарих

Пікір қалдырыңыз