Буыршын мұзға тайған күн

Cабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Япырай, азапты да ауыр күндерді бастан өткеріп жатқандықтан ба, бір күннің өзі бір жылдай көрінеді екен-ау. Олар көрдей қараңғы, едені сыз, қабырғалары мұз, ауасы дымқыл суық бөлмеде отызшақты қаракөз бірге жатты. Темір есік сарт етіп ашылады да әуелі қараңғы бөлмеге жылт етіп бозамық сәуле түседі. Әдетте сәуле атаулы адамға үміт пен жігер сыйламаушы ма еді? Бірақ, өлімсіреп түскен бозамық сәуледен қайыр жоқ. Мұның соңы бір қаракөзді шашынан сүйреп әкетіп, тергеп-тінтіп, ұрып-соғып, көкала қойдай етіп сабап, өлімші етіп сүйреп әкеліп тастаумен тынады. Мұндайда озбыр күштер тым тағыланып кетеді екен. Қазақ халқы қыз баланы болашақ ана, сүйікті жар, қадірлі қарындас  деп қатты қадірлеп,   оң босағада оған әрдайым төрден орын бермеуші ме еді? Ал, бұлар қаршадай қаракөздерге қол көтергені былай тұрсын, аямай ұрып-соғып, адам баласының ойына келмейтін небір сұмдықтарды жасады. Айуан екеш айуан да мұндай әрекетке бармайды. Сол озбыр топтың арасында қазақ жігіттері де жүрді. Олардың да қарындастары, аналары бар емес пе еді?! Бірақ, араша түсудің орнына олар да қорқауларға қосылып, шабалана үретін, оңашада қалса бұқадай көздерін алартатын. Қайран қаракөздер-ай, қанаттарың қырқылған қиын күндерді ұмыта алармысыңдар? 
Иә, иә, өрімдей өрендер өмірлерінің ащы өксікке айналарын білді ғой деймісіз. Таудай тулаған толқынның арасында асау ағысқа түсіп, бақытты да тәтті ғұмырларының зұлымдыққа, әділетсіздікке ұласып кетерін білді ме? Олар бар-жоғы қазақ елін басқаруға  аты-жөнін естімеген қайдағы біреу келгеніне балапандай бұлқынысын, қарлығаштай қарсылығын білдіруге ғана шықпап па еді? Шынтуайтында, бұл көтерілісті ешкім де қолдан ұйымдастырған жоқ. Жастар алаңға Ардың күшімен, Жүректің әмірімен ғана барды. Соның өзінде Кеңес империясының темір құрсауын тас-талқан етіп, қазақ ұлтының ғана емес, кешегі кеңес халқының азаттық, егемендік, тәуелсіздік жолындағы күресіне жарқын жол ашқан күрес болды бұл. Жарты әлемді темір шеңгелінде ұстаған коммунистік жүйе осылай ыдырады. Бұған мыңдаған Қайраттардың, Ләззаттардың, Манзуралардың да үлестері бар.
Дүниеде негізсіз, жалған жазадан жапа шегудің азабын еш пенденің маңдайына бермесін! Қызыл жендеттер тозақтың түкпірінде Манзура Битаеваға «Көшеге ұран жазылған транспорант алып шықтың» деп айып тақты-ау. Алып та шығар ма еді, оған мұрша болды ма? Қалай болып еді өзі?
1986 жылдың 16 желтоқсаны еді. Манзура Алматы байланыс-электро техникумының үшінші курс студенті болатын. Жатақханада курстастарымен бірге ол «Д.Қонаев бірінші хатшылықтан босап, орнына Г. Колбин келді» деген хабарды естіді. Мұны естіген студенттер «япырай, елімізге өзге ұлттан басшы қойғаны несі?» деп таңырқасқан. Ішкі келіспеушіліктің күрделі күреске айналып кететінін сол кезде ешкім де білген жоқ еді.
Келесі күні техникумның 214-тобының студенттері сабақ үстінде жастардың Л.И.Брежнев алаңына қарай тасқын судай ағылып бара жатқандарын көрді. Оқу корпусы Қ.Сәтбаев пен Бейбітшілік көшелерінің қиылысында алаңға жақын орналасқан болатын. Бұлар да сол толқынға қосылмақ еді, оқытушылары алдарынан бөгеп, жібермеген. Бірақ, түс қайта техникумның барлық студенті дерлік алаңға ағылды. Балғын жастар біреудің басын жарып, көзін шығару ниетінен ада-күде аулақ болатын. Көкіректерінде бір ғана сұрақ тұрды. «Қазақ елін неге өзге ұлт өкілі басқарады?». Осы сауалға жауап алса, барлығы да жатақханаларына қайтқылары келген. Бірақ...
Алаңда жастар мінберге шығып, бірінен соң бірі өз наразылықтарын білдіріп жатыр екен. Оларды  келтек ұстаған солдаттар қоршап тұрды. Жастар алаңды жаңғырта «Менің Қазақстаным» әніне басты. Біреулер мінберге шығып, жастарға «тараңдар!» деп ақыл айтып жатты. Алайда, оларды тыңдап жатқандар жоқтың қасы еді. Бір кезде өрт сөндіруші машиналар алаңдағы жастарға суық су шаша бастады. Келтек ұстаған солдаттар алаңға лап қойды. Жалаңқол жастар бас сауғалап қаша бастады. Басынан ауыр соққы алған Манзура шалқалай құлады. Мұз үстіне оңбай құлаған оны екі жігіт қолтығынан демеп тұрғызды да сол бойы жатақханаға әкеліп тастады. Есін жиғанда білді, қолтығынан демеп, қанды құйынның ортасынан аман алып шыққан өзі оқитын техникумның студенттері екен.
Ертесіне олар алаңға тағы барды.  Бұл жолы бойын батылдық билеген Манзура да жастармен бірге ұрандатып келе жатқан. Қоршауда қалған қаракөздерді әскерилер мен милиция қызметкерлері келтекпен, сойылмен бас-көз демей ұрып-соғып, шаштарынан ұстап сүйрелеп жүр. Маңай ыңырсыған, ауырсынған өксікті үнге толып кетті. Жендеттер қыздарды қой сүйрегендей шаштарынан тартып, арнайы көлікке тией бастады.  «Целинный» кинотеатрының артында Калинин аудандық ішкі істер басқармасы бар-ды. Үсті-бастары қан-қан, беттері ісіктен домбыққан қыздарды сонда жеткізіп, камераға қамап тастады. Манзурамен бірге Гүлнара Рахметова, Зейнеш Иманғожинова, Лаура Сейітова, Бәтеш Оспанова, Гүлзипа Қадырова, басқа да бірге оқитын курстас қыздар бір камерада жатты.
Манзура үшін қапастағы он күн он жылға татыды. Көрмеген сұмдығы жоқ. Азап пен мазақ оның миын шайқап, санасына өшпес дақ түсірді. Қайсар рухты қазақ қызы он күн бойы бір сөзін қайталаумен болды. Басқа сөз ести алмаған тергеушілер оны желтоқсанның 29 күні  амалсыз босатты. Алайда, жүрегіне жазылмайтын жара салып кетті.
Жатақханада жұдырықтай қызды жазаның кезекті легі күтіп тұр екен. Техникум ұжымы түгел қатысқан жиналыста әуелі оны комсомолдан, соңынан оқудан шығарды. Төлқұжаттарын тіркеуден шығарып, тез арада Алматыны тастап кетуді қатаң бұйырған.
Арман қала Алматымен осылай қоштасқан. Алайда, ауылға келгеннен соң да оған қырағы мекеменің қызметкерлері тыныштық бермеді. Жүрген-тұрғанын аңдумен болды. Балалар бақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеп жүрген Манзура Жақатқызы оқуын одан әрі жалғастырғысы келгенімен, озбыр күштер жолын бөгей берген. Ол бұл қыспақтан тек  еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана құтылды. Сол бір сұрқай күндері оған Ордабасы ауданы, Бөржар ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының тұрғыны Нұрлан Құдияров жолықты. Екі жүрек бір арнада тоғысып, 1989 жылы шаңырақ көтерді. Құдайға шүкір, ұлды-қызды болды. Бірақ, оған деген тағдырдың тағы бір сыны бар екен, сүйген жары Нұрлан өмірден ерте кетті. Бүгінде Нұрланның көзі – ұл-қыздарын жетілдіріп, тұғырларына қондыру үшін күресіп жүр.
Манзура Битаева 2020 жылғы 5 наурызда саяси қуғын-сүргін құрбаны болып ақталды. Сол жылғы 1 қарашада ақталғаны туралы куәлік алды. Дегенмен, күні бүгінге дейін желтоқсандықтарға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерден құралақан қалып келе жатқанына налиды.
Ызғарлы желтоқсанның елесі, буыршын мұзға тайған күн есіне түскен сайын Манзураның тұла бойы бір ысып, бір тоңазиды.
Иә, Тәуелсіздік қашан оңай келіп еді?!

Суретте: М.Битаева (бірінші қатарда солдан оңға қарай екінші).
Пікір қалдырыңыз