«Жан» фильмінің көрсетілімі өтті

Түркістандағы «Khanshaiym Plaza» сауда үйіндегі кинотеатрда «Жан» («Душа») фильмінің көрсетілімі өтті. Оны көпбалалы және әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балалар тамашалады. Айта кетейік, көрсетілім алдында кішкентай көрермендерге тәттілер ұсынылып, түрлі ойындар ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда елімізде «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қолдауымен көптеген фильмдер қазақ тіліне дубляждалуда. Нақты айтар болсақ, 2011 жылдан бастап «Disney», «Pixar», «Marvel», «Sony Pictures» секілді әлемдік киностудиялардың 37 фильмі қазақ тіліне дубляждалып, Қазақстан кинотеатрларында көрсетілді. Фильмдердің басым бөлігі – балаларға арналған анимациялық туындылар. Бұйыртса, қараша айында қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі де прокатқа шығарылмақ. 

«Жан» фильміне жасалған дубляждың демеушісі – «BI Group» компаниясы. Ал, көрсетілімнің ұйымдастырушылары – «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Nur Otan» партиясы. Аталмыш шараға «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков қатысты.

– Биыл «Болашақ» қорына және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толып отыр. Демеушілердің қолдауының арқасында біз осы уақыт аралығында еліміздегі кинотеатрларда қазақ тіліндегі кинолардың көптеп көрсетілуіне өз үлесімізді қостық. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде бірқатар ұсыныстарымызбен де бөлісудеміз. Соның ішінде отбасы мүшелерімен бірге отырып көруге арналған фильмдерді дубляждауға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілсе деген тілегіміздің де бар екенін айтқымыз келеді.    

Аударма ісіне мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген. Жақында отбасымен көруге арналған шетелдік мультфильмдер мен фильмдер қазақ тіліне дубляждалады деген үміттеміз, деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.

«Жан» фильмінде ізденістегі адамның қызықты саяхаты баяндалады. Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің даусымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар, бұл дубляжға Данияр Сванкулов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ, театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймайды. Кейіпкерлердің сөздері, әзілдері сөзбе-сөз берілмейді. Онда жергілікті мәдениеттің ерекшеліктері де ескеріледі. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды.

Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен әйгілі болған қазақ­стандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай шырқады. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз