Қымбатшылықтан қалай құтылуға болады?

Сәт сайын қымбатшылық белең алып, күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы шарықтап барады. Өткен жылмен салыстырғанда тауарлар 4,1 пайызға қымбаттаған. Ал, осыдан 10 жылмен салыстырсаңыз айырмашылықтың жер мен көктей екенін байқайсыз.

Сападан гөрі санға көбірек басымдық берген біз бүгінде жалған бәсекеге бой алдырып жүрміз. «Біз мынанша өнім алдық, осынша дүние салдық» деп рейтинг көтеру үшін мақтанып, әлемге жар салуды әдетке айналдырдық. Одан қарапайым халыққа не пайда? Диқанның еңбегі еш кетіп, далада алымшы таппай шығынға белшеден батса, салынған дүниелер істен шығып, құйылған қаржы көкке ұшып жатса...
Соңғы үш айда белең алған қымбатшылық қара халықты қатты қинағаны сонша, бүгінде адамдар қарызға жан бағып жүр. Әсіресе, екі қолға бір күрек таппай, шиеттей бала-шағасын мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік жәрдемақылармен асырап отырған отбасылар қатты қиналып қалды. Өйткені, жан басына шақтап беріледі. Азық-түліктің тым қымбаттап кетуінен ол ақшаға керек азық-түлігіңді толық ала алмайсың. Жасыратыны жоқ, дәл қазір кейбір ауылдарда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар балаларын жаңа оқу жылына дайындай алмады. Әр баланы орта  есеппен 50 мың теңгеге киіндіретін болса, бес баласы бар отбасы осы «науқанда» 250-300 мың теңгеге дейін шығын шығаруға мәжбүр. Мұндай ақша әрең күнелтіп отырған отбасыларда қайдан болсын? Рас, демеушілер жәрдемдеседі. Бірақ, бала-шағасының киім-кешегі үшін біреуге көз сатуға намыстанатын қазақтардың әлі де бар екендігін ұмытпайық та. 
Иә, жығылған үстіне жұдырық болғандай, биылғы қуаңшылық та азық-түлік өнімдерінің одан сайын қымбаттауына себепші болды. Қуаншылық қысып тұрған қазіргі таңда шаруа қорадағы малын қайда қоярын білмей дал. Жоспар жасағыштар «жерге осынша астық егілді» деп ауыз толтырып ақпарат бергені болмаса, оның да шаруаға пайдасы шамалы болып тұр. Орақ маусымы келгенде жанар-жағармайдың құнын аспандатып, етікші етікке жарымайдының кейпіне түсіп қала береміз. 
Бір сөзбен айтқанда, қымбатшылық қылбұрауды қарапайым халықтың кеңірдегіне салып-ақ тұр. Ал, жалақыға келсек, ол өсіріледі дегенді естігеннен базардағы нарық шарықтап шыға келеді. Мына нарықтық заманда күнделікті табысын күнкөріс жағдайына жеткізе алмағандардың бірі банк жағалайды, бірі қосымша кіріс көзін іздейді. Ал, кейбірі амалдың жоғынан солақай табысты көздейді. Амал қанша, отбасын асырар кірісті молайту керек. Ал, оның соңы – түрме. Түрме толы қазақ... Рас, алдыңғы толқын өкілдері бүгінгі қымбатшылықтан, жұмыссыздықтан, асыра мақтаншақтықтан әбден шаршаған болса керек, өздерінің баяғы бала күндерін аңсайды. «Біз бала кезімізде ақша табу жағын ойлаған жоқпыз. Тек елге қызмет етсек дедік» дейді. Иә, кімнің алаңсыз өмір сүргісі келмейді дейсіз. Алайда, сіздер айтқан уақытта мемлекет адамдарға өзі жұмыс тауып беретін. Ешбір жан жұмыссыз үйінде отырмайтын. Ол кездің басшылары әйтеуір бір нәрседен қорқатын. Халық тұтынатын заттар мен азық-түліктің бағасы бақылаусыз қалмайтын. Қазір тіпті қиын. Жұмыссыз халық. Бақылаусыз нарық. Табысты ойламайын десе, үйде аш отырған бала бар. Қазір қайда барсаң да, қалтаңда қаржы болмаса, кіруің қиын. Тіпті, дәретке шығуың да ақылы, оны да біреу жекешелендіріп алып, өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Баланы бақшаға берсең, ол ақша, мектепке барса ол да қалтаны қағады.  
Бір апам базарға барып келіп, сондағы арба айдайтын жігітті қарғап-сілеп жатыр. «Айдағаны арба, соған бензин құятындай ақысын көтеріп қойыпты» деп. Ол да адам баласы, ол да отбасын асырау үшін арба айдап жүр емес пе?! Күнделікті тапқан табысына үйіне азық алып барады. Тапқаны жетпесе, арбасы базардың жалға берілген дүниесі болса, оның да төлемі көтеріліп жатқан болса, оның жазығы не?
Қысқасы, қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасын қағып, артық қоры жоқтар қиналып жатыр. Сонда да көш-керуеннен қалып қойғысы келмей, өзінше тырбаңдап тіршілік кешуде. Қиындықтан қайтсек құтыла аламыз? Оның жолын білмеймін. Білетінім есепті кезеңдерде басшылар есепті кезеңде жалған ақпарлар беруді тоқтату керек. Әйтпесе, қағаз жүзіндегі «жұмыс» пен шын мәніндегі іс-әрекет бір-бірімен қабыспай, оның зардабын тағы да қарапайым халық тартатын болады.  

Бақдәулет АЙДАҒАРАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз