Қазақ боксын не күтіп тұр?

Ерболат АЙНАБЕКОВ.
"Оңтүстік Қазақстан".

Төртжылдықтың басты додасы Токио Олимпиадасын жұртшылық 4 жылдан аса күтті. Дүниежүзілік пандемияға байланыста уақыты кейін шегерілген спортттық іс-шаралардың қатарында Олимпиада ойындары да бар еді. Рио Олимпиадасынан кейін 5 жыл өткен соң додаға үлкен үмітпен қарағанымыз рас. Әрине, ең бірінші кезекте боксшыларымызға көп үміт арттық. Алайда, Токио Олимпиадасы қазақ боксы үшін ең сәтсіз Олимпиада болды. Қазақстан жеке дербес ел ретінде қатысқан Олимпиадаларда қазақ боксшылары алтынсыз қайтпаған. Бұл ойындарда алтын түгілі, алтын үшін таласатын ақтық сынға бірде-бір боксшымыз шықпады.

«Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі бокс бәсекесінің алғашқы күні-ақ «қазақтың салмағы» деген аттан айырылды. Команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда АҚШ-тың жас боксшысы Торрестен жеңілді. Соңғы үмітіміз Сәкен Бибосынов британдық боксшыдан басым түскенімен, төрешілерден «таяқ жеді». Қазақ боксы неге осыншалықты құлдырады? Бұған кім кінәлі? Не істеу керек?
Осындай сұрақтың бәріне біздің елде бір-ақ жауап бар. «Бапкерді ауыстыру керек». Проблема бапкер ауыстырғаннан ғана шешілетін болса, өткен аптада ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев орнын босатты. Оның орнына осыған дейін жастар құрамасын баптаған Қайрат Сәтжанов келді. 
Соңғы жылдары қазақ боксшыларын оңай жеңе алатын елдердің қатары көбейді. Бұрын қарсылас көрмейтін елдің боксшыларынан ұтыла бастағанда осыны ұқтық. Осыған қарап, біздің боксшылардың жіберген қатемен жұмыс істейтініне күмәндана бастадық. Әйтпесе, осыдан үш жыл бұрын оңтүстіккореялық боксшыдан нокаутпен жеңілген Василий Левиттің бір жағына шығатын уақыты болды ғой. Левит осы додада да испаниялық қарсыласынан нокаутпен ұтылды. Қазақстан боксшыларының осыған дейін Оңтүстік Корея, Испания боксшыларынан нокаутпен жеңілгенін тарих білмейді.
Боксшылардың сәтсіздігіне төрешілерді кінәлап, жылы жауып қоятындай да жағдай болған жоқ. Бокс сарапшыларының айтуынша, соңғы 20 жыл көлемінде өткен Олимпиадалардың «ең таза» өткені осы Токио Олимпиадасы болды. Расында да 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағыдай Левиттің қолында тұрған жеңісті ешкім тартып алған жоқ қой. Немесе 2008 жылы Серік Сәпиевтің Пекинде көрген әділетсіздігін бұл Олимпиадада ешкім көрген жоқ. Әділет салтанат құрған бокс бәсекесінде біздің боксшылардың сәтсіз өнер көрсетуін ешнәрсемен ақтай алмайсыз.
Жалпы, Токио Олимпиадасының сәтсіздеу болатынын Азия чемпионатының нәтижесіне қарап-ақ болжағандар болған. Алайда, дәл бұлай сәтсіздікке ұшырайды деп ешкім ойламаса керек. Олимпиаданың ең басты дайындығы осы Азия чемпионатында басталған. Алайда, біздің елден аттанған бірде-бір боксшы Азия алтынын ала алмай қайтты. Бапкерлер сол кездің өзінде-ақ ақталып, Олимпиадада жүлде көп болады дегенді айтқан. Алайда, олай болмай шықты.
Азия чемпионатының рингінде көрген жағдайды Токиода да көрдік. Жеңіске деген ұмтылысты, жанып тұрған көзді Токио Олимпиадасында да көрмедік. Бір раундта жеңілген боксшыларымыз келесі раундта тактикасын ауыстыруға асықпады. Алғашқы раундта жеңілген спортшыларымыз кейінгі раундтарда жеңісті жұлып алуға ұмтылмады. Бірінші раундта жеңіліп, кейінгі раундтарда тізгінді өз қолына алған жалғыз боксшыны көрдік. Ол жартылай финалдағы Сәкен Бибосынов еді. Алайда, төрешілер кейінгі екі раундта жеңген Сәкен Бибосыновтың жеңіске деген жігерін төмен бағалады. 
Олимпиада ойындарына дейін жанкүйерлер Сәкеннің Сабырхан Махмұдқа орнын босатуы керектігін жиі айтатын. Алайда, Токио бәрін өзгертті. Сәкен осы ойындарда ұлттық құрама боксшыларының ішінде ең жарқын жекпе-жектерімен есте қалды. Әрине, Сабырхан Махмұдтың да талантына шүбә келтірмейміз. Алдағы уақытта қос боксшы бөлек-бөлек екі салмақта өнер көрсететін болды.
Василий Левит бокс қолғабын шегеге іледі деген әңгіме бар. Рио Олимпиадасында қолында тұрған алтынынан айырылып, Токиода нокаутпен жеңілуі Левитке де оңай тимесі анық. Ұлттық құрамамен қош айтысатын боксшылардың ізін кім басады? Жанкүйерлердің көкейінде осы сұрақ тұр. 75 келі салмақ дәрежесінде Токиода өнер көрсеткен Әбілхан Аманқұлдың Олимпиада алдында жарақат алғанын білдік. Орнына басқа боксшы апаруға болмас па еді деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Болмайтын еді. Себебі, Олимпиада жолдамасы боксшының атына беріледі. Құрлықтық турнирде жолдама алып қойған Әбілхан жолдамасынан бас тартып, орнына әлемдік іріктеу турниріне басқа боксшы апаруға болатын еді. Алайда, пандемияға байланысты әлемдік іріктеу турнирі болған жоқ. 
Мемлекеттік бапкер Бақтияр Артаев алдағы әлем чемпионатына мүлдем басқа құрама баратынын айтып қалды. Тіпті, қажет болса, кәсіпқой рингте жүрген боксшыларды да тартамыз деген. Кәсіпқой рингтен кімдер келуі мүмкін? Әрине, Геннадий Головкин келмейді. Тіпті Данияр Елеусінов пен Иван Дычко да бұл тізімге ілікпейтін шығар. Кәсіпқой бокстағы жеңістің тәтті дәмін сезіп үйреніп қалған Жәнібек Әлімханұлының да әуесқой боксқа оралуы екіталай. Ал, Тұрсынбай Құлахметтің оралып қалуы ғажап емес. Оның жасы қазір 27-де. Париж Олимпиадасына баруға қауқары жетеді. 23 жасар Садриддин Ахмедовты ұлттық құрамаға шақыруға болады. 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған боксшымыз кәсіпқой рингте сәтті өнер көрсетіп жүр. Алайда, Канаданың айналасында ғана. Бәлкім, Париж Олимпиадасы АҚШ промоутерлерінің көзіне түсетін мүмкіндік сыйлайтын шығар?!
Бақтияр Артаевтың кәсіпқой боксшылар туралы мәлімдемесінен тағы бір жайтты аңғаруға болады. Жанкүйерлер Токио рингінде жеңілген әрбір боксшының орнын басатын өзге былғары қолғап шеберлерімізді санамалап кеткені рас. Бақтияр Артаев жоғарыдағы мәлімдемені, бір жағы жанкүйерлердің көңілін аулау, екіншіден, сәтсіз Олимпиаданың шуын басу үшін айтты ма екен деген ойға да қаласың.
Өткен айда ғана Дубайда бокстан жастар арасында Азия біріншілігі аяқталды. Қазақстан жастар құрамасы осы бәсекеде өте сәтті өнер көрсетті. Кеше ғана сол құраманың бапкері Қайрат Сәтжанов ұлттық құрама бапкерлігіне жайғасты. Ал, біз буын алмасуды қажет етіп тұрған ұлттық құрама үшін жастарды баптаған бапкердің келуін жақсы құбылысқа балап отырмыз.


Пікір қалдырыңыз