Бельгия «бәйгемді шаппай бер» дейді...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Футболдан Еуропа чемпионатының басталғанына да бір апта болды. Топтық турнирдегі ойындардың жартысы ойналды. Әзірге «кім чемпион болады?» деген сұраққа жауап табу қиын. Алайда, бірқатар құрамалардың ойын-өрнегі ерекше тоқталуды қажет етеді.

Солардың бірі ретінде Италия құрамасын атаған болар едік. «Скуадра адзурра» тізгінін ұстаған Роберто Манчини командаға айрықша леп алып келген сияқты. Италиялықтар соңғы 29 ойында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Оны аз десеңіз, соңғы 10 ойында Италияның қақпасына гол соққан команданы көрген жоқпыз. Манчини шәкірттері чемпионаттың «беташар» ойынында Түркия құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, алғашқы үш ұпайын иеленді. Чемпионаттың алғашқы голын түрік қорғаушысы Демирал өз қақпасына соғып алды. Бұл Еуро тарихындағы алғашқы ойында соғылған тұңғыш автогол ретінде тарихта қалды. Түріктерден кейін италиялықтардың қарқынына Швейцария футболшылары төтеп бере алмады. Олар да жауапсыз үш гол жіберіп, салдары суға кетті.

Командасындағы бірнеше тәжірибелі ойыншысынан айырылған Уэльс құрамасынан үмітті ерте үзіп қойған екенбіз. Бірінші турда швейцариялық футболшылардың қарқынына лайықты қарсылық танытқан британдық ұжым чемпионаттағы алғашқы ұпайын еншілеген. Айтпақшы, Уэльс құрамасының қақпашысы Дэнни Уорд соңғы 4 жылда кәсіби деңгейде бірде-бір ойынға қатыспаған екен. Соған қарамастан командасын өрге сүйреп жүр. Екі турдан кейін Уэльс құрамасының еншісінде 4 ұпай бар.

«В» тобының алғашқы ойыны қасіретті жағдайда аяқтала жаздады. Копенгагендегі аренада Дания мен Финляндия құрамалары күш сынасып жатқан. Бірінші тайм түгесілер тұста дат ойыншысы Кристиан Эриксен жасыл алаңға есінен тана құлады. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, дәрігерлер алаңға шыққанда Эриксеннің жүрегі тоқтап қалған екен. Арнайы құрылғының көмегімен дем беріп, белгілі футболшыны әрең аман алып қалыпты. УЕФА осы оқиғаға байланысты матчты кейінге шегерген. Алайда, бұл шешімді өзгертіп, арада бір сағат уақыт өткенде дат және фин футболшылары алаңға қайта оралды. Эриксеннің халі алаңдатты ма, әйтеуір Дания футболшылары өз ойындарын таба алмай әлек болды. Дат футболшылары есеңгіреп тұрған тұста фин шабуылшысы Пакьянпало есеп ашып кетті. Одан кейін алаң қожайындары қанша шабуылдаса да гол соға алмады. Тіпті, төреші белгілеген пенальтиді де соға алмай, соқыр ұпай да ала алмады.

Бұл топтағы екінші ойында турнирдің басты фавориттерінің бірі Бельгия құрамасы Ресейді 3:0 есебімен жеңді. «Қызыл сойқандардың» қарқыны сұрапыл. Санкт-Петербургтегі ойынға Аксель Витцель мен Кевин де Брюйненің қатыспағанын ескерсек, бельгиялықтар өздерінің бар қырын толық ашып көрсетпеді деуге болады. Екінші турдағы ойында Бельгия құрамасы даттардан жеңіліп жатқан. Алаңға Витцель мен де Брюйне шығып, таразы басын өздеріне аударып алды. Бельгияның басты жұлдызы Эден Азар өзінің спорттық бабына ене алмай жүр. Азар өз ойынын табатын болса, Бельгия бәйгені шаппай алады-ау...

Бұл топта Дания құрамасының жағдайы мүшкіл. Ресей мен финдерде үш ұпайдан бар. Енді Дания құрамасына плей-оффқа шығу үшін қалай да Ресей құрамасын жеңу керек.

«С» тобының ойындары нәтижелі болды. Алдымен алаңға шыққан Австрия мен Солтүстік Македония ойыншылары 4 гол соқты. 3:1 есебімен Венадан келген футболшылар жеңіс тойын тойлады. Бұл ойынның соңы дауға ұласа жаздады. Австрия шабуылшысы Марко Арнаутович соққан голын тойлау үшін Македония жанкүйерлері отырған жаққа беттеп: «Бүкіл Солтүстік Македонияны сатып алуға шамам жетеді» деп айқайлаған көрінеді. Абырой болғанда команда капитаны Давид Алаба жүгіріп келіп, Арнаутовичтің алаңғасарлығын тыйып тастапты. Десе де УЕФА Арнаутовичті бір ойынға шеттетті.

Нидерланд құрамасы Украинадан айласын асырды. Екінші тайм басталған бетте екі гол салған нидерландтықтар ойын тізгінін өз қолдарына алғандай көрінген. Алайда, жігерлілік танытқан Шевченко шәкірттері есепті теңестірген-ді. Бірақ, қолда тұрған бір ұпай сусып шығып кетті. Матчтың өн бойында Украина қорғанысының сол қапталына тыным бермеген Дензел Думфрис ақыры Бущан қорғаған қақпадан саңылау тапты. 3:2 есебімен жеңіске жеткен нидерландтықтар 3 ұпай иеленді. Еуродан кейін «ПСВ-ның» қапталдағы осы қорғаушысы Еуропаның белді клубына ауысып жатса, сіз де таң қалмаңыз, біз де таң қалмаймыз. Екі турда Нидерланды құрамасы 5 гол соқса, соның бесеуі де Думфристің қатысуымен соғылды. Украинамен ойында 2 рет пас шығарып, жеңіс голын салған болса, Австриямен ойында алдымен командасына пенальти тебуге жағдай жасады да, екінші таймда өзі де гол соқты. Мұндай футболшылар еуропалық скауттардың назарынан тыс қалмайды.

«D» тобындағы алғашқы ойында 2018 жылы өткен мундиальдің жартылай финалдық жұбы кездесті. Сол кезде ағылшындар хорваттарға қосымша уақытта жол беріп, өкініштен жер сабалап қалған еді. Бұл жолы ағылшындар сол өкініштің орнын толтырғандай болды. Көп күш жұмсамай-ақ, Стерлингтің жалғыз голының арқасында үш ұпай иеленді. Құрамаға шақыртылған ойыншылар тізіміне, хорваттарға қарсы өткізген жинақы ойынына қарап, Англия құрамасын да турнирдің басты фаворитіне жатқызуға болады.

Бұл топтағы екінші ойында Шотландия құрамасын чехиялықтар 2:0 есебімен ұтты. Чехия шабуылшысы Шик алаңның ортасынан гол соғып, командасына үш ұпай сыйлады. Шиктің осы голы турнирдің үздік голы атануы әбден мүмкін...

«Е» тобының ойындары да тартысқа толы болды. Левандов­ский бастаған мақтаулы Польша құрамасы Словакияның алдында дәрменсіз күй кешті. Оның үстіне болмайтын жерде ойын тәртібін бұзған Польша ойыншысы Крыховяк «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылды. Сан басымдығын пайдаланған словакиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, бұл топтағы «қызыл фурияның» халі мүшкіл екеніне алғашқы ойыннан-ақ көзіміз жетті. Мадридтің «Реал» командасы ойыншыларының бірде-біреуін құрамаға шақыртпаған каталониялық Луис Энрике бапкер не болса да ішінен тынып отыр... Қапталда, орталық шепте ойнайтын жартылай қорғаушылар жетіспеген Испания құрамасы Швецияның осал тұсын таба алмады. Осы тұста «Реал» ойыншылары Марко Асенсио мен Лукас Васкестің орны кәдімгідей ойсырап тұрды десек, біздің бұл сөзімізге Энрике бапкер ренжи қоймас.

«F» тобының ойындары қызықты өтетінін күні бұрын сезгенбіз. Сезгеніміздей бар екен, Венгрия құрамасы 84 минут бойы Португалияны әбігерге салған. Үздік деп топқа салған 11 ойыншысы түк бітіре алмаған соң Сантуш бапкер тыңнан футболшылар қоса бастады. Алаңға жаңадан шыққан Санчеш пен Рафа Силва Португалия ойынына қан жүгіртті. Нәтижесінде 84, 87, 90+2 минуттарда 3 гол соққан португалиялықтар үш ұпай иеленді. Осы ойында дубль жасаған Криштиану Роналду Еуропа чемпионаты тарихындағы өзінің оныншы және он бірінші голдарын соқты. Осылайша Роналду Еуропа чемпионатында ең көп гол салған футболшылар тізімінде бірінші орынға шықты.

Алғашқы турдың нүктесін француздар мен немістер қойған. «Финалдық ойынға бергісіз кездесу болады деп елеңдеген жанкүйерлердің үміті ақталмады. «Үш жолақты елдің» футболшылары көбірек шабуылдап, Нойердің осал тұсын іздеп көрген. Нойерге Гризман, Мбаппе мен Бенземадан күткен қауіп өз қорғаушысы Матц Хуммельстен келді. Допты айып алаңнан шығарып тастаймын деген Хуммельс абайсызда өз қақпасына гол салып алды. Одан кейін тәуекелге бармауды ойлаған Франция құрамасы тайлы-тұяғымен қорғануға көшті.

Осы ойыннан кейін Германия құрамасының ұзаққа шабатынына күмән келтіргендер көп. Оның ішінде біз де бармыз. Себебі, баяғы «неміс мәшинесі» жоқ. Топтық турнирден шыққан күннің өзінде плей-оффтағы қарсыластары немістердің адымын аштырмайды-ау...

 

 

Пікір қалдырыңыз