«Арманым – ұлттық құрамада ойнау»


Түркістан облысының футбол тарихы үшін биыл айрықша жыл. Себебі тұңғыш рет облыс командасы Қазақстан премьер лигасына жолдама алды. Қазір «Тұран» командасы турнирлік кестенің ортасына жайғасқан. Осы команданың құрамындағы ең жас ойыншылардың бірі Асылжан Аббаспен сұхбат құрғанды жөн санадық.    

- Футбол жанкүйерлеріне енді таныла бастаған Асылжан Аббас қайда туып-өсті? Футбол әліппесін ашқан кезі қай уақыт?

          - Мен 1999 жылы Арыс қаласында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда ата-анам, бауырларым барлығы сол Арыс қаласында тұрады. Футбол әліппесін ең алғаш сол өзімнің туған жерімде, мектебімде бастадым десем болады. 11 жасымнан бастап футбол деген құдіретке тамсанып, доп қуа бастадық. Осы бір футболға деген құмарлық мені Шымкент қаласына алып келді. 13 жасымда Шымкенттегі №7 футбол мектебіне ауысып келдім. Осы жерде жаттыға жүріп, кәсіби команда сапына ауыстым. Ең алғаш 2016 жылы Қазақстанның екінші лигасында өнер көрсеткеніміз есімде. Мұнда екі маусым доп теуіп, «Қыран» командасына ауыстым.

          - Ел чемпионатының дивизиондарында жүрген кездеріңізді еске алсақ...

          - 2018 жылы алдымен «Қыран Жастар» командасында, кейіннен негізгі командада доп тептім. Осы жыл ішінде екінші лигада ойнап, бірінші лигада да доп теуіп үлгердік. 2019 жылы өзімнің туған жерімнің командасы «Арыс» клубынан ұсыныс түсіп, сонда ауыстым. Екінші лигада өнер көрсеттік. Кілең арыстық жастардан құралған команда жоғары деңгейде ойнадық деп айта аламын. Сол маусымда екінші лигада вице-чемпион атанып, бірінші лигаға жолдама алдық. Бірінші лигада да нәтижеміз жаман болған жоқ. Өз конференциямызда күміс жүлдегер атанып, маусым қорытындысы бойынша премьер лигаға жолдама алдық. Бұл жаңадан құрылған Түркістан облысы үшін жаңа тарих еді.

          - Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионында алған әсеріңіз қандай? Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе кетсеңіз...

          - Әрине, мұндағы деңгей басқаша. Ойыншылардың да деңгейі бөлек. Мұндағы деңгей футболшыны өсірмесе, өшірмейді. Қарсыластарыңа қарап көбірек жаттығуға, шеберлік арттыруға тырысасың. Сондықтан да премьер лигада ойнау мен үшін бөлек тәжірибе. Алдағы жоспарларға келетін болсақ, қазіргі ең басты мақсатымыз «Тұран» командасымен премьер лигадағы орынды сақтап қалу болып тұр. Шеберлікті шыңдап, бұдан да биік жетістіктерге жеткенді қалаймын. Енді әрбір футболшының арманы шығар, өз елінің құрамасында ойнап, намысын қорғау. Менің де арманым Қазақстан құрамасы сапында доп теуіп, халықаралық ареналарда намысын қорғағым келеді. Осы мақсат жолында еңбектеніп келемін.

          - Әңгімеңізге рахмет, спорттық мансабыңызда толағай табыстарға жетіңіз.

 

Сұхбаттасқан Ерболат Айнабеков.

Пікір қалдырыңыз