Шаршамайтын Шолпан

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Адам өзі қалаған кәсіпті бар жан-тәнімен беріліп істегенде ғана нәтиже болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз  Шолпан Ерекееваның сүйген кәсібі – шаштараз. Кәсібін жанындай сүйгеннен кейін де ол осы саладағы жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады.

Кәсіпкер 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ордабасы аудандық филиалынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 505 мың теңге грант алады. Бұл қаражатқа Темірланнан «Аруна» сұлулық салонын ашты. Ауданның қыз-келіншектері қысқа уақыт ішінде оның тұрақты клиенттеріне айналып үлгерген. Себебі, шебер олардың қалауына сай түрлі шаш үлгілерін жасап береді. Бұдан бөлек ол Түркістанда өткен «Мен жас кәсіпкермін» байқауына қатысып, бірінші орынға ие болған.

Төрт баланың анасы өзге қатарластарын, үйде жұмыс жоқтықты желеулетіп отырған азаматтарды бүгінгі заманға қажетті мамандықтарды меңгеріп, мемлекет ұсынып отырған бағдарламалардың игілігін көруге шақырады.

«Шаштараз – ептілікті қажет ететін кәсіп. Менің бұл салада жүргеніме 17 жылдан асты. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызықшылығы болады. Бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін. Бір қарағанда шаш қию оңай болып көрінгенмен, оған шыдамдылық керек, тұтынушының көңілінен шыға білетін өнер керек. Салонға келген бойда шаршағаным басылып,  жұмысты бар ынтамен беріліп істеймін. Жұмыстан ләззат ала білудің өзі – бір бақыт!» дейді Шолпан Ерекеева.

 

 

Пікір қалдырыңыз