Үйірмелердің үйретері көп
Ж.Тәшенев университетінде студенттердің интеллектуалды тұрғыдан дамуына мүмкіндік беретін бірнеше үйірме ашылды.
Айталық, бүгінде қоғамымызда психолог көмегін қажет ететіндер аз емес. Осыған қарап-ақ психология ғылымының қаншалықты дамығанын аңғаруға болады. Адам жанын түсінуге, емдеуге арналған ғылымды ғалымдар бірнеше деңгейге бөліп қарастырады. Соның бірі «Эмпатия» деп аталады. Латын тілінен аударғанда ол өзгенің жай-күйін ұғыну, сезіну дегенді білдіреді.
Таяуда аталған оқу орнының Бастауыш білім және өнер факультетінің педагогика және бастауышты оқыту әдістемесі кафедрасы жанынан «Эмпатия» кеңес беруші – ресурстық қолдау орталығы ашылды. Салтанатты жиын студенттердің «Психологиялық ғажайыптар әлеміне саяхат» атты ертегі желісі бойынша қойған көрінісімен басталды. Жастар психология ғылымының қоғамның барлық саласында, тарқатып айтар болсақ, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және тағы басқа да салаларда аса қажет екенін осы сахналық қойылым арқылы ұғындыруға тырысты. Ал, түйсік, қабылдау, мінез, ашу, ерік, жігер, эмоция, сөйлеу, ойлау және қуану сынды адамның ішкі жан-дүниесіндегі құбылыстарды шоу арқылы көрсетіп, креативті ойлау деңгейлерінің де жоғары екендіктерін танытты.
«Эмпатия» орталығының алдағы уақытта уақыт сұранысындағы орталыққа айналарына сенім мол. Орталықтың бір мақсаты – оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне психологиялық тұрғыдан көмек беру болса, екінші мақсаты – университет пен мектептер арасындағы байланысты нығайту.
Ал, «Табысты студент» үйірмесі келушілерге мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін қолдаулар туралы ақпарат беріп, оларға кәсіп бастаудың қыр-сырын үйретеді.
«Томирис» қыздар клубында бойжеткендер ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар, олардың мәні мен маңызы жайлы мағлұмат алады. Ал, «Өнерлі жас таланттар», «ART-curse», «Сәнді киім», «Креативті дизайн», «Домбыра», «Хор» үйірмелері өнерлі студенттердің шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік береді.
Жалпы, жастардың мәдениетті, адамгершілігі мол, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына үйірмелердің тигізер пайдасы орасан зор. Сондықтан алдағы уақытта заман талабына сай үйірмелер санын толықтыра түсуді жоспарлап отырмыз.
Ұлжамал ҚОНАҚБАЕВА,
Ж.Тәшенев университеті
бастауыш білім және өнер факультетінің деканы, PhD,
қауымдастырылған профессор.