Бұлар – оңтүстіктің батыр ұл-қыздары

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстан спорты үлкен жетістіктерге жетті. Ол жеңіске Оңтүстік өлкесі спортшыларының қосқан үлесі де орасан. Бүгін осы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында туып-өсіп, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғаған, әлемдік, құрлықтық додаларда топ жарған жерлестеріміз туралы әңгіме қозғамақпыз.

Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста ел спортының еңсесін көтерген спортшылардың бірі – Қанатбек Шағатаев. Қанатбек 1967 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Бокстан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған. 1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанды. 1994 жылы әлем кубогі жарысының күміс жүлдегері атанса, сол жылы Жапонияда өткен Азия Ойындарында топ жарды. Одан кейін Тегерандағы Азия чемпионатында да қарсылас шыдатпай, чемпион атанған. Одан бөлек көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.

Қанатбек Шағатаев секілді Нұржан Сманов та тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған боксшыларымыздың бірі. 1972 жылы дүниеге келген Нұржан Дініқұлұлы да Жапонияда өткен Азия Ойындарында, Тегеранда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Оған сол жылы ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді. Спорттық мансабын аяқтаған соң бірнеше жыл банк саласында қызмет атқарып, одан кейін Шымкент қалалық спорт бөлімін басқарды. Жыл сайын туған жері Келес ауданында оның құрметіне жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир ұйымдастырылып тұрады.

1970 жылы Шымкент қаласында туған мерген қыз 2002 және 2006 жылдары шағын калибрлі винтовкамен нысана көздеуден әлем чемпионы атанған. Ол бұл сайыстарда жатып ату жаттығуы бойынша үздік шыққан. Дәл осы норматив бойынша Ольга Довгун Азиада жеңімпазы да атанған. 2003, 2007 жылдары Азия чемпионатында да жерлесіміз алдына жан салмады. Орта Азия ойындарында 13 рет топ жарды. Сонымен қатар, әлем кубогі жарысында да бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Сидней, Афины, Пекин, Лондон Олимпиадаларына қатысушы. Ольга – шағын калибрлі винтовкамен нысана көздеу жарысында мүмкін болған 600 ұпайдың бәрін иеленген әлемдегі жалғыз спортшы. Оның бұл жетістігін әлемде әлі ешкім қайталаған жоқ.

1979 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген дзюдошы Мұратбек Қыпшақбаев халықаралық ареналарда 2000 жылдың басында таныла бастады. Минскіде өткен халықаралық турнирде кіл мықтыларды сан соқтырып, үздік бестікке кірген ол одан кейін ел чемпионатында топ жарып, ұлттық құрама сапына қабылданды. 2003 жылы Душанбеде өткен Орта Азия ойындарында алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатқан-ды. Бір жыл өткен соң Алматыда өткен Азия чемпионатында топ жарды.

Базарбек Донбай алғаш рет 1998 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында көзге түсті. 21 жасында Сидней Олимпиадасында бақ сынап, үздік бестікті түйіндеді. 2001 жылы Шығыс Азия ойындарында қола жүлде, 2002 жылы Азия Ойындарында күміс жүлде алса, 2004 жылы Азия чемпионы атанды. 2007 жылы өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері.

(Жалғасы бар).

 

 

 

Пікір қалдырыңыз