Аз уақытта алты бірдей алапат зұлмат...

Әлемде өте қысқа мерзім аралығында бір емес, бірнеше зұлматты бастан кешкен қазақтай халық кемде-кем. 1920-1921 жылдар аралығындағы ашаршылық, 1928 жылғы күштеп ұжымдастыру, 1931-1932 жылдар аралығындағы екінші ашаршылық, 1937-1938 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы, 1951-1953 жылдар аралығындағы екінші репрессия... Халқымыз небәрі 30 жылдың ішінде алты бірдей алапат зұлматты бастан өткерген болып тұр ғой.

1917 жылы құрылған «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясы XX ғасырдағы қазақ тарихында терең із қалдырды. Ол қозғалыстың бастаушысы және оған дем беруші топ Алаш зиялылары еді. Сол дәуірдегі қоғам дамуы мемлекетті экономикалық, саяси және рухани негізде қайта құру қажеттілігі жетілгендігін көрсетті. Сондай-ақ, Ресей империясының Қазақстандағы отарлық басқару жүйесінің терең дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Әйткенмен, Алаш зиялыларының алдында сол заманғы саясаттың сойылын соғар келте ойлы, дүбәра күштермен бітіспес күрес күтіп тұрды.

1925 жылы Қазақстан өлкелік атқару комитетінің басшылығына келген Голощекин қазақ шаруасының күнкөрісіне жарап отырған 30-40 тұяғын «шектен тыс байлық» деп қарады. Ұлы дала дәстүрлерінен хабарсыз Голощекин «Кіші Қазан» төңкерісі арқылы социализм құруды қолға алды. Қалыптасқан көшпенділік өмірге бейімделген халықтың мал-жанын сыпырып алып, отырықшылыққа көндіруге тырысты. Ол аз болғандай, 1926 жылдан бастап жергілікті Ұлт зиялыларына қарсы күресін бастады. Оларды «ұлтшыл-ауытқушылар» деп айыптап, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасовтарды елден аластатты. Қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерін қуғынға салғанымен қоймай, 1928 жылдың тамызында «Қазақ байларының мүліктерін тәркілеу» жөнінде жарлық беріп, қазақ байлары мен орта шаруалардың мал-мүлкін жаппай тәркілеуді бастады. Қазақ халқының негізгі тіршілігі болып отырған малынан айырып, байларды отбасымен жер аударып жіберді. 1929 жылдан бастап ТОЗ, артель, колхоздар құрылды. Осылайша, күнкөріс көзінен айырылған халық үлкен күйзеліске ұшырады. Халқымыздың басым бөлігі қолдан жасалған ашаршылықтан қырылып қалды. Мұрағат құжаттары 1931-1933 жылдары Қазақстанда 2 млн. 100 мың қазақтың аштықтан қырылғанын, 1 млн.130 мың қазақ- тың Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Иран, Түркия, Ауғанстан елдеріне босып кеткенін айтады.

Солақай саясаттың зардабы титығына жеткен халық қайта-қайта бас көтерумен болды. Бір ғана 1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанда 372 шаруалар көтерілісі болды. Соның бірі – бүгінгі Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы (Сырдария округі) шаруалар көтерілісі. Сол жылдары Қазақстандағы өкімет орындарының саясатына деген наразылық шырқау шегіне жеткен еді. Жаппай ұжымдастыру науқаны, байлардың мал-мүлкінің тәркіленуі, соның салдарынан елдің аштыққа ұшырауы төзімді тауысты. Нәтижесінде 1930 жылы 7 ақпанда Созақ көтерілісі басталды. Көтерілісшілер кеңес және партия мекемелерін талқандап, кұжаттарды өртеді. Алайда, олардың нашар қарулануы мен ұйымдаспағаны көтерілістің жеңіліске ұшырауына себеп болды. Жеңілген көтерілісшілерге аяушылық болған жоқ. Көптеген көтерілісшілер сотсыз атылып кетті.

Қуғын-сүргін 1937-38 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдары 9323 коммунист партиядан шығарылды. Сталиннің жеке басына табынудан туындаған өктемдік толқыны біздің облысымызды да айналып өтпеді. Қазіргі Түркістан облысы бойынша екі мыңдай адам атылып, 7 мың адам қамауға алынды. «Үштіктің» үкімімен сотталып, 1989 жылы қайта ақталған 576 адамның 58-і облыс, қала, аудандық партия, кеңес органдарының басшылары еді. Олардың 36-сы ең жоғары жазаға кесілген. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Ә.Н.Досов, облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы В.Е.Случак, оның орынбасары Қ.К.Күлетов, облыстық Кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы Б.С.Иржанов, т.б. бар. Сондай-ақ, қалалық, аудандық партия комитетінің 13 хатшысының 9-ы ату жазасына кесілген.

Елде жүріп жатқан нәубеттер мен зұлматтарға қазақ зиялылары бей-жай қарап отыра алмады. Шектен шыққан озбырлыққа шыдамаған Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге хат жазып, ашаршылықтың ауыр нәубетіне, қазақ халқының қиын жағдайына, қырғынға кінәлі адамдар жауап беруі тиіс деген талап қойды. Сондай-ақ, бұл хатта Кеңес өкіметінің жаңа қағидалары қазақ қоғамына қайшы келгені, жалпыұлттық қасіретке айналғаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, шектен тыс алым-салық жинау жаппай аштыққа ұшыратып отырғаны баяндалды. Бұл хат өлкелік партия комитетіне ашық күнде жай түскендей әсер етіп, кеңес өкіметінің саясатын сынағандық деп танылды. Оның салдары жаппай қуғындауға ұласты. Хат жазғандардың бірі – КСРО Дайындау Министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілетті өкілі Емберген Алтынбеков Ақтөбе облысының Қарабұтақ аупарткомына жауапты хатшылыққа ауыстырылды. Кейінірек Оңтүстік Қазақстан обкомының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. Көп ұзамай 1938 жылы сәуірде «халық жауы» деп танылып, жұмыс үстінде тұтқынға алынды.

Біз соңғы отыз жылда ғана нәубет заманның шындығын ашып айта алатын болдық. Десек те, сол жылдары халықтың жанарынан тамған жасы әлі кепкен жоқ. Елбасы осыдан жиырма төрт жыл бұрын 31 мамырды «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеген Жарлыққа қол қойды. Ал, 2001 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қатысуымен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі ашылды. Музей өткен ғасырда саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз құрбан болғандарды мәңгі есте сақтау, келешек ұрпағымызға тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» себептерін жеткізу жолында жұмыс істеп келеді.

Батырғазы Серғазиев, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз