Мырзашөлдің мырза таланты

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Шындығында, ел іші – өнер бесігі. Күміс көмей әнші де, жезтаңдай жыршы да, саусағынан сырлы саз сорғалаған күйші де, арқалы ақын да ел ішінен шығады. Оның айқын мысалын оңтүстіктің әр аудан, қалаларынан көруге болады. Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ел құрметіне бөленген сондай жандардың қатарында әнші әрі актер, бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнаған Каналбай Сейілбеков ағамыздың есімі ерекше леппен айтылады. Жақын күндері сексен жасқа толғалы отырған ағамыз Мақтаарал ауданынан шыққан зерделі де зерек өнерпаздардың бірі екендігі әлдеқашан мойындалған.

Каналбай ағамыз Ұлы Отан соғысы басталған жылы, яғни 1941 жылы бұрынғы Киров ауданына қарасты «Большевик» кеңшарында дүниеге келген. Анасы он екі құрсақ көтеріп, алайда, Алланың ісіне амал бар ма, оның тек екеуі ғана аман қалады. Соның бірі – Каналбай болса, екіншісі – қарындасы. Әулеттің жалғыз ұрпақ жалғастырушысы Каналбай ағамыз кенже ұл болғанына қарамастан барлық шаруаны өз мойнына алады. Бұл туралы ағамыз бір естелігінде: «Мен Асабай деген ағамның үйінде жүріп, «Қызылтаң» мектебінде білім алдым. 1954 жылдан бастап ән салып, домбыра мен гармонда ойнай бастадым. Асабай ағам шебер домбырашы әрі әнші, термеші болатын. Майдандағы інілеріне өлеңмен хат жазатын. Алдымен жеңгелерінің амандығын айтып, бір желпінтіп алатын көрінеді. Майданға жазған мына бір өлеңі есімде қалыпты:

Ауа жайын сұрасаң,

Бойдақ балдар шауып жүр.

Жеңгем де келіндерімен,

Бірлі-жарым еркекті,

Иттей талап қауып жүр.

Қаншайым да сыйындым,

Қашан келеді ағаң деп,

Мазамды алып күйіп жүр.

– Менің өнер жолын таңдауыма осы Асабай Қарынбаев пен Тәшман Шекеров ағаларымның үлкен септігі тиді. 1959 жылдан бастап халық алдында ән салсам, 1968 жылдан бері терме айтатын болдым, – дейді Каналбай ағамыз ұстаздарына деген шексіз ризашылығын білдіріп. Міне, Каналбай Сейілбековтің өнердегі жолы осылай басталған-ды.

Білмегенін білсем деп, көрмегенін көрсем деп талпыну – талантқа тән табиғи құштарлық. Жастайынан ән мен термеге әуес Каналбай Сейілбекұлының өнер жолы несімен ерекшеленеді дегенде, оның халықтық туындыларды молынан жырлап, кеңінен таратудағы рөлі мен өзгені қайталамайтын орындаушылық шеберлігін айтар едік. Сондықтан әр шығарманы нәшіне келтіріп, шырайын жарқыратып жіберетін талантын байқаған сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің басшылары жас жігітті қызметке аттай қалап өздері шақырады. Талант иесі мәдениет үйінің автоклуб меңгерушісі болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Дала қостарында диқандарға, құм қойнауында малшыларға ән мен жырдан шашу шашқан әншінің өмір мектебі өнерге жаңадан келіп жатқан кейінгі жастар үшін өнеге боларлық. Қызылқұмдағы «Тамды», «Пірәлі», «Қалпақсай», «Жібекші» фермаларындағы отарларда болып, ән-термелерімен шопандар қауымының көңілін көтеріп, еңбекке деген ынтасын арттырып, Каналбай аға ауылға көтеріңкі көңілмен, шабытына шабыт қосып, қуанышты сезіммен оралатын. Аудандағы ірілі-ұсақты шаралардың қай-қайсысы да Каналбай ағасыз өткен емес. Жезтаңдай әнші үлкен сахнаға алғаш рет 19 жасында шығып, өнерпаздардың облыстық байқауында жүлделі орынды иеленіпті. Мұнан соң республикалық сайысқа жолдама алып, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен көркемөнерпаздардың республикалық сайысында бірінші жүлдені қанжығасына байлаған. Ал, 1963 жылы көркемөнерпаздардың облыстық байқауында Киров ауданының өнер ұжымы халық театры, халық оркестрі атақтарын жеңіп алды. Бұл айтуға жеңіл болғанмен, көп тер төгумен қол жеткізілген айрықша табыс еді. Осынау табыстың сырына үңілсеңіз, Каналбек Сейілбекұлының орасан зор еңбегін қайталап айтуымызға тура келеді. 1964 жылы Құрманбек Жандарбековтің жетекшілігімен аудандық халық театры Мәскеудегі Кремль сахнасында көрермендерге жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін ұсынды. Өңірлік театрлар тарихында бұл оқиға ұмытылмас ғибратқа айналды. Осы қойылымда Каналбай Сейілбекұлы Шегенің рөлін сомдады. Әлі күнге дейін ұлттық классикалық туындыда Шегенің ариясына айрықша маңыз беріледі. Оған кез келген әнші таңдалмайды. Дауыс диапазоны лайық жанға ғана сенім артылады. Соған орай оның Шеге рөліне таңдалуы өнер шеберіне көрсетілген сенімнің шынайы белгісі болатын. «Жастық» ән-би ансамблінің құрамында жүріп, Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінде өнер көрсетті. Осы сапар барысында Канекең «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын, халық әні «Он алты қызды» нәшіне келтіре орындап, ұжымның мерейі үстем болды. 1967 жылы Киров аудандық халық театры Самарқан қаласында өткен бүкілодақтық театрлар фестиваліне Б.Майлиннің «Жалбыр» қойылымымен қатысты. Осы туындыда өнерлі жан Қайрақбайдың бейнесін сомдап, Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өз білімін, кәсіби шеберлігін шыңдаған әнші 1973 жылы Ташкенттегі театр және өнер институтын театр және кино актері мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады. Мұнан соң Жетісай мәдени-ағарту техникумында сахна шеберлігі бойынша жастарға дәріс береді, саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласын дамытуға арнайды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Каналбай ағамыз тәрбиелеген өнерпаздар бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек атқарып жүр. Олардың ішінде танымал әнші-термешілерден Е.Алданов, М.Бекбаев, К.Айтбаев, Ө.Сұлтанмұратов, С.Қошқаров секілді өнерпаздар бар.

Бұл туралы өнердегі досы Бөрі Иса ағамыз былай дейді: «Мен Каналбайды 1963 жылы Шымкенттегі музыка училищесін бітіріп, Жетісай Мәдениет үйінің ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі болғаннан бері білемін. Сол уақытта Киров аудандық халық театры Кремльдегі Съездер Сарайына ойын қоюға жолдама алып, қызу дайындық үстінде екен. Мәскеуге апаратын қойылым – «Қыз Жібек» музыкалық пьесасы. Атауы айтып тұрғандай, музыкалық қойылым болғаннан кейін оны сүйемелдейтін оркестр болуы керек. Аудан басшылығы дереу аспаптарда ойнай алатын осы өңірдегі мұғалім, дәрігер, қатардағы жұмысшыларды алдыма жиып беріп, дайындықты бастап кеттік. Арасында Каналбайдан басқа небір шебер домбырашы, сырнайшы, қобызшылар бар. Не керек, театр Мәскеуде сәтті өнер көрсетіп, ауылға олжалы оралды. Каналбайдың өнердегі ірі жеңісі сонау Мәскеу қаласында қойылған «Қыз Жібек» пьесасындағы Шеге образы болса, мәдениетке сіңірген еңбегі одан да ауқымды».

Каналбай ағамыз тек актер ғана емес, әнші әрі композитор. Ол бүгінге дейін халық әндерін, халық ақындарының термелерін жұртшылыққа жеткізуде жемісті еңбек етіп келеді. Оның орындауындағы Майлықожаның, Құлыншақтың, Балқы Базардың, Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының, Нартай Бекежановтың, Кенен Әзірбаевтың, Құтбай Дүтбаевтың, Қайыпназар Әйтпеновтің, Нәмет Сүлейменовтің өсиет термелері жаңа бір қырынан көрініп, жүрекке жылы тиіп жатады. Сонымен қатар, Біржан, Ақан, Ақтан Керейұлы, бертіндегі Көпбай Омаров, Мұхтар Құралов, Мейірбек Бекбаев сияқты өнерпаздардың мұраларын насихаттауда көп еңбек сіңірді.

1989 жылы Ташкент шаһарында Қазақстан мен Өзбекстандағы қазақ ақындарының кезекті айтысы өтеді. Өкінішке қарай, Қазақстан ақындарының көшін бастап барған Көпбай Омаров аяқ астынан сырқаттанып, ауруханада көз жұмады. Артында жетімсіреп бір топ ақын қалады. Көпбайдың әруағына арнап кейінірек халық ақыны Әселхан Қалыбекова өлең жазады. Сол Әселхан апамыздың жазған өлеңіне айтыскер ақын Мұхтар Құралов ән шығарады. Осы әнді Каналбай ағамыз нақышына келтіріп орындайды.

Басында керуеннің Көпбай барды,

Көпбайды көрмегелі көпке айналды.

Көңілді қайта-қайта елеңдетіп,

Кісінеп көк өзекте көп тай қалды.

Мұңлы да сағынышты сарынмен айтылатын ән Каналбай ағамыздың әсем әуезімен шырқалғанда, талай жанарларға жас үйірілетін еді.

Ағамыздың отбасына келсек, жан жары Тұрғанкүл апамыз екеуі 9 ұл-қыз өсіріп, қырықтан аса немере сүйді. Перзенттерінің барлығы парасатты, іскер, өнерлі жандар.

Бір ғана кісінің бойына үш бірдей – әншілік, термешілік және жыршы-жыраулық өнердің тоғысуы сирек кездесетін жағдай. Каналбай Сейілбековтің өнерге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Әнші әр жылдары өзінің лайықты бағасын алып, халықтың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінде Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Одақтық деңгейдегі медальдары мен марапаттарын өнер иесінің сан жылдар бойы төккен терінің жемісі деп білеміз.

 

 

 

1 пікір

  • Есботаев   Жеңіс   Мықтыбек-ұлы
    Есботаев Жеңіс Мықтыбек-ұлы

    Сиясы жете қанық , жазылуы өте анық . Жиырма жылы кем бір ғасырлық ғұмырды , жүріп өткен машақаты - бейнеті көп ұзақ жолды , естір құлақпен - көрер көзге тамаша жеткізіп беріпсіздер . Каналбай ағамыздың өнердегі жолы , артынан ерген өнерлі іні - қарындастары мен ұрпағына , қараңғыда адасқан жанға Темірқазық жұлдызындай жол көрсететін үлгі болғай , Каналбай ағамыздың өнердегі жолы .

Пікір қалдырыңыз