Жеткіншекті «жаңа қазаққа» қалай жәбірлетпедік?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ел тәуелсіздігін алған алғашқы  жылдары «жаңа қазақтар» дегендер қаптап кетті. Шетінен тұмсықтары көк тірейді. Қабақтары қатулы, сәлемдері сатулы. Астарына мінгендері біз бұрын көрмеген керемет көліктер. Үстеріне кигендері де бөлектеу болды. Біз ертегілерден ғана оқитын зәулім үйлерге алғаш ие болғандар да солар. Бір таңырқатарлығы, олардың сөздерін кез келген адам түсіне бермейтін. Жұмбақтап сөйлейді ме, астарлап сөйлейді ме, ажыратып болмайсыз. «Е, «жаңа қазақтар» дейтіндер осындай болады екен ғой» деп оларға қызыға қараушы едік.

Сол күндері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына мақталы аудандардың бірінен шағым хат келіп түсті. Онда мен заң, білім, экология секторының меңгерушісі едім. Бас редактор Оразхан Жарқынбеков мені шақырып алып, хатпен таныстырды. Әлгі хатты оқып отырып, төбе шашым тік тұрды. Онда бұрын-соңды болмаған жағдай баяндалған екен. 
Бір «жаңа қазақ» он бір жасар баланы сотқа беріпті. Судья осы істі қарап, жеткіншекті балалар колониясына жібермек көрінеді. Әкесі байғұс шыр-шыр етеді. «Балам жазықсыз сотталғалы отыр. Араша түсіңіздер» дейді жанары жасаурап.
– Сен мына хатпен мұқият таныс. Сотқа арыз түсірген азаматпен сөйлес. Судьямен де кездесерсің. Арыз иесінің көршілерімен де тілдесерсің, – деді бас редактор.
«Жазған құлда шаршау бар ма?». Сол күні-ақ іссапарға шығып кеттім. Обалы не керек, аудандық сот судьясы жылы қарсы алды. Мәселе былай болатын.
Аудан орталығынан бірнеше жанар-жағармай құю бекетін салып тастаған «жаңа қазақтың» портфелінен күн сайын теңге ұрланады. Ол баласын қыспаққа алып, сұрастырып көрсе, көршілердің балалары оны оңашаға апарып, ұрып-соғып ақша талап етеді екен. Бала амалсыздан әкесінің портфелінен теңге алып, соларға апарып беретін көрінеді. Қысымның қатты болғаны соншалық, бала өз ортасына ақшасыз кіруден қалған. Мұндай бұзақыға тыйым салмай болмайды. Титтейінен мұндай болса, есейгенде нағыз қарақшыға айналмай ма?! Олар осы уақытқа дейін бір көліктің құнына жуық қаржының басына су құйыпты. Қорқытып-үркітіп алған теңгені орнына қойсын. Әйтпесе...
Міне, көріп отырсыз, жеткіншекке зіл батпан айып тағылып отыр. Расында, ол көршінің баласын қорқытып, үркітіп үйінен теңге ұрлатып, оны өз пайдасына жаратып отырса, бандиттерден айырмашылығы бар ма? Ал, «жаңа қазақтың» баласы одан екі-үш жас кіші екен. Демек, әлімжеттік көрсетіп жүрген ғой. Ал, көршінің «бұзық» баласы уысына оңай түскен теңгеге велосипед сатып алыпты. Демек, оның зорлықшыл екеніне дәйек те бар.
«Жаңа қазақ» шытынай шіреніп зорға тіл қатты. Қолын беруді қажет деп те таппады. Ұсынған қолым ауада қалықтап біраз тұрып, төмен түсті.
– Білмеймін, қайдан тапса, одан тапсын, ақшамды орнына қойсын, – деп гүр етті.
Бұдан әрі тұра берудің  де қисыны жоқ еді. Көршілерді жағаладық. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Саматжан (атын белгілі себеппен өзгертіп алып отырмыз) момын бала. Оның мұндай әлімжеттікке баруы мүмкін емес» дейді. Енді кімге барамын? Судьяға қайта айналып соқтым. «Балаларды беттестірейік» дедім. «Ол мүмкін емес. Полиция қызметкерлері оларды беттестірген. Самат теңге алғанын мойындаған. Оның үстіне арызданушы оңайлықпен алдымызға келетін адам емес» деді. Не істеу керек? Жас бала шырылдап сотталып кете бере ме? Саматты құтқарып қалатын бір амал жоқ па? Қолымда нақты айғағым жоқ, Саматтың зорлықшыл емес екенін қалай дәлелдеп мақала жазбақпын?  Әлде «Бала бандит» деген мақаланың нобайы көрініп тұр ма? 
Саматпен сөйлесіп отырмын. Мойынын ішіне тығып алған оның көзі мөлт-мөлт етеді. Бір нәрсе дейін десем, жылап жіберуге бар. Мынадай баладан зорлық шығады дегенге сенбейсіз.
– Самат, сен велосипед сатып алыпсың ғой. Ақшаны кім берді? Әкең бе? – деп сұрадым одан.
– Жоқ. Хамит берді, –  деп жауап қатты бала.
– Қалай бере салды? Қорқыттың ба?
– Жоқ. Ол менен басқа да балаларға үйінен ақша алып шығып береді. 
– Ендеше, сол достарыңның атын аташы.
Самат бірнеше баланың атын атады. Біз енді солармен жеке-жеке әңгімелесіп көруді жөн көрдік. Шынында Самат атаған балалардың бәрі де Хамиттің (белгілі себеппен аты өзгертілді) қамқорлығын көріпті.  Ол үйінде ақшаның көп екенін, әкесінің сол ақшаның есебіне де жете алмайтынын айтып, күн сайын бір қалта теңге алып шығады екен. Онысын достарына таратып береді. Япырау, Самат жалғыз болмады ғой. Оған «жаңа қазақтың» желімдей жабысып отырғаны қалай?
Біз енді дүкен иесімен сөйлесіп көрмек болдық. «Иә, Саматтың велосипед сатып алғаны рас. Қасында бір топ достары бар еді. Ішінде Хамит те болатын, – деді дүкен иесі.
Енді қалай да Хамитпен сөйлесу керек болатын. Оны екі күн дегенде жолықтырдық. Әкесі жұмысқа кетіпті.
– Әкем ұрған соң қорыққанымнан солай айтып едім.  Саматқа ғана емес, басқа да балаларға ақша бергенмін. Мен оларға ақша бергенді ұнатамын.  Әкем ақшаны көп табады. Күніне бір қап ақша әкеледі. Ал, достарымның әкелерінде ондай ақша жоқ. Оларға көмектескім келеді, –  дейді Хамит жомарт.
Япырай, әлгіндей әкеден мынадай қайырымды ұл туады екен-ау...Мен енді қаршадай қайырымды бала жайлы мақала жазғым келіп кетті. Соңғы сөзді судья айтады, әрине. Біз оған балалардан естігенімізді, өзіміздің ішкі түйсігімізді айтып кеттік. 
Мені Саматтың әкесі шығарып салды. Қоштасарда «Хамиттің әкесі үйімді сат деп көптен қолқалап жүр. Ол жерге дүкен салмақшы. Ал мен үйімді сатқым жоқ. Өзім он жыл дегенде әзер кірген баспанамды қалай сатамын? Оның үстіне көршілерге бауыр басып қалдым» деді. 
– Мұны неге бұрын айтпағансың? – деп сұрадым.
– Сіз сұрамаған соң...
Маған мәселенің түйіні белгілі болғандай.
Оразхан аға мақала жазу керектігін айтты. Ол тақырып қоюдың шебері еді. Қазір нақты есімде жоқ,  «Жаңа қазақ» жалашыл емес, жаңашыл болса игі еді»  дегенге саятын тақырып қойып, газеттің келесі нөміріне жариялады. 
Бір аптадан соң редакцияға сүйінші хабар келіп жетті. Хамит батыр барлық кінәні өз мойнына алыпты. Самат балалар колониясына кетпейтін болды. Иә, «Оңтүстік Қазақстан» жазықсыз  талай адамға араша түсті. Бұл бір мысалы ғана. Әлі де талайлардың талайлы тағдырына араша түсе бермек. 
Пікір қалдырыңыз