Республика прокуроры болған тұңғыш қазақ

 Сырлы да шерлі Сырдарияның орта ағысында орналасқан  елді мекен – Шардара қонысында 1912 жылғы қарашаның 15-інде дүниеге келген Асабай Мамытұлы  бес жасында әке-шешеден бірдей айырылып, тұл жетім қалады. Өңірде Кеңес өкіметі орнағанға дейін бала  Асабай Ұзын Ата–Тайпақтағы дәулетті кісі Арыстанбектің діни медресесінде оқып, тәрбиеленеді. Оқуды үздік оқып, араб тілін еркін меңгеріп шығады. Кеңес өкіметінің билігі нығайып, жер-жерлерде халықты сауаттандыру науқаны басталып, мектептер ашыла бастайды. Сондай мектептердің бірінде оқуын жалғастырған жасөспірім Асабай 1930 жылы жетіжылдық мектепті озат оқушылар санатында бітіріп, әрі қарай Шымкенттегі есепшілер курсында оқиды. Алдына үлкен мақсат қоя білген бозбала Асабай алған білімінің жеткіліксіздігін іштей бағамдап, сол замандағы әсем де шуақты қала Алматыға жол тартады. Туып-өскен ортаның қатал табиғаты қалыптастырған қайсар мінез, туа бітті бірбеткейлік мінезі, алға қойған мақсатқа жетпей қоймайтын өжеттігі мен еңбекқорлығының арқасында 1934 жылы Қазақ Орталық  атқару комитеті жанындағы Совет құрылысы институтының  заң бөліміне оқуға қабылданады. Аталған оқу орнын 1937 жылы үздіктер қатарында аяқтаған Асабай  Мамытұлы елдегі болған және болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайларға тиісті дәрежеде баға бере алатын деңгейге жетеді. Коммунистердің Қазақстанда қолдан ұйымдастырған ашаршылығы жүйелі түрде үш кезеңнен тұратындығынан хабардар болады. Бірінші кезеңде, 1917-1919 жылдары еліміздің оңтүстік өңірін жайлаған қолдан ұйымдастырылған аштықта 1 миллионнан астам қазақ аштан қырылған. Екінші кезең – 1921-1924 жылдары болған нәубетте қазақтың төрттен бірі аштықтан азап шекті. Үшінші кезең – 1931-1933 жылдары болған ең сұмдық аштықта халқымыздың тең жартысына жуығы қырылды. Миллиондаған халық босып, Қытай мен Өзбекстанға, Монғолия мен Ресейге және өзге де аймақтарға қоныс аударды. Қазақ байларын тәркілеу және олардың көздерін құрту саясаты сол кездегі тоталитарлық жүйенің басты мақсаты  болғандығын, сондай-ақ, «контрреволюциялық элемент» саналған байларды, діндарларды құртпайынша социалистік жаңа қоғам құру қиын деген теріс көзқарастағы принциппен таптық күресті қатаң іске асырған билік өкілдерінің іс-әрекеттері өрескел заңбұзушылық болғандығын  түсінді, іштей күйінді. Коммунистік билік орнатқан тоталитарлық жүйе қысымына тойтарыс беру тәсілдерін үнемі ойластырып жүру күнделікті дағдысына айнала бастады. 
1937-1939 жылдар аралығында Түлкібас аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметінде болып, одан соң Забайкалье әскери округінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. 
Бұл кез большевиктердің ұлттың ұлы құндылықтарына шабуылын күшейткен кез еді. Ең алдымен ұлттың келбетіне айналған көсемдерін құртты. Сосын сауатты, көзі ашық оқығандарын жұтты. Халқының әлеуметтік қорғаны болған бай-бағландарды атып, соттап, дүние-мүлкін кәмпескеледі. Зұлмат қырғын жасап, халықты қырып, ұжымдастыру саясатын жүргізді. Ең сорақысы – халықтың рухани тірегі болған дін қайраткерлерін жойды. Мешіттер большевиктердің кеңсесіне айналды, құдайсыз қоғам орнады. Осы келеңсіз жәйттің бәрі Асабай Мамытұлының жүрегін сыздататын. 
Асабай Мамытұлы 1939 жылдың ақпан айынан 1942 жылдың сәуір айына дейін Алматы облыстық сотының мүшесі, сол жылдың қыркүйегінен аталған соттың төрағасы  қызметін атқарды. Осы кезеңде өз құзыреті шеңберінде заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін әділетті шешімдер шығаруға барынша күш-қайратын жұмсады, кеңестік жүйенің жоғары билік тұтқасында отырған лауазым иелерінің әртүрлі сипаттағы қысымдарына білімі мен біліктілігін қарсы қойып, әділетсіздікпен аяусыз күресіп, қоғамдағы заңдылықты сақтауға үлкен үлес қосты. Асабай  Мамытұлы 1942 жылдың сәуірінде Алматы облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жіберіледі. 1943 жылдың наурыз айында Қазақ КСР прокуроры лауазымына тағайындалады. Ол орда бұзар отыз жасында-ақ генерал шенін алып, республика прокуроры болған тұңғыш қазақ, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан 33 жастағы бірінші генерал-лейтенант. Бұл кез Кеңестер Одағы мен фашистік Германия арасындағы кескілескен, қиян-кескі соғыстың жүріп жатқан уақыты. Ел билігі Қазақстан  Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.И.Скворцовтың қолында болатын. Ол И.В.Сталиннің ұйғаруымен ұлттық республикалар басшылығына жіберілетін  кадрлардың бірі, Кремльдің көзі-құлағы және Орталыққа шоғырландырылған биліктің қолшоқпары болатын. Н.И.Скворцовтың билігі кезінде Қазақстанды  кеңестендіру одан әрі күшейді. Соғыс басталысымен республикаға қуғынға ұшыраған тұтас ұлттар депортацияланды. Соғыс кезінде ел аумағында билік тұтқасын ұстап отырған лауазымды тұлғалардың қызмет бабын пайдаланып, өрескел заң бұзушылықтарға бару әрекеттеріне және жалпы ұрлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілді. Осындай елдегі орын алған қиын кезеңде республика прокуроры Асабай Мамытұлы ел аумағындағы заңдылықтың кепілі болып отырған жауапты тұлға ретінде прокуратура қызметкерлерінің барлық күш-жігерін сол кездегі ең басты өзекті мәселе – тылдағы заңдылық пен құқық тәртібінің қатаң орындалуын қадағалауға жұмылдыра білді. Уақытпен санаспай  атқарған еңбегі жеміссіз  де емес еді. Қалай болғанда да қоғамда қалыптасқан әділетсіздікпен аяусыз күресіп, алмағайып аласапыран кезде елдегі заңдылықты  қалыпты жағдайда ұстап отыруға үлкен үлес қосты. Асқан әділеттілікті талап ететін, сол үшін батыл әрекеттерге барған өжет прокурордың іс-әрекеттері, ұстанымдары республика коммунистерінің жетекшісі Н.И.Скворцовқа мүлде ұнамайды. Ел аумағындағы  заңдылықтың сақталуына ерекше мән беріп, өз құзыреті шеңберінде тиісті деңгейде жұмыс атқарып отырған Асабай  Мамытұлы жөнінде теріс ақпараттар легі Кремль қожайыны И.В.Сталинге дейін жеткізіліп отырғандығы даусыз. Сол бір қиын-қыстау кезде республика прокуратурасын басқарудағы қиындықтар, қызыл коммунистердің Мәскеу тарапынан жасалатын қитұрқы қысымшылықтары отыздан енді ғана асқан Асабай Мамытұлына аса үлкен сын болғанға ұқсайды. 
Әділетсіздікпен тайсалмай күрескендігін басты кінә етіп тағатын болса, онда тіптен де өкінбейтіндігі туралы іштей шешім қабылдады, тағдырына жазылған тауқыметті көруге бел буды. Қандай мақсатты көздегені белгісіз, И.В.Сталин 1945 жылы мамыр айында 1938 жылдан бері Қазақстан Компартиясының жетекшілігін тізгіндеп келе жатқан Н.А.Скворцов пен Қазақ КСР прокуроры А.Мамытұлын қызметтерінен аластатып, араларындағы текетіресті «бейбіт жолмен және өте әділетті» шешкен болды. Бұрынғы партия жетекшісін Мәскеуге алып кетіп, ал, бұрынғы прокурорды елдің Жоғарғы соты төрағасының орынбасары қызметіне ауыстыруға шешім қабылдайды. 
Асабай Мамытұлы өзінің бойындағы талантын, қажыр-қайратын, күш-жігерін сүйікті елі үшін сарп етті. Қоғамдағы қандай да бір түйткілді мәселеге өз тарапынан үн қосып, ақиқаттың жолынан адаспады. 1950 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Әділет министрлігі Бүкілодақтық заң ғылымдары институты ғылыми кеңесінің отырысында «Ұлттық және діни араздық туғызғаны үшін қылмыстық жауапкершілік» тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Ол 1954 жылы Ташкентте, 1955 жылы Киевте өткен Бүкілодақтық ғылыми конференцияларда одақтас республикалардың Қылмыстық кодексі жобаларын талқылауға қатысып, пікірлері мен ұсыныстары үлкен қолдауға ие болады. 
Асабай Мамытұлы 1956 жылы ғылыми-педагогикалық жұмысқа жіберіледі. Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің 1956-1970 жылдары аға оқытушысы, доценті, 1970 жылдан аталған факультеттің қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі қызметіне жоғарылатылады. 1965 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде А.Мамытұлы заң ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшін «Қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, оның пайдалы және зиянды жақтарының ара-қатынастары туралы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Бұл ғылыми тақырып ол кезде күн тәртібінде өте өзекті мәселе болатын. Сондықтан да КСРО-ны мекендейтін көп ұлтты халықтардың әдет-ғұрып құқықтарындағы пайдалы немесе пайдасыз салттардың ара-жігін ашып көрсеткен тұңғыш құнды зерттеу деп бағаланды. Заң ғылымдарының докторы А.Мамытұлы 1972 жылы профессор ғылыми атағын иеленеді, ол жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде  «Советтік қылмыстық право» оқулығын (1971) жазған тұңғыш ғалым. Профессор А.Мамытұлы Қазақ КСР Қылмыстық кодексін қазақ және орыс тілдерінде баспаға дайындауға белсене қатысады, сол еңбегі жоғары бағаланып ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталады. 
А.Мамытұлы бірнеше жылдар бойы көптеген ғалым-заңгерлерді, жоғары білікті заң қызметкерлерін даярлауға атсалысты. Еліміздің белгілі ғалымдары – заң ғылымдарының докторлары С.Зиманов, Г.Поленов,  С.Сартаев, В.Маркелов, Ғ.Сапарғалиев, Е.Қайыржанов, Қ.Бегалиев А.Мамытұлының пікірлес серіктері, сыйлас әріптестері болды. Заң саласының танымал тұлғасы ретінде Асабай Мамытұлы республика Жоғарғы Кеңесі Президиумы кеңесшісі де болып еңбек етіп, Жоғарғы сот пленумдары қаулыларының жобаларын дайындауға атсалысып отырды. 
А.Мамытұлы өмірдегі шын бақытын еліне, халқына үздіксіз  адал еңбек етуден тапқан тұлға. Осындай халқының адал ұлы бола білген, жолбарыс жүректі азамат деген атқа лайықты жанды көріп, жүздесу нәсібі бұйырғанына өзімді бақытты сезінемін. Бұл жағдай 1976-1981 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің күндізгі бөлімінде оқыған кезде болған. Ұстазымызбен студенттік  аудиторияда жүздестік, келбеті сұсты болғанымен дәріс оқу тәсілі ерекше екен. Ол қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу пәндерінен дәріс оқығанда прокуратура, сот саласындағы жинақтаған көп жылғы тәжірибелерімен салыстыра отырып айтып, студенттерді таңдаған мамандықтарына терең бойлауға ынталандырып қызықтыра түседі екен. Студенттер қауымы профессор А.Мамытұлын аса құрметтеп сыйлайтын және ол кісінің  дәрістерін  мүмкіндігінше жіберіп алмауға тырысатын. 1980 жылы жазғы семестрден кейін 5-курсқа өткенде маған дипломдық жұмыстың жетекшісі болып сол кісі бекітілді. Аса беделді ұстазымның жетекшілігімен дипломдық жұмысым тиісті дәрежеде дайындалып, ең жоғары бағаға қорғау бақытына ие болдым. Жаратылысынан сабырлы, салмақты, асыра мақтау, мадақтауды ұнатпайтын ұстаз өмірдегі өзі жеткен биік жетістіктері туралы айта бермейтін, сөзінен даналық есетін, өзінен даралық байқалатын. 
1993 жылғы маусым айының басында ғибратты ғұмыр кешкен, заң ғылымдарының докторы Асабай  Мамытұлы  дүниеден озды. Соңғы демі таусылғанша жүрегі елім деп соғып, халқының болашағын ойлап өткен, жолбарыс жүректі  асыл азамат бақилық болды. Отызында орда бұзып, қырқында қыр аса білген Түркістанның оғланы тағдырындағы қым-қиғаш, аласапыран ғұмырдың сан түрлі сынақтарынан  сүрінбей өтіп, ұлағатты да ғибратты өмір сүре білді. Жүздеген білімді шәкірт тәрбиелеп, артында мәңгі өшпес із қалдырды. Ұлы ұстазға үлкен құрмет көрсетіліп Кеңсай зиратына жерленді. Ғибратты ғұмыр кешкен, артында өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, көрнекті мемлекет қайраткері Асабай Мамытұлының атын мәңгі есте қалдыру мақсатында, өзінің туып-өскен өңірінің орталығы, бүгінде жаңарған, жасарған Түркістан қаласының бір көшесіне атын беріп, ескерткіш орнатса нұр үстіне нұр болар еді.                                                                 

Досбол  АНЕФИЯЕВ, 
құқықтанушы-заңгер, еңбек  ардагері. 
Пікір қалдырыңыз