«Жалалы дүниелерді баспауға тырыстым»

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – Алаш мұратына адал ұрпақтың перзенттік парызы. Қалай дегенде де Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси репрессия құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығы отандық тарих ғылымына үлкен жауапкершілік жүктеп тұрған қазіргі шақта қаралы тарихымыздың қатпарлы тұстары түгел ақтарылуы тиіс-ақ. Өйткені, ұлтты нар тұлғаларынан айырған бұл нәубеттің салдары ауыр болғаны бүгінде ашық айтылуда. Шындығында өзге одақтас республикалардың бірде-бір байырғы халқы тап қазақтай апатқа ұшырап, тап қазақтай теперіш көрген жоқ. Ал, біз сол кезеңде текті тұлғаларымыздан түгелге жуық көз жазып қалдық. 
Мәселен, сол жиырмасыншы ғасырдың басындағы 6 млн. қазақтан 1939 жылы тарихи отанында 2,3 миллионы ғана қалып, 1926 жылғы санақта бізден әлдеқайда аз болған өзбектер 4,8 миллионға жетіпті. Яғни «жаптым жала, жақтым күйемен» жампоздарымызды нақақ күйдірген жандайшаптардың жымысқы әрекеті, бірін-бірі ұстап берген кейбіреулердің ұсақтығы, «халық жауларының» көзін жою туралы жасырын жарлықтар мұрағаттардағы құпия құжаттарда сайрап тұр. Бұл тұлғатану мәселесіне келгенде ой елегінен өткізер мәселенің аз еместігін көрсетеді. Басқасын айтпағанда, бір ғана Түркістан өлкесінің өзінде өмірі ғибратқа толы, рухани мұрасы әлі де толық зерделенбеген тұлғалар баршылық. Жүсіпбек Арыстанов та солардың санатындағы жампоз.
1904 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы, Қара-өзек теміржол стансасы маңында дүние есігін ашқан қаламгер 1918-1920 жылдардың бедерінде алдымен Қызылордадағы, кейіннен Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Сырдария облыстық кеңес, партия мектептерінде білім алып, 1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетін бітірген алғыр Арыстанов Алаш зиялысы Төреқұлдың Нәзірінің назарына ілігіп, ұлт тұлғасының ұсынысымен осы оқып жүрген кезінің өзінде-ақ КСРО халықтары Орталық баспасының қазақ секциясында қызмет етеді. «Жас қайраттағы» жалынды жырлары алға қарай жетелеген Жүсіпбек «Ақ жол» газетіне қызметке келгенде ысылып қалған жас еді. Өндіре жазды. Ақиқатты да айыптының өңменінен өткізе айтты. Одан бөлек, Жүсіпбек Арыстановтың «Еңбекші қазақты» ел газеті етуге де сүбелі үлес қосқанын білеміз. Дегенмен, Шымкент қаласындағы губерниялық «Ақ жол» газеті редакторының орынбасары, Алматы қаласындағы губерниялық кеңес-партия мектебінің директоры болып істеп, Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетінде ұстаздық еткен, баспагерлікті де басыбүтін тастамаған тұлғаның біз білмейтін қырлары көп-ақ. 
Мұрағат құжаттарында оның 1929 жылы Алматыдағы педтехникум директоры, Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми қызметкер болғандығы да атап көрсетіліпті. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы В.Лазеревтің қолы қойылған 1934 жылға тиесілі құжатта өңір басшылығының Арыстановтың адал қызметін оң бағалап, обком мүшелігіне қабылданғаны жайында жазылыпты. Ал, Жүсіпбектің жеке карточкасында оның обкомға кандидат болғанға дейінгі қызмет баспалдағымен жүріп өткен жолдары толық көрсетілген. Яғни жоғарыдағы өмір белестерінен бөлек ол шаруашылық жұмыстарына да белсене араласып, 1933 жылы Әулиеата өңіріндегі «Майтөбе» ұжымшарында саяси бөлім басшысы қызметін де абыроймен атқарған екен. 
Жүсіпбек Арыстанов 1937-1938 жылдары «Социалды Қазақстан» газетінде жауапты редактор бола жүріп жазалы болады. Тек 17 жыл өткен соң ғана елге оралып, «Қазақстан» баспасында зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеген Жүсіпбек Арыстановтың қаламынан туған туындылар аз емес. Кезінде көптеген орден-медальдармен марапатталып, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет және қоғам қайраткері» атағы берілген Арыстановтың «Жалынды жүрек», «Сұңқар да жерді мекендейді», «Таң жұлдызы», «Естен кетпес есімдер», т.б. кітаптары оқырмандарға жақсы таныс. Ол тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, 1993 жылы дүниеден озды. 
Жалпы, Жүсіпбек Арыстанов шығармашылығын сөз еткенде біз оның «Ақ жолдағы» журналистік қызметін айтпай кете алмаймыз. Бұл басылымда кезінде оның «Флот», «Бұлақ», «Құтты болсын тойыңыз!», т.б. өлеңдері мен «Мәскеуде сауық кеші», «20 жылдық мүшеліне даяр болыңдар!», т.б. көптеген ақпараттық материалдары, мақалалары жарық көрді. Ал, «Баспасөз бен тілші» атты көлемді мақаласы газеттің бірнеше санына жарияланыпты. Әрине, мақала сол кезеңде жазылғандықтан, Қазан төңкерісінің қазақ газеттеріне де жаңа «леп» әкелгенін қуана жеткізген қаламгер тап тартысы мәселесіне тереңдей бойлайды. Десе де, автордың «Баспасөзге бостандық дегенді байлар өзінше түсінеді. Кімнің ақшасы көп, дәулеті мол болса, баспасөзді, жазушыны сатып алуға әркімнің-ақ еркі бар деп түсінеді» дегені біраз ойларға жетелейді. Баспасөзді, жазушыны сатып алғысы келетіндер қазір де  табылады емес пе?! Сондай-ақ, автор баспасөздің бұқараның мұңын жеткізетін басты тетікке айналып, төртінші билік ретінде төрден орын алуы үшін ең алдымен тілшіні түзеу керектігін баса айтады да: 
«...Баспасөз, газет қай уақытта болса да тілшісіз жасап, өмір сүруі мүмкін емес.
Газеттің жаны – күнделікті жаңалық, жақсылы-жаман уақиға, мұны сөйлейтін тіл. Сезетін сезім. Бұл тілші болмақ.
Әсіресе, біздің қазақ тұрмысында ауыл тілшілері үлкен тарихи орын алады. 
Қазіргі кездегі партияның ұраны – ауылға бетті бұру, ауылдың зарын, ауыл кедейлерінің жоғын жоқтау. Соларды демеп, шаруаларын көтеру» дейді. 
Ал, «Ақ жолдың» 1925 жылғы 11 тамызда шыққан №585 санында Жүсіпбек Арыстанов алдыңғы мақалада тарқата айтылған мәселеге одан әрі тереңдей бойлап, «Тілші деген кім? Ол қандай болуы керек?» деген сауалдарға жауап іздейді. Автордың пайымына сайсақ, ауылда болсын, қалада болсын, қалам ұстаған ағайын ең алдымен жұрттың жоғын жоғарыға жеткізетін жалғыз жанашырына айналып, ел қуанса бірге шаттанып, жұрт күйінсе бірге жабырқап, елмен етене араласумен бірге, не жазса да уақытын өткізбей, жаңалық атаулыны суытып алмай, оқырманға дер шағында жеткізгені жөн болады екен. 
«Баспасөз бен тілші» мақаласының жалғасы газеттің 28 тамыздағы тағы бір нөмірінде жарыққа шығып, жазушының әдіпті әңгімесі «Қалай жазу керек?» деген сұрақтың төңірегінде өрбиді. 
Автордың айтуынша, ақиқатты сүйетін ардақты тілші болу тіпті қиын шаруа. Ең алдымен «Жазылатын мақала кім үшін? Жалпы жұрт, қоғам үшін бе? Жоқ, жеке біреудің жалмауыз мүддесі үшін бе?» деп оқырманның ой тастауын күткен қаламгер ұсақ қаламгерді ұлт қаламгерінен айыруда олардың жазған-сызған азды-көпті дүниелеріне байыппен үңілу керектігін ескерте кетеді. 
Арыстанов «Ақ жолдың» таралымын арттыруға да белсене араласты. Одан бөлек «Кеңес сайлауына даярлану керек» атты мақаласында өзекті мәселені бүге-шігесіне дейін талдап-таразылап берсе, «Октябрь және баспасөз» деген жарияланымында 1923 жылы барлық Кеңестер Одағында 517 газет шықса, соңғы екі жылда олардың саны 595-ке жеткенін, Қазақстанның өзінде газет, журнал шығармайтын губерния жоқ екендігін мақтанышпен жеткізген қаламгер өзі басқаратын «Ақ жолдың» 250 тілшісі барлығын да көңіл тоғайта отырып, атап көрсетеді.
«Ақ жолда» ауыл қамын ойлап, «Социалды Қазақстанда» қазаққа бүйрегі бұрып тұрған Арыстановтың да басынан ауыр күндер өткен. Қалам ұстаған кешегі әріптестерінің бірі «жауға», бірі «жапон тыңшысына» айналып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырап жатқан алмағайып шақта өзіне де тықыр таянғанын сезіп, «Социалды Қазақстанның» да бұл нәубеттен шет қалмағанын ол былайша еске алады. 
«...Маған дейін Ілияс Қабылов, Өтебай Тұрманжанов, Сұлтан Лепесов қамалған. Олар жан достарым еді. Менің қызмет орным желдің өтіндей жер-тін. «Халық жауларын» әшкерелеушілер көбейіп кетті. Газет қызметкерлерінің сәл кемшілігін жіпке тізетін әдет пайда болды. Материал бассаң – нақақтан кісі күйеді. «Неге бастым?» деп жаның күйзеледі. Мақала баспайын десең, неше түрлі әңгіме туады. «Қамалғандармен ауыз жаласқан» дейтін болды. Екі оттың ортасында жүріп жаттым. Жалалы материалдар жақсы адамдар жайында. Жаным ашиды. Ондай дүниелерді баспауға тырыстым. Белсенді бәлеқорлардың тегеуріні шыдатпай барады. Енді материалдың бірін басып, бірін тығып қоятын болдым». Осылайша аға газетте қызметте жүріп, қазағын жамандыққа қимаған Жүсіпбек аға араға бір жыл салып өзі де қамауға алынып, қасірет шегеді. 
Жүсіпбек Арыстанов ол тұста Алматы қаласындағы Лагерьная көшесіндегі №44 үйде тұрған екен. «Тройцкийшілдермен, оңшылдармен байланысты болды. Ұлтшыл-фашистік ұйымның белсенді мүшесі екен», т.б. сияқты жар астынан жау іздеген жалақорлардың көрсетуімен тұтқындалып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 8, 11-тармақтары бойынша 1938 жылдың 11 тамызында істі болады. Ұзақ жылдар бойы айдауда жүріп, 1955 жылдың 10 маусымында Л.Брежневке жазған хатында ол былай депті: 
«...Мен Арыстанов Жүсіпбек отан жауларының арандатушылығының құрбанымын. Ішкі түрмеде екі жыл отырып, зорлық-зомбылық пен азаптың неше атасын көрдім. 
Менің «ісім» ұрып-соғумен басталды. 1938 жылдың 11 тамызында тұтқындалысыммен тұп-тура аға тергеушінің кабинетіне әкелді, ол болса маған ешқандай айып тақпай бірден ұрсып, боқтай бастады, айғайлады: «Арыстанов, сен фашиссің, сатқынсың, соны мойындап түсінік жаз, әйтпесе – атыласың!» деді. 
Тепкі-теперіш пен машақатқа шыдап бақтым, болмаған нәрсені қалай мойындайын! Сосын тергеу басқа әдіске көшті: тамыздың 11-і мен 16-сы аралығында дәм-су татырмады, демалыс бермеді, ұйықтатпады, қолымды төмен түсіріп, тік отырғызып қойды. Сұрақшылар кезек-кезек күзетіп, ұрсып: «Сен фашиссің, ұлтшылсың, соны мойында!» деумен болды. 
Қол-аяғым, денем ісіп кетті, ұйқылы- ояу жағдайда орындықтан қисая бастасам, бүйірімнен не ішімнен ұра бастайды. Ес-түссіз құлап едім, үстіме суық су құйды, дәм татуға зауқым соқпады. Қалай келгенімді білмеймін. Бес тәуліктей ұйықтамағаныма қарамастан, шамасы бір-екі сағаттан кейін күзетшілердің айқай-шумен тепкілеп оятқаны есімде. «Күндіз ұйықтауға болмайды» дейді. Жан-жағыма қарасам, жанымда бұрынырақ ұсталған ЦК-ның бөлім меңгерушісінің орынбасары, әріптесім Д.Сидоров отыр. Ол әділдік іздеп, жалған жаланы мойындамағандықтан бұрынғы совхоз наркомы Дүйсеновтің ешқандай сотсыз Катков пен Оспановтың тепкісінен мерт болғанын айтып, жылап жіберді. 
Содан соң 17 ай бойы жеке камерада, оның ішінде біраз үзіліспен екі айдай карцерде отырдым. Катков үш рет армансыз ұрды, оның біріншісі Павловқа жауапқа барғаннан кейін. «Сен, Арыстанов, егер алдағы уақытта осылай қасарыса берсең, теріңді бірнеше мәрте сыпыртамын» деді Павлов. Оспановтан да көп таяқ жедім. Тәулігіне үш, төрт сағаттан артық ұйықтауға рұқсат бермейтін. Ұрып-соғудан, моральдық қорлықтан, ашу-ызадан жүйкем жұқарып, есімнен жаңылған кезім болды. Үстіме мұздай суық су құйғандықтан ауырып, тұмауға шалдықтым, басыма, желкеме шиқан қаптап кетті. Менің осындай жай-күйімді пайдаланып, Катков пен Оспанов ақыры айтқанын істетті: олардың ойдан шығарған қылмысы қағазға түсіп, қол қойылды. Сөйтіп, қолдан жасалған құжат негізінде, тоғыз адамға, оның ішінде маған іс қозғалып, бәріміз сотталып кете бардық...». Яғни соқтықпалы-соқпақты өмір жолында талай сынақты бастан кешіріп, қиянаттан жүрегі қан жыласа да жасымаған Жүсіпбек Арыстановтың азаттық таңын көріп, тоқсаннан аса бере тәркі дүниесін тастап кеткенін көзіқарақты оқырман білетін болар. Олай болса, «Ақ жолдың» Арыстановы жайлы арнайы зерттеу жүргізу де алдағы күннің еншісіндегі іс. Түйіндей айтқанда, түркістандық тұлғаларды тану үдерісі еш тоқтамауы тиіс. 

Ғалым ҚАСЫМХАН, 
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің Жоғары оқу орнына дейінгі 
айындық орталығының аға оқытушысы.

Пікір қалдырыңыз