Халқына қамсау болған Қайназар би

Мен Қоқан хандығы билігінің соңы мен орыс отарлаушылары билік құра бастаған уақыт аралығында өмір сүрген Қайназар бидің тікелей немересімін. Әкем – Қайназаров Алпай. Қайназар бабамыздың алты баласы болған. Балалары Оразбек, Жолымбек, Жолшы, Алпай кейінгі алған әйелінен. Ал, Толымбек, Балқыбек бұрынғы жұбайынан екен. Бәйбішесі қайтыс болған соң біздің Рысжан әжемізді алған. Алғашқы балалары сері болып өссе керек.

Толымбек атбегі, атақты шабандоз болыпты. Ал, Балқыбек өнерлі, жаңалыққа жаны құмар, аңшы, өнері асқан етікші екен. Ұлты орыс тамырларымен етене араласып, бау-бақша өсіруге де құмартқан. Бағбандықты солардан үйреніп, түрлі тал-дарақтар еккен. Ол кісінің еккен жеміс ағаштарынан біздің уақытымызға да жеткендері бар. Бала күнімізде ауылымызда Балқыбек атаның бауынан басқа бірде-бір жеміс ағашы жоқ еді.

Ол кісі орыстармен жақсы қарым-қатынаста болып, өнер үйреніпті. Атап айтқанда, өзіне, отбасы мүшелеріне, басқа да қимас жандарға сәнді етіктер тіккізеді екен. «Етіктерді қоңыраулатып тігетін еді» дейді көз- көргендер. Толымбек жігіт ағасы шағында қайтыс болыпты.

Рысжан әжеміз ең кіші баласы Алпайдың (менің әкем) қолында болды. Мен әжемнің бауырында өстім. Ол кезде би бабамның тарихын еміс-еміс естігенім болмаса, суыртпақтап ештеңе сұрамайтынмын. Өйткені, коммунистік партияның қылышынан қаны тамып тұрған заман. Би-болыстарды, байларды жеккөрінішті етіп тастаған. Анда-санда әжемнің айтып отыратын әңгімелерін құлағым шалып қалады. Дұшпандары бабамның үзеңгісіне у жағып өлтіріпті. Не үшін соншалықты жауыздық жасағанына ол кезде ақылым жетпейді. Шамасы жер дауы болса керек. Әжем жарықтық ылғи айтып отыратын: «Қазақтарда жер жоқ. Бір жағынан орыстар алып қойса, екінші жағынан қоқандықтар тыныштық бермейді. Ауылдан береке кетті. Елдің тоз-тозы шықты, әйтеуір табылған жерді паналап, қаңғырып кетті. Көксәйектегі ағайындар тауға көшіп, сол жақты сағалаған. Бір ағайындар Әулиеатаға босып кетті. Қоқан заманында айыпты болып, жазалаудың ауыр түрі қазыққа отырғызылатын болғандықтан бәрі қорқып, тым-тырақай қашқан. Міне, осы дүрбелең-зобалаңды тоқтатпақ болып, Қайназар баба атқа қонады. Әрине, қашып-пысып жүрген елді орналастыру да оңай емес. Орыстардың отаршылдық саясатының өршіп тұрған кезі ғой. Әжеміздің өзінен төрт бала өрбісе, әкем Алпай Қайназар атам қайтыс болғанда іште қалған екен. Әр баласының арасы екі жастан болса, ең үлкені алтыға келеді. Ал, аралары үш жастан деп есептесек, онда тоғыз жаста болады. Менің әкем Алпай 1898 жылғы болып жазылатын. Бабам Қайназар бидің елді қалайша қатарға қосып, жинамақ болғанын мына жағдайға байланысты шамалауға болады.

Уезд бастығы – Шымкентте. Отарлаушы Ресейдің генералы оңтүстік өлкені бағындырып келе жатады. Сол бағындырушы топтың құрамында Шоқан Уәлиханов та бірге болғаны тарихтан белгілі. Черняев отряды жолында кездескен қазақ ауылдарын зеңбірекпен атқылап, ойрандап-талқандағанына шыдай алмай, Шоқан наразы болып, кері кетіп қалады. Сол кеткеннен Ташкентке дейін барады. Ташкентке кіре берісті соңғы кезге дейін Черняев деп атап келдік. Кейін өзгертіп, Полторацкий дедік. Біз 1953-1955 жылдары Шымкенттегі мұғалімдер институтында оқып жүргенде қазіргі қырғы базардың үстіңгі жағында Черняевтің ескерткіші тұратын. Ол кезде Ресейдің әрбір отарлаушысын тәбәрік санайтын заман еді ғой. Кейін сол ескерткіш жоқ болды.

Шымкенттегі уезд бастығы жазғы шілдеде Сайрамсу өзенінің бас жағына демалуға шыққан екен. Орталық жолда аялдайтын, демалатын үй Қайназар бабаның үйі болған. Қасында кімдер барын, қанша адам болатынын әжем білетін еді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, қорыққанымыздан болса керек, ол жағын тәптіштеп сұрамаппыз. Әжем айтып отыратын, бұрынғылар «уезді» «ояз» дейді екен. Ояз қайтар жолында тағы бір күн бабамның үйінде қона жатып, демалып кететін көрінеді. Осылайша бабамыз уезд бастығымен достасыпты. Елінің тоз-тозы шығып отырғанын жұқалап айтып жеткізе білген.

Ояз басшысына жағдайды айтып, елге жерін алып беріп, ел еткісі келетінін білдіруі дипломатияның жарқын көрінісі еді. Келісілген жағдайға байланысты Қайназар би қасында бір туысқанымен жер мәселесін түбегейлі шешу үшін оязға барады. Оған кірген заматта ояз: «Қайназар, неменеге келдің?» депті. Бабам: «Әнеукүнгі жер мәселесінің оңтайлы шешілуіне жақын қалып еді ғой. Соны бітіруге келдім» депті. Ояз басшысы, ол кездегі орыстар қазақшаны жақсы біледі: «Ой, жері құрысын, балаларың жас еді, тез үйіңе жет!» деп жанашырлық танытыпты. Ол орыстың көзі ашық қой, бір жамандықты сезген. Сөйтсе, Қайназар бабамыздың реңі сап-сары болып кеткен екен. Үзеңгіге біреудің у жаққанын біледі. Қайтып келе жатып, үйге бір шақырымдай қалғанда, кішкене каналдың маңындағы төбеде көз жұмады. Бұл тамыз айы болса керек. Мәйітті табытқа салып, әкетіп бара жатқанда ел ішіндегі біреулер: «Е-е-е, Қайназарды әкетіп бара жатыр ғой!» деп мәз болыпты. Айтыс-тартыс заманы ғой. Бабамыздың өлгеніне қуанған адамдар да болған шығар. Қайназар Қарамұрттағы Жаныс баба қорымына жерленген. Сөйтіп, әжеміз Рысжан 25 жасында жесір қалыпты. Бұрынғы әйелден екеу, өзінен төртеу, барлығы алты бала жетім қалған.

Қазақстан елді мекенінде «Терең сай» деген жер әлі бар. Бабам тұрғындарды отырықшы қылып, егіншілікке үйрету үшін соның маңынан ирелеңдеген арық қаздырған. Соңғы уақытқа дейін ол «Қайназар арық» деп аталды. Жұрт соның жанынан шөп шауып алатын. Алайда, астық өндірудің стратегиялық маңызы бар екенін алға тартып, шолақ белсенділер сол арықты тегістеп, егістік алқаптар айналымына қосып жіберді.

Қайназар би қайтыс болған соң қайнылары әмеңгерлік жолмен аламыз деп оның әйеліне таласыпты. Сонда әжеміз біреуіне бір биесін, басқасына мүлкін беріп, бәрінен құтылған екен. Қайындарының ешқайсысына қосылмай, балаларын өзі жеткізіпті.

Би өмірден өткен соң барымташылар елдің малын ұрлап, тыныштық бермеген. Қайназар бабам көзінің тірісінде көрші өзбек ауылының жақсыларымен де сыйласқан. Қарамұрт ауылының сол кездегі әкімімен дос болыпты. Әкім Хусниддин деген сенімді адамына тапсырып, сол арқылы жоғалған жылқыларын таптырып алады. Хусниддинмен бидің балалары да айнымас дос болды. Хусниддиннің ұрпағымен осы күнге дейін араласып тұрамыз.

Көп ұзамай Қайназардың балалары жетіліп, ел қатарына қосылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бабамның бұрынғы әйелінен туған Толымбек деген баласы көппен араласатын жігіт екен, бірақ қайтыс болып кетеді. Інісі Балқыбек елге беделі бар, орыстар тақ тұратын сері жігіт болыпты. Бірақ, одан ұрпақ қалмады. Қызы мен ұлы да көз жұмды. Ақкөңіл, сауық-сайранға, ду-думанға құмар Тұрта деген баласы Ұлы Отан соғысы кезінде әскерге алынады. Оның қатты науқас екеніне қарамай, қыстың қақаған аязында шанаға салып алып кетіпті. Менің өз шешемнің айтуынша, соңғы рет үйге: «Челябинск қаласындамыз. Күн қатты суық...» деп жазған хаты келіпті. Содан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Үйінде жалғыз кемпір аңырап қалған. Кейуана қорасында азын-аулақ мал ұстап күнелтеді екен. Мұсылмандықтың, адамгершіліктің кетпеген уағы ғой. Қайындары Оразбек, Жолымбек, Жолшы, менің әкем Ордабек (жеңгелері елпеңдеген ақкөңілдігіне қарай Алпай деп атап кеткен) өзара ойласып, Оразбек атамыздың ортаншы баласын сол әженің қолына берген. Әжеміз ол баланы үйлендіріп, өз баласындай көрді.

Қасымыздағы жердің барлығы орыс байларынікі еді, Балқыбек атамыз Санька дейтін орыс байымен тамыр болыпты. Шешем айтатын: «Санька інісі екеуі бидай егетін. Бір жолы екі құлынды биесін қосып алып, бидайын ора бастады. Маған: «Келін, бір құман шай қайнатып қойшы» деген соң күнімен кайнатып отырдым. Бірақ, шай ішуге қолдары тимеді. Біреуінің мұрны қанап, мұрнына мақта тығып жұмыс істей берді. Кейін кәмпескеге ұшырап, салықты екі мәрте бидаймен төледі. Ал, үшінші рет салған салығын төлей алмаған соң біздің аталарымыз төлеп құтқарды» дейтін. Кейін олар Тәжікстанға көшіп кетеді. Ал, ел тынышталған соң Шымкентке қайта қоныс аударыпты. Біз бала кезде сол Санька дейтін тамыры үйге кеп тұратын. Көзін көрдік. Әжемізбен, аталармен кәдімгі құда-жекжатындай емін-еркін қазақша сөйлесіп отыратын. Сонда бір таңғалғаным, әңгіме арасында қазақтардың өзі ауыз екі тілде көп қолдана бермейтін сөз тіркестерін жиі пайдаланатын. Олардың усадьбасы біздің үйдің тұсында еді. Кәмпеске кезінде малы түгел тәркіленді. Ауылдарда қазақтың шолақ белсенділері бой көтере бастаған. Бірін-бірі көре алмаушылық белең алады. Біздің ата, әкелерімізді де «бидің балалары» деп қуғын-сүргінге ұшыратқан. Жолымбек атаны қамап қойыпты. Әкем «Алматыға барып, істі бұздырып, шығарып алдым» дейтін. Бидің балалары жастайынан жетім қалып, шаруаға әбден ысылып өскен. Жұмыстың қай түрі болса да аянбай еңбек етті. Соғыс кезінде колхозды басқаруға әкемді лайық деп тауып, «Қазақстан» колхозының басқарма төрағасы етіп сайлады. Ауылда орысша білетін адам жоқ. Ақкөңіл әкем ештеңені ойламай, барлық іске араласып кете беруші еді. Орыстардан үйренгені шығар. 1945 жылдан партия мүшесі болды. 1949 жылы «Төңкеріс» колхозын басқарды. Қара жұмысты да жапырып істейтін. Осы еңбексүйгіштігінің арқасында ағасы Жолымбек Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» тақса, әкем Алпай екі мәрте Ленин орденімен марапатталды. Осы күнге дейін елдің аузында айтылғаны болмаса, біз бидің ұрпағымыз деп жарияға жар салған емеспіз. Жолымбек атамның үлкен ұлы Мәулен көп жылдар бойы партия, кеңес органдарында абыройлы қызмет атқарды.

Ауылдың қарапайым, көңілі таза адамдары Рысжан әжемізді бидің жұбайы деп сыйлайтын. «Бақ қонған үйдің табалдырығын аттаймыз, батасын аламыз» деп келіп, тәу ететін. Бір жолы Дайырбек деген қария бір отырыста «сенің әжең – Қайназар бидің бәйбішесі Рысжан шешеме рахмет! Қуғын-сүргін кезінде мені ұстауға әрекет жасалып жатқанын біліп, түнделетіп үйлеріңе жасырын бардым. «Айналайын, жеңеше, мені қамайын деп жатыр. Қарамұрттағы тамырларыңызға апарыңыз. Бой тасаламасам, қамайтын түрі бар!» деп өтініш айттым. Жарықтық Рысжан шеше әкең Алпайға айтып, белуардан қар екеніне қарамай, буаз биесіне мінгестіріп жіберді. Сөйтіп Қарамұрттағы тамырларының үйіне апарып тастады. Сонда біраз тығылып жатып, ақыры құтылып кеттім. Сол жақсылығын ұмытпаймын» дегені бар еді.

Әрине, Қайназар бабам туралы өзім айтпасам, ол кісіні кім біліп жатыр. Қазір сол бидің немерелерінен Жолымбек Кенже, Алпаев Мәдібек және мен Алпаев Сейілбек қалдық.

Сейілбек АЛПАЕВ, зейнеткер. Қазақстан ауылы, Төлеби ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз