Абайтану мен Мұхтартану ілімі жаңа деректермен толықты

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Хакім Абай» музейінде абайтанушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Абайтану» орталығының аға ғылыми қызметкері Құралбек Ергөбековтің «Мұхтар Әуезов және «Китәбу тасдиқ» мәселесі туралы» атты абайтану және мұхтартану проблемаларын қозғаған жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Абай Құнанбайұлы шығармаларының арасында «Китәбу тасдиқ» атты жазба еңбегінің шоқтығы биік. Құралбек Ергөбеков туындысының молда Мүрсейіт Бікі баласының 1906, 1907 және 1910 жылдардағы үш қолжазба көшірмесінің негізінде транскрипциялап, бір-бірімен салыстыра қарап, айырмаларын көрсетуде сіңірген еңбегі зор. Іс-шара барысында оның «Аллаға сенімді бекіту кітабы» деген атпен жарық көрген үш кітабы таныстырылды.

Іс-шараға жазушы, журналист Шойбек Орынбай, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Әліпхан, демеуші Сапарбай Сатыбалдиев, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, ұстаз Спабек Дәулетов, ақын Жәмила Көлбай, Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Қанат Сарбаев, қалалық әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекова, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің оқытушысы Нұрлан Мыңбаев және басқа да зиялы қауым өкілдері, кітапхана және музей қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Абай Құнанбай­ұлының «Китәбу тасдиқ» атты жазба еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізген Мүрсейіт Бікі баласының атқарған еңбегі жайында жан-жақты сөз болды. Сонымен бірге, «Китәбу тасдиқ» еңбегін тұңғыш рет «Отыз сегізінші қарасөз» етіп жарыққа шығарған Мұхтар Әуезовтің Абай шығармалары жинақтарына (1940, 1944, 1957 ж.ж.) енгізген нұсқалары таныстырылды, Кездесу барысында ұлы Абай туралы жастардың білімдерін жүйелеу, адамгершілікке, имандылыққа, асыл қасиеттерге тәрбиелеу, ой-өрісін, ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін дамыту мәселелері де кеңінен әңгіме болды.

«Оңтүстік-ақпарат».

 

 

Пікір қалдырыңыз