Пхеньянның бір білгені бар шығар...

Корей Халықтық-Демократиялық Республикасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты. Спортшыларының денсаулығына алаңдаған Солтүстік Корея басшылығы Жапонияға делегация жібермейтін болды.

Төртжылдықтың басты додасынан солтүстіккореялық спортшылардың онсыз да үміті аз еді. Алайда, медаль таласына араласатын спортшылары да жоқ емес. Әсіресе, ауыр атлеттері қоржынға медаль салуы мүмкін еді. Солтүстік Кореяның ауыр атлетикасы десе, есімізге Ом Юн Чхоль түседі. Ол Лондон Олимпиадасында алтын, Рио Олимпиадасында күміс жүлде иеленген. 2019 жылғы әлем чемпионатында да күміс жүлдегер атанған. Одан бөлек өз салмақтарында үздік нәтиже көрсетіп жүрген Пак Чон Чжу мен О Кан Чжоль Токиодағы жүлде бөлісіне араласар еді. Қыздар арасындағы бәсекеде де Лим Чон Симнің кемі бір медаль алатынына бәрі сеніп отырған. Лим соңғы екі Олимпиада мен әлем чемпионатында ешкімге дес берген жоқ.

Оның үстіне Оңтүстік Корея тарабы осы Олимпиаданы пайдаланып, татуластық туралы келісімге келуді көздеп отырған-ды. Тіпті, осы Олимпиадада қос ел бір тудың астында өнер көрсетеді деген ақпараттар да тарай бастаған. Әр Олимпиада сайын медальдар кестесінде үздік ондықтан түспейтін Оңтүстік Корея КХДР спортшыларының арқасында алғашқы үштікке енуі де мүмкін еді. 2018 жылы Пхенчхонда өткен қысқы Олимпиада кезінде қос мемлекет ойындардың ашылу және жабылу салтанатында бір тудың астында шеру жасаған. Қыздар арасындағы хоккей бәсекесінде қос елдің бойжеткендері бір командаға біріккен.

Айта кетейік, Солтүстік Корея – індет тарай бастаған кезде Қытаймен екі ортадағы шекараны бекіткен алғашқы ел. Бүгінде КХДР-де коронавируспен ауырған бірде-бір адам тіркелмепті. Осылайша Солтүстік Корея елге коронавирус тарауына жол бермеу үшін спортшылары мен бапкерлер дүниежүзілік додаға жіберуден бас тартып отыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз