Әрбір азамат жанашыр болуы керек

18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Бұл мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүние жүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді.

Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Ол халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралап, сол арқылы келешек ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие береді. Тарихи ескерткіштерді ғылыми негізде терең зерделеп, сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, өткен тұлғалардың өнегесін сіңіру – қазақ мемлекетінің алдында тұрған бірден-бір маңызды мәселе.

Бүгінде Отырар өңірінде республикалық дәрежеде үш ескерткіш бар. Біріншісі – аты әлемге мәшһүр ортағасырлық Отырар. Екіншісі – ғұлама ғалым Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келген қаласы Оқсыз қалажұрты. Ал, үшіншісі – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстанбаб кесенесі. Бұл ескерткіштер қазіргі таңда мемлекеттің басты назарында.

Ауданымызда ескерткіштердің көп шоғырланған жерлері Қоғам, Қарғалы және Талапты ауылдық округтерінде. Отырар музейінің «Тарихи ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері әр жылдың жаз маусымында ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында барлау және бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Жаңадан табылған археологиялық ескерткіштерді есепке алып, оларды жоюдан, бүлдіруден қорғау мақсатында ауылдағы мектеп оқушылары мен тұрғындар арасында түрлі тәлімдік іс-шаралар ұйымдастырады.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім» деп жазған болатын.

Ежелгі грек жылнамашысы Полибий «Болашақтағы жаулап алушылар, өздері бағындырған қалаларды қиратпауды, өз елдерін басқа халықтардың қайғысы мен көз жасымен байытуды үйренбейді деп сенгім келеді» деген екен. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихын аяқасты етіп, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.

Осы орайда адамзаттың қолымен бүлінген, бастапқы қалпын жоғалта бастаған бірқатар ескерткішке сипаттама бере кеткенді жөн көріп отырмын. Жалпақтөбе, Сазантөбе, Жартытөбе, Ескімола төбе, Жар әулие, Оқсыз, Қауған ата, Қаракөншек, Төлеңгіт, Тоғайтөбе, Шөлтөбе, Шытты төбелер ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде мәйіт қойылып, мазаратқа айналдырылған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған ескерткіштердің көпшілігіне адам мүрдесін қою тоқтатылды.

Өткенге ой жіберіп, зерделемей, бүгінгіні тану мүмкін емес. Қай ескерткіш болмасын оның мәдени мұра болып қалатынын естен шығармайық. Оларды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ескерткіштерді сақтау біздің өткен өмірге деген көзқарасымызды, оның алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Мұражайдағы жинақталған дүние – оның жаны саналады. Әр жәдігер адамға әсер сыйлайды.

Сондай-ақ, ол өз дәуірінің мәдениеті, өз дәуірінің белгісі, ұрпаққа қалған аманат. Ескерткіштер осымен құнды, ескерткіштерді қорғап, сақтау, ата-бабаларымыздың қалдырған мұраларын қастерлеп ұстау келер ұрпаққа да артылар аманат болмақ.

Қ.А.Шохаев, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК «Тарихи ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің бас инспекторы.

 

 

Пікір қалдырыңыз