Түркістан – рух астанасы!

Түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, ұлт руханиятының көшбасшысы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің тіршілігінде мекен еткен аймағы, мәңгілік тыныс тапқан жері – қасиетті Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырып жатыр. Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түркі халықтары кие тұтар қарашаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Күллі мұсылмандар қауымында екінші Мекке саналатын бұл киелі мекен – он бес ғасыр өресінде түркітектес халықтардың биік парасаты, ой-өресі, ерлік, елдік келбеті, шер-шеменге толы шежіресі қатталған мекен. Бабаларымыз төрге руханият ілімін шығарыпты. Сол арқылы күллі адам баласына ортақ әлемдік руханиятқа мол үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Оған тым әріге бармай-ақ әлем мойындаған Қорқыт бабаның, әл-Фарабидің, Махмұд Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Абайдың, Мақтұмқұлының еңбектерін алсақ та жетіп жатыр.

Баршамыз білетін ең басты ақиқат сол, ежелгі түркілер үшін Түркістан қаласының орны ерекше. Ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тарихи дамуда түрік атаулы алып бәйтеректің аясында қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы да басқа түркітектес халықтардың дербес мәдениеті, әдебиеті, ғылым саласындағы мұралары кең өріс тауып, түрік әлемі деген ұғымның ұшан-теңіз рухани қазынасын қалыптастырады десек, осынау ұлы істегі Түркістанның рөлін ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Оныншы ғасыр жазбаларында «Шауғар», «Иасы» деген атпен белгілі болып келген қала кейіннен Түркістан аталған. «Түрік» сөзінің түпкі мағынасы – «батылдық, ержүректілік» дегенді білдіреді. Ал «стан» – ел, халық атауларына жалғасып келетін парсы тілінен келген қосымша. Сонда «Түркістан» атауы – «Батырлар елі» ұғымын айшықтайды. Тарихи деректерге жүгінсек, сонау сегізінші ғасырға дейін Түркі және Батыс қағанатының, одан Түркеш қағанатының құрамына енген Шауғар немесе Иасы қаласы жаугершілік заманда бірде арабтардың, бірде қарлұқтардың, енді бірде оғыздардың қолына өткен.

Есім хан (1598-1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітіп, өз билігінің тәуелсіз екендігін көрсету үшін ақша соқтырған. Міне, сол уақыттан ХІХ ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығының астанасы, аса әйгілі экономикалық орталықтарының бірі және ресми әкімшілік орны ретінде қызмет етті. XVI-XVII ғасырларда Түркістан Ресей мемлекетімен саяси қарым-қатынастар орната бастайды. Сол кезден бастап Түркістан туралы деректер орыс жазбаларында да көрініс тауып отырған. Ресей империясының боданында болған қазақ елінің тағдыры тарихтан жақсы белгілі. 1872 жылы қала Түркістан уезінің орталығы болды. Кеңес Одағы орнаған соң 1928 жылдан бастап аудан орталығына айналды.

Түркістан десе елең етпейтін мұсылман жоқ. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден бөліп қарау да мүмкін емес. Ұлы баба Қожа Ахмет Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық ілімін уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасасып келеді. Бұл жөнінде Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында былай деп жазады:

«ХІ ғасыр Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Йасауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылықтың (суфизм) қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта Қазақстанның солтүстігі мен шығысына дейін тарады. Қожа Ахмет Йасауи Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді.

Түркі халықтарына исламды тарату ісінің басы ғана емес, сонымен бірге Тәңірге табынушылық пен ислам мәдениеттерінің өзара ықпал ету үрдісі де Қожа Ахмет Йасауи есімімен байланысты. Ортағасырлық Қазақстандағы ислам мәдениетінің негізгі ислам догмаларына онша сәйкеспейтін өзіндік ерекшеліктері бар. Ол кездегі түркі тілдес қоғамдағы қадір-қасиет жүйесінің (менталитетінің) барлық деңгейлеріне де Йасауи сопылығының ықпалы мықтап сіңген болатын.

Түркілердің өмірлік, практикалық философиясын құраған салдар ретінде Йасауинамада тәңіршілдік элементтері өздерінің мағынасын сақтап қалды. Нақ осы Йасауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды.

Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Йасауидің хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс. Йасауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Йасауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».

Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауидің қайтыс болғанына 200 жыл өткенде, қирап бітуге таяған кішкене мазарының орнынан зәулім ескерткіш орнатуы да тегін емес. Мұсылмандардың ыстық ықыласына бөленген әулиелердің сұлтанының құрметіне ғаламат ғимарат салдырған Әмір Темірдің де руханият ілімнен алыс қонбағанын байқаймыз. Сол ХІV ғасырда салынған ғажайып құрылыстың қайталанбас сәулеттілігі және жекелеген әшекейлі көріністері әлі күнге дейін жұртшылықты таң қалдырумен келеді.

«Дін – апиын» деген қағида ұстанған Кеңес өкіметі дәуірінде Ясауи бабамыздың кесенесі де, ол орналасқан Түркістан қаласы да өгейлік көрді. Тіпті, Түркістанда жерленген кемеңгер тұлғаларымыздың мәйітіне қиянат жасалған фактілердің болғанын да жасыра алмаймыз. Алайда, кеңестік империя идеологиясы ұлт перзенттеріне байланысты сыңаржақ көзқарас қалыптастырғанымен, халық жадынан тарихи ақиқатты өшіре алған жоқ. Бодандықтан құтылған қазақ халқы бүгін осы ұлы тұлғаларды танып, білу жолындағы ғылыми ізденісті жандандыра түсуде. Соның бір белгісі ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен табылған мәйіттің Абылай ханның мәйіті екендігі әртүрлі (тарих, археология, архитектура, этнография, филология, антропология, биология, медицина, т.б. ғылымдардың) әдістік зерттеулердің синтезі негізінде ғылыми тұжырымдалған объективті қорытындылар арқылы анықталғанын айтуға болады. Бүгінгі ұрпақ қазақтың ұлы тұлғасы Абылай хан әруағына бас иіп, оның сүйегін қайта арулап қойды. Кезінде әлдекімдердің әрекетімен орнынан жылжыған басқа да мүрделер қайта жерленіп, халық рухтар алдында кешірім сұрап, тағзым етті. Соңғы нақты деректерге сүйенер болсақ, қазақ халқының Түркістанда жерленген хандары мен билерінің, даңқты батырларының жалпы саны 130-дан асып отыр. Олардың 21-і хандар, түрлі-түрлі қилы кезеңдерде таққа отырған ұлт асылдары.

Жетпіс жылдан астам уақыт бойы Кеңестер Одағының құрамында болып келген Қазақстан ежелден тарихы, мәдениеті, тегі мен діні бір түркі әлемінен оқшау жатты. Сахадан Ақтеңізге (Жерорта теңізі) дейінгі ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан түркілер мекеніндегі Үлкен Түркістанда Түркістан қаласы түркі әлемі деген ұғымның түпқазығы, рухани астанасы болып қала берді.

Патшалық Ресейдің, кейінгі Кеңес өкіметінің астамшылық саясаты қасиетті Түркістанды жаһан тарихынан әдейі тасада қалдыруға бағытталды. Дұшпан күштер «Түркістан» деген оның қасиетті мағынасын өшіруге күш салғаны белгілі. Ол ол ма, 1864 жылы патша әскерлері Түркістанды басып алуға келгенде полковник Веревкиннің бұйрығымен Ясауи кесенесіне зеңбіректен оқ аттырып, ұлы ғимараттың бір қабырғасына зақым келтіргенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, бұл қастандық тарихи құжаттарда құпия сақталды. Орталық Азиядағы ғана емес, дүние жүзіндегі құнды да көрікті ескерткішке оқ жаудыру патшалық Ресейдің жаулаушылық жоспарын қандай зұлымдықпен болса да іске асырудан тайынбайтынын айдай әлемге әшкерелеген еді.

Қазақ елін екі жарым ғасыр билеп-төстеген Ресей мұнда жер жүзіне даңқы кеткен түрік нәсілді айбынды мемлекет өмір кешкенін мойындағысы келмейтін. Сондықтан басқыншылар Түркістанның жер-жаһанға танымал даңқы мен рухын өшіріп, оны аймақтық, географиялық атау деп қана түсіндіруді дұрыс көрген. Діні христиан отаршылдар мұсылмандықтың синониміндей болған Қожа Ахмет Ясауи есімі мен еңбегін де барынша құбыжық етіп көрсетуден танбаған. Олардың Орта Азия халықтарын дінінен бездіру үшін жасаған сұмдықтарын санап шығу мүмкін емес. Ақырында Түркістан қаласының ХVІ ғасырдан бастап Қазақ хандығының астанасы болғанын ұмыттыруды да жатбауыр қаскөйлер есінен шығармаған. Түркістан аты бір замандағы тәуелсіз қазақ мемлекетін еске түсіретін бұлтартпас айғақ екенін олар кешіре алмайтын. Кеңестік дәуірде әрбір халыққа еркіндік беріледі деген даңғаза ұранның патша саясатынан айырмашылығы шамалы еді. Ондаған жылдар бойы Түркістан қатардағы көп аудан орталықтарының бірі болып өмір сүріп жатты. Бұған кеңестік биліктің 70 жылы ішінде бұл шаһарда бірде-бір елеулі ғимарат (қонақүй, Мәдениет сарайы, театр) салынбағаны, ертеде өткен ерлердің (хан, би, ақын, жырау, шешен) ешқайсысына ескерткіш белгі қойылмағаны дәлел. Тарихи мұраға деген жәһілдік көзқарастың асқынғандығы соншалық, Әзірет Сұлтан кесенесінің кіреберіс іргесіндегі зираттарға қойылған мәрмәр тас (көк тас) қиратылып, кімнің сүйегі қай жерде қалғанын айырып болмайтындай жағдай орын алған. Бұл секілді қиянатты адамзат тарихынан іздеп табу қиын. Мұндай тағылықтың төркіні жалпы түрік атаулыға ежелден өш Ресей шовинизмінде жатыр еді.

Әзірет Сұлтан кесенесінде жүздеген жылдар бойында сақталып келген жәдігерлердің талан-таражға түсіп, бірталайы қолды болып кеткені өз алдына жеке мәселе. 1934 жылы Ленинградқа «Эрмитаждағы көрмеге уақытша қою үшін» деп әкетілген салмағы 2 тонналық мыс қазанның араға 55 жыл салып, 1989 жылы әрең дегенде Түркістанға Ахмет Ясауи мавзолейіне қайтарылғаны бұл айтылғанға дәлел. Түрлі елдердің музейлерінде тұрған заттық жәдігерлерді түгендейтін уақыт келер деп сенеміз... Кеңес өкіметі жылдарында Ахмет Ясауи мавзолейі қараусыз, бақылаусыз қалғандығының «жырын» айтып тауысу қиын. Ол кезде аудан мен қаланың бірде-бір басшысының таяқ тастам жерде тұрған Әзірет Сұлтанның проблемасымен айналысуға батылдары жетпеген. Ал, «құдайсыздардың» дәурені жүріп тұрған кезде иеліксіз қалған кесененің мүлде құрып кетпегені бір Аллаға ғана мәлім құпия.

Басты белгісі жаһандану болып табылатын қазіргі дәуір алып империя – Кеңес Одағының ыдырауымен және әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттердің, солардың ішінде Қазақстан Республикасының пайда болуымен тұспа-тұс келді. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуы, әлемдік бәсекеде егеменді мемлекет ретіндегі алар орнымыз бен қабілет-қарымымыздың деңгейі ұлтымыздың өзіндік ерекшеліктері мен өзгешеліктерін терең зерделеуді қажет етеді.

Қазақ елі тарихының жаңа да жарқын беттері жазылуда. Қасиетті атамекенді шексіз сүйіп, оның еліне ие, халқына кие болып, қиын кезеңнен алып өтіп, жаңа дәуірге бастау бақыты кез келген адамның басында бола бермейтін бақыт. Ол бақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басына қонды. Байлығы мол Ұлы Даланы әлемге танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің саналы ғұмырын еліміздің игілігіне арнаумен келеді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің ашылып, оған әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі тек еліміздің ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға еді. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы Келісім бойынша Түркістан Мемлекеттік университеті түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болды. Сөйтіп, Түркістанда түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университет ашылды. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тек республика ғана емес, Орта Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.

Білім ордасына үстіміздегі жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ерекше мәртебе берілді. Елімізде мұндай мәртебеге ие болған оқу орны жоқ. Халықаралық университеттің кең құлаш жаюына бауырлас Түркия мемлекеті лайықты үлес қосып келеді.

Елбасының түркі әлемінің рухани астанасына айналған қасиетті Түркістанды жасартып-жаңғырту бағытындағы қамқорлығының нақты көрінісі сол, осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысын құру жөніндегі Жарлыққа қол қоюы болып табылады. Киелі қаланың облыс орталығына айналуы ауқымды жаңғырудың бастамасы болды. Қазіргі кезде ежелгі шаһарда негізінен шығыс үлгісіндегі мәдени-көпшілік нысандар, жаңа типтегі тұрғын үйлер, зәулім ескерткіштер бой көтерді, аэропорт, автовокзал пайдалануға берілді, демалыс парктері пайда болды. Бір сөзбен айтқанда, шағын қаланың бүгінгі бейнесі көрген жанның бәрін таң қалдырып, тамсандырады. Қазір алып құрылыстар барынша қарқын ала түскен. Алдағы жылдары киелі мекеннің кескін-келбеті барынша ажарланып, оның түркі дүниесі ғана емес, күллі мұсылман елдері арасында да өзінің лайықты орнын табатынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.

Журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт ағамыздың толғанысына құлақ түріп көрелік:

– Қазіргі уақыт ел тізгінін ұстаған азаматтар үшін шешенсініп, көсемсініп көп сөйлейтін кезең емес. Шешенсінбей-ақ шешімдер қабылдап, көсемсінбей-ақ кесімді, келісімді бағдарлар белгілеп, нақты істер тындыратын уақыт.

Түркістан шаһарына бір-екі апта келмей қалсақ, таңданып, қайран қаламыз. Астанаға барғандай күй кешеміз. Барлық салаларда тындырымды тірліктер жасалуда. Облысымыз республикада өнім өндіруден бірінші орыннан, жұмыспен қамтудан екінші орыннан көрінді. Облыс әкімі төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Облысымыз да құрылысы қайнаған қалаға айналды. Өзгесін айтпағанда, Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің өзі бастаған «Қамқорлық» бағдарламасы елді, әлеуметті қатты қуантып отыр. Түркістанымыз түлей берсін!

Енді Түркістан өңірінің абыройлы азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлының жүрекжарды лебізіне зер салайық:

– Біз үлкен тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз. Қазір көне шаһар жаңа бағытта дамып келеді. Күн санап түрлене түсуде. Бұл игі істердің барлығының басында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұр. Мың жылдан кейін де Қ.А.Ясауи кесенесін Әмір Темір тұрғызған десек, Түркістанды тұңғыш облыс етіп, оның орталығын Түркістан жасаған Нұрсұлтан деп айтылады. Түркістан мен Нұрсұлтан қазақ тарихында ажырамайтын егіз ұғым.

Үстіміздегі жылы 31 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында онлайн режимінде өткен Түркі кеңесі мемлекет басшыларының бейресми саммиті «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталды. Бүгінгі Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Еліміз бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналды. Қазақстан халқында бір-біріне деген жарастық, түсіністік, ынтымақ, бірлік бар.

Саммиттің осындай тақырыппен өтуінің өзі түркі әлемінің қастерлі қара шаңыраққа деген айрықша құрметі мен тағзымын айқын танытты. Қазір Қазақ елінде түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалып жатқанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанын саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мақтанышпен айтты.

Ынтымақтастық кеңесі бейресми саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданып, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды! Бұдан асқан қуаныш бар ма?! Түркілер Атажұртындағы киелі шаһардың жарқын болашағын көз алдымызға елестетер болсақ, жүрегіміз шаттыққа бөленеді.

Құдай Қазақтың қуанышын баянды қылғай!

Сейдулла Садықов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістанға еңбегі сіңген қызметкер.

 

 

Пікір қалдырыңыз