Ескінің соңы, жаңаның басы еді

Бүгінде жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемнің экономикасы таразының тіліндей болып теңселіп тұр. Сарапшылардың түгелге жуығы мұның себебін әлемді жайлаған коронавирус пандемиясымен түсіндіреді. Иә, бұл – аксиома. Алайда, індет жайламай тұрып-ақ жаһанымыздың жағдайы күрделілене бастаған. Әлеміңіздің өзі әбіржи бастаған тұста нарықтық экономикаға өткеніне ширек ғасырдан енді-енді асқан Қазақстанға оңай болсын ба?! Бізде де күрделі жағдайлар көрініс бере бастады. Елді мұндай-мұндай тығырықтардан түрлі дәрежедегі іскер басшылар, ілкімді мамандар алып шықса керек. Мықты басшыларға, тындырымды кадрларға сұраныстың қашан да жоғары болатыны содан. Өмірдің ақиқаты да сонда, мықтылар ешқашан көп болған емес. Мықтылардың уақыт-сағаты келгенде орындарының ойсырап қалатыны содан.

Түркістан қаласының, Ордабасы ауданының әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Әліпбек Шәріпбекұлы ӨСЕРБАЕВ көпшілік қапысыз мойындаған аз мықтының бірі еді. Таяуда дүниеден өткеніне жыл толатын Әліпбек Шәріпбекұлының да орны ойсырап қалғанын бүгінде көбіміз көріп, біліп жүрміз.

Әліпбек Өсербаевтың іскерлігінің бастауы қанмен берілген қасиетінде жатыр, әрине. Сосынғы кезекте өмірлік тәжірибе де өз сөзін айтпай тұрмайды. Ол кешегі кеңестік кезеңдегі білгір шаруашылық басшыларының да алдын көрді, бүгінгі нарықты экономиканы бойларына тез сіңірген жас буынмен де қызметтес болды. Кешегі озат тәжірибелерді бүгінгі озық үлгілермен сабақтастыра білді. Бір сөзбен айтқанда, ол ескінің соңы, жаңаның басы еді. Мынадай қиын кезеңде елмен тіл табыса жұмыс істеуіне оның өте көп оқитындығы, жанының ұлт руханиятына жақындығы да әсер етсе керек. Қалай болғанда да, ол мына өмірге өзінің ізін қалдыра білді.

Әліпбек Өсербаев өмірден озғаннан кейін «Түркістандық дара тұлға» деп аталатын естеліктер жинағы жарық көрді. Біз бүгін үлкен жүректі абзал жанның есімін еске ала отырып, ол туралы жазылған бірқатар дүниелерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

ТҮРКІСТАНДЫ ҮНСІЗ СҮЙЕТІН

...Әліпбек Өсербаев 1983 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген соң, еңбек жолын Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауыттың машинисі болып бастады. Әліпбекті шыңдаған – өндіріс. Ол 24 жылға жуық Қарағанды, Түркістан қалаларында өнеркәсіп пен құрылыс салаларында еңбек етіп, мемлекеттік қызметке 2007 жылы ауысып, Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің меңгерушілігінен Кентау, Түркістан қалалары әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Түркістан облысының орталығына айналған Түркістан қаласының әкімі, Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін үлкен абыроймен атқарды.

Елге сіңірген еңбегі үшін Әліпбек Өсербаев «Астанаға–10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне–25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әліпбек Шәріпбекұлы қандай жұмыста болсын, мейлі, өндірісте болсын, мейлі мемлекеттік қызметте болсын, өзін білімді, іскер ұйымдастырушы, талапшыл, жауапты басшы ретінде көрсете білді. Ол өзінің біліктілігінің арқасында әрбір істің көзін таба білетін бастамашыл қасиеттерімен облыстың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Әсіресе, Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық саласының өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді. Бірде журналистердің: «Сіз мемлекеттік қызметке 24 жыл өндірісте жұмыс істеп, кештеу келдіңіз. Соның өзінде көп жауапты мемлекеттік қызметтерді атқардыңыз. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасын да басқардыңыз. Оның үстіне, Түркістанға бір емес, екі рет әкім болдыңыз. Мемлекеттік қызметте бұлайша шарықтауыңыздың сыры неде? Әлде жолы болғыштардың қатарынансыз ба?» деген сұрағына Әліпбек «Жолы болғыш адамдардың қатарынанмын» деп айта алмаймын. Бәрі еңбекке байланысты. Не істесең де, беріліп істесең, түпкілікті нәтиже шығармай қоймайсың. Әу баста әкім болу мақсатында жұмыс істеген жоқпын. Кез келген қызметкер өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарса, жанын салып еңбек етсе, міндетті түрде қолдау табады. Бұл жерде әңгіме еңбекқорлыққа келіп тіреледі.

Ауылда өстік. Әкем мұғалім болды, бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Менің түсінігім бойынша, қолыңнан іс келмесе, көке-жәке көмектесе алмайды. Көке-жәкең он жерден қолдау көрсетіп, сүйрегенімен, демегенімен, тәжірибең, білімің болмаса, жұмысты үйлестіре алмасаң, ұзаққа бармайсың. Иә, бір рет қол ұшын созар, бірақ өмір бақи көмектесе алмайды. Мен осы қағиданы қарамағымдағы қызметкерлеріме ұдайы ескертіп отырамын» деп жауап беріп еді. Иә, шыны солай, Әліпбек тыным таппай, ұдайы ізденісте жүретін. Көп оқысам, көп білсем дейтін. Оны бір көрген адам спорт саласының адамы деп қалатын. Бір қырым артық еті жоқ, ішкі аурасы сыртқа теуіп тұратын, үнемі жарау аттай бабында жүретін Әліпбекті «бір ауырмаса осы жігіт ауырмайтын шығар» деп ойлаушы едім... Өзінің де «мына жерім ауыратын еді...» деп денсаулығына шағым айтып жүргенін мүлде естіген емеспін.

Әліпбек алғашқы жүздескеніңізде ешқандай әсер қалдырмайды. Тіпті, көп ұзамай, мына дүниеде ондай адамның бары есіңізден де шығып кетуі мүмкін. Кейін жұмыс бабымен тағы кездесесіз. Ел жайын, шаруа жайын сөйлесесіз. Сол кезде ғана оның сөзге емес, іске шешен екеніне анық көзіңіз жетеді. Өзі басқарып отырған қаланың немесе ауданның бүкіл тыныс-тіршілігі, алған демі, шығарған лебіне дейін оған таныс екеніне таң қаласыз. Сөзге қаншалықты сараң болса да әңгіме шаруа жайына ойысқанда күнқақты жүзі нұрланып сала береді. Ал, енді туған Түркістанына деген махаббаты тіптен алапат еді! Ол онысын әлдебіреулер секілді айқайлап айтуға ешқашан құмбыл болған емес. Түркістанды үнсіз сүйетін, жұмысын үнсіз атқаратын.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері.

 

ІСКЕРЛІГІНЕ АЗАМАТТЫҒЫ САЙ

Әліпбекті еске алып, естелік жазамын деп кім ойлаған... Суық хабар келгенде сенудің өзі қиын болды. Себебі, Әліпбектің бойындағы күш-қуаты, еңбекқорлығы, тынымсыз тіршілігі алдағы талай жоспарлардың еңсерілетініне күмән келтіртпейтін. Өкінішке қарай, кемеліне келіп, жалындап тұрған шағында мына өмірден өте асығыс күйі кете берді. Нағыз іскер азамат еді. Осы орайда немістің белгілі канцлері Бисмарктың «Мықты мамандар болмаса, мықты заңдармен мемлекетті басқаруға болмайды. Керісінше, мықты заңдар болмаса да мықты мамандармен мемлекетті басқаруға болады» деген сөзі еске түседі. Әліпбекті өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын мықты маман деп таныдым. Таңның атысынан, күннің батысына дейін уақытпен санаспай, өзін де, өзгені де аямай жұмыс істеді. Мүмкін, өзіне қойған үлкен талапты өзгелерге де қойғаны әлдекімдерге ұнамаған шығар. Соның салдарынан немесе әртүрлі пендешілікпен әділ баға айтылмауы да мүмкін. Бірақ, қарапайым халық көріп отыр, Әліпбек қолынан келгенінше туып-өскен жеріне, еліне аянбай қызмет етті. Ел оны бағалайды. Оның бір дәлелі, Түркістан қаласының әкімі қызметіне орталық комиссияның субъективтік шешімімен келісілмей, кейіннен (арада жылдан астам уақыт өтіп) қайтадан тағайындалғанда, көпшілік қуана қарсы алды. Әділдік орнады десті.

Әліпбектің іскерлігін, қандай азамат екенін алғаш рет Кентаудағы жылу орталығында төтенше жағдай орын алғанда байқадым. Сол кезде ол Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болатын. Республикалық комиссия жағдайды ретке келтіру үшін бір ай керек дегенде облыс болып жұмылып, өз күшімізбен 5 күнде қалаға жылу берген болатынбыз. Сол кезде Кентаудың қасындағы Түркістанға көбірек салмақ түскен еді. Әліпбек өзін қара жұмыстың қара нары екенін көрсетті. Берілген тапсырмаларды Түркістанның сол кездегі әкімі Қ.Молдасейітовпен бірге, кейде өзі көзін тауып, шұғыл шешіп отырды. Әліпбектің қолынан іс келетіндігі басшылық қызметке келгенде айқын көрінді. Оның дәлелі Түркістанда, Ордабасыда ел игілігі үшін атқарған жұмыстары.

Іскерлігіне азаматтығы да сай еді. Мен басқа қызметтерде болсам да сыйластығымыз үзілмеді. Хабарласып, хал-жағдайымызды сұрасып тұрдық. Жоспарлары көп еді. Әділдікті, шындықты жақсы көретін. Өкініштісі, осындай азамат жайлы естелік айту өте қиын. Ел үшін атқарған еңбегі көпшіліктің жадында сақталады деп есептеймін.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, мемлекет және қоғам қайраткері.

 

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АРНАДЫ

Мен Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барған кезде Әліпбек Шәріпбекұлы Түркістан қаласының әкімі еді. Оның қолынан іс келетін, өз жұмысына шынайы берілген адам екені бірден байқалатын. Оның үстіне жергілікті тұрғындар да Әліпбектің нәтиже шығару жолында еңбек етіп жатқанын, өңірді өркендетуде өзгеше қолтаңба қалыптастырғанын үнемі айтып отырады екен. Осыны естіп-білдім. Өзім де куә болдым. Мәселен, түбі бір түркі жұртының түпқазығы, рухани астанасы Түркістан қаласындағы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ойдағыдай өтуі жолындағы төккен тері, еткен еңбегі ерекше болды.

Кейіннен Әліпбектің іскерлігі мен өжеттігі, алған бетінен қайтпайтын батылдығы оны өзіме бірінші орынбасар етіп бекітуіме шешім қабылдауыма түрткі болды. Оның сыртында ілгері жылдарда Әліпбек Шәріпбекұлы облыстың кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының индустриялды-инновациялық даму бөлімінің бас маманы, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық басқармасының басшысы қызметтерін табысты атқарған болатын. Осының өзінен-ақ оның өмірлік тәжірибесінің мол екендігін байқауға болатын еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылғанда Әліпбекпен бұрынғыдан да тығыз араласып кеттік. Жаңа уығын қадап, шаңырағын көтерген Түркістан облысының басшылық қызметі маған бұйырды да, облыс орталығы болған Түркістанға әкім тағайындауда талғам Әліпбекке түсті. Оған Әліпбек Өсербаевтың көне шаһарды бес саусағындай біліп қана қоймай, жанымен сүйетіндігі себеп болды. Оның сыртында екі мәрте осы қаланың тізгінін ұстап, дамуына маңдай терін төккен болатын. Осы кезеңде өте жақын араласып, қала жоспарына, оны дамыту жолындағы үлкенді-кішілі жобаларға бірге ақыл қостық. Енді бар дүние бірден оңға баспасы белгілі. Шыдамдылықты, сабырлылықты, қайратты қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде Әліпбек көп нәрсеге өнеге бола білетін, жол көрсете алатын азамат болып шықты. Әрдайым берілген тапсырманы зерделеп, оның келешегі мен кемшіліктерін талдап, ашық айтатын. Жасқану дегенді білмейтін. Қол астындағы барша қызметкерлеріне де талап қоя білетін. Содан да істеген ісі жемісін беруші еді.

Анығы, Әліпбек Өсербаевтың Түркістан үшін еңбегі айрықша. Оның әділ бағасын халық беріп те қойған. Өйткені, ол саналы ғұмырын халқының игілігіне, Түркістанның түрлене түсуіне арнады.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры.

 

ҚАШАН ДА СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒАТЫН

Түркістан – әлемге әйгілі, қасиетті де киелі мекен. Алла бұйыртып, 2006-2009 жылдары осында қызмет ету бақытына ие болдым. Ол жылдар менің өмір жолымдағы ең бақытты және ең жауапты уақыттар еді. Жауаптысы – түркі дүниесінің рухани орталығы аталатын Түркістанға қызмет ету, ал, бақыттысы – қаншама керемет, жақсы азаматтармен таныстым, олармен осы уақытқа дейін ағайындай араласып келе жатырмын. Киелі жердің халқы да, оның арасынан шыққан ел қызметінде жүрген азаматтары да ерекше. Турашыл, адал, әділ, еңбекқор, парасатты жандар өте көп. Ақсақалы дана, азаматы дара түркістандықтардың ерекше қасиеті – қызметті емес, адамды сыйлайды. Міне, сол елде біраз уақыт қызмет етіп, тәжірибе жинап, талай дос арттырдық. Сондай адал азаматтардың бірі де бірегейі Әліпбек Өсербаев еді.

Мен қызметке барғанда Әліпбек Түркістан қалалық мәслихатының депутаты екен. Жігіттің жақсы екендігі жүріс-тұрысынан да, сөйлеген сөзінен де көрініп тұрады ғой. Адалдығы көзінен көрінді. Бірнеше рет жолыққанымда майталман маман екенін, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтынын байқадым. Әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы қызметіне шақырдым. Ол келісім беріп, қызу жұмыс басталып та кетті. Киелі шаһарда қай уақытта болса да тірлік қызып жатады, оның көпшілігі құрылыспен байланысты.

Тапсырылған жұмыста Әлекең нағыз іскер азамат екендігін, жұмыстың көзін таба білетіндігін, қайсарлығын көрсетті. Құрылыс қай уақытта да ауыр сала болған, қаншама қаржыны, уақытты, денсаулықты қажет етеді. Сол жылдары жаңа ауыз су жүйесі, қала шетінде орналасқан тұрғын үй аумақтарына электр желілері тартылып, жолдар салына бастады. Қаланың орталық көшелері қайта жөнделді, бірнеше мектеп, балабақша құрылысы жүргізіліп жатты. Шын мәнінде, ол сол қыруар жұмыстың үдесінен шыға білді. Өзінің мемлекеттік қызметтегі жұмысын осылай мерейлі бастаған Әліпбек Өсербаев Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Халық ерекше сын көзбен қарайтын Оңтүстік Қазақстан облысының белгілі де беделді тұлғасына айналды. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті, елімізге әлі де қаншама пайда әкелер, еңбек етер азамат еді. «Әліпбек шаршамайды, күндіз-түні жүре береді» деуші еді жігіттер. Әрине, қажымайтын, шаршамайтын адам жоқ. Бірақ, ол жұмыс дегенде алдындағы ішер асын жерге қойып, жан-тәнімен беріліп кетуші еді. Істің көзін білетін, соны соңына дейін жеткізгенше тынбайтын. Қазақта «өлімге қимайтын жан еді» деген сөз бар. Шынында да Әліпбектің еліне бергенінен берері көп еді...

Әли БЕКТАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы.

 

ШІЛДЕХАНАСЫНДА РАЙКОМ БОЛСЫН ДЕГЕН ТІЛЕК АЙТЫЛҒАН...

1957 жылы мен Түркістан педагогикалық училищесін өте жақсы бағамен аяқтап, Балтакөл мектеп-интернатына бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Дәл сол жылы мектеп-интернатқа институт, техникум бітірген 20 шақты жас келді. Солардың ішінде Асылбек Ернішев, Сәдуақас Әбдірасылов, Таштай Төлепбаев, Шәріпбек Өсербаев сияқты жас мұғалімдер де болды. Шәріпбек Өсербаев педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп келген жас маман болатын. Бәріміз де кіл жастар едік. Сондықтан да, білегімізді сыбанып, іске кірісіп кеттік.

«Балтакөл» мектеп-интернаты ол кездерде шопандардың балалары оқитын аса беделді білім ордасы еді. Ол жерге училищені немесе институтты өте жақсы аяқтап келген азаматтарды ғана жіберетін. Сондай-ақ, ол кезде институт пен техникумды бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен орналастыратын үрдіс бар-тұғын. Сол жолдамамен мен де «Балтакөл» мектеп-интернатына бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналастым. Әрине, бәріміз жас болғаннан кейін арамызда тығыз қарым-қатынас орнады, тез достасып, бір анадан туғандай болып кеттік.

Үйлендік, үйлі-жайлы болдық. Мен Амангелді атындағы колхозға жұмысқа ауысып кеттім. Балтакөлде достарым мен жолдастарым қалды. Олармен жиі-жиі хабарласып тұрдым. Бір барғанымда Шәріпбек Өсербаевтың үйінде шілдехана болып жатыр екен. Дүниеге ұл бала келіпті. «Балтакөл» мектеп-интернатының директоры Рәзия Дүйменова да сол қуанышта отырды. Ол өз сөзінде баланың бауы берік болсын деген тілек айта келіп, баланың аты Әліпбек болсын деді. Осы Әліпбек келешекте райком болсын деген жүрекжарды лебізін білдірді. Ол кезде әкімшілік деген жоқ, аудандағы ең мықты орган райком болатын. Міне, осылайша Шәріпбек Өсербаевтың үйінде Әліпбек деген сәбидің дүниеге келгеніне куә болдық.

Содан көп жылдар өтті, мен колхозда парткомның хатшысы, кейін колхоздың бастығы болдым. Сол Әліпбек кейін ер жетіп, институтты бітіріп, Түркістан қаласына әкім болып келді. Әкім болып келгеннен кейін біздің қарым-қатынасымыз қайтадан жалғасты. Ол өте іскер, талапты да талантты әкім болды. Оның қала үшін істеп жатқан жұмыстарына риза болдық. Жұмысты беріліп істейтін еді. Алды-артына қарамай, бір жұмысты бастаса, міндетті түрде соны аяқтамайынша тыным таппайтын. Барлық тәжірибесін қолданатын. Міне, осы мәселеде ол өзін де, командасын да тынымсыз еңбек етуге үйретті. Сол кездерде Түркістан біршама өзгеріп, дами түсті. Ол уақыттарда Түркістан тек қала, Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауданы ғана болатын. Дей тұрсақ та, ол қала келбетін жаңарта білді. Көшелерін жөндеді, көпқабатты үйлер көбейіп, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Су жүйелерін жаңартты, сонымен бірге, Қазақстандағы ең биік көк ту желбіреп тұрған «Рәміздер алаңын» салды. Сол көк ту осы уақытқа дейін Әліпбектің есімін еске салғандай желбіреп тұр.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы.

 

ЖАЛҒАН ДҮНИЕ...

Өзімнен бір мүшел кіші ініме арнап естелік жазамын деп ойлаппын ба, қатты қиналдым. Амалым жоқ, келер ұрпаққа білгенімді жеткізуді ағалық парызым деп санадым.

Мен естелігімді сонау шаққа шегініс жасап, 1959 жылдардан бастағанды жөн көрдім. Мен ол кезде Түркістан ауданы, Үшқайық ауылдық Кеңесіне қарасты Балтакөл елді мекеніндегі «Ағарту» мектеп-интернатында бастауыш класта оқитынмын. Сол жылы жасы 22-23-тердегі Шәріпбек Өсербайұлы Шымкент педагогикалық институтын бітіріп келіп, мен оқитын мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып орналасқан. Келген күннен жоғары класс оқушылары, мұғалімдер ол кісінің білімділігін, қаталдығын аңызға айналдырып, әңгіме ете бастады. Айтса айтқандай, Шәріпбек ағайдың білімін ата-аналар да естіп, бір марқайып еді. Ол кезде біздің отбасы әулетімізбен Сайрам ауданының колхоздары орналасқан Көлқұдықта, қазіргі Үштам айналасындағы шашыраңқы тоғай-тоғанда тұратынбыз.

Анам Мінәй шай үстінде Хадиша келінінің балаларын тәртіпті етіп өсіруі мен үй шаруасындағы бітпейтін жұмыстармен қатар, үй іші жиһаздары мен төсеніш, ыдыс-аяқтарын тап-тұйнақтай таза етіп ұстайтынын айтып, мақтап отырушы еді. Міне, осындай үлгілі отбасының ұл-қыздары өмірде талай қиындықтарды жеңе білді. Соның нәтижесі болуы керек, Хадиша жеңгемнің тәрбие беруінің арқасында балалары тәртіпті болып өсіп, жоғары білім алды, өз қатарларының алды болды. Бірі мекеме басқарса, бірі мектеп басқарды, бірі кәсіпкерлікпен айналысып, еліміздің қуатты мемлекет болып қалыптасуына өз үлестерін қосуда. Сол ұл-қыздарының тұңғышы Әліпбек мектепті алтын медальмен бітіріп, Шымкенттегі технологиялық институтты тәмамдап біздің үйге келіп, сүйінші сұрап, қуанышын бөліскені бар. Сафура келінді түсіргенде дүрілдетіп есіктің алдын кілеммен қоршап, той жасап, құдаларды қоңсылар болып бірге күткенбіз.

Әліпбек 1996 жылы наурыз айында КСДК зауытына бас инженер қызметіне тағайындалғанда өзім арнайы кіріп, құттықтап шықтым. 1998 жылы Түркістан қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанымда Әліпбек келіп, мені құттықтап, қуантып кеткен. Міне, осы кезеңнен бастап, біз бір-бірімізбен тығыз байланыста болдық.

Әліпбектің қаншалықты қадірлі-қастерлі болғанын өзі өмірден кеткеннен кейінгі қалың жұртшылықтың аза тұтып, сол кезеңде ушығып тұрған коронавирус індетіне қарамастан қимастықпен қоштасқаны да білдірсе керек. Шымкент, Ордабасы, Отырар, Кентау, Түркістан қалаларынан жиналған жұртшылық жаназасы, жетісі, қырқы, ас беру, Құран оқыту жиындарына шексіз ағылып, Әліпбектей арда туған азаматты жоқтап, көңіл айтып жатты. Осының барлығы екінші дүниесіне алып кететін зор абырой, шексіз алғыс пен құрмет емес пе?!

Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, Түркістан қаласының, Отырар, Шардара аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз