200 адамды ажалдан арашалаған көгершін

Табиғаттың біз білмейтін тылсым сырлары көп. Әрбір жаратылыс иесінің табиғатта орындайтын миссиясы болады. Біреуі жойылса, табиғи тепе-теңдік бұзылып, экологиялық ауытқулар пайда болатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Осындай құпия жаратылыс иелерінің бірі құстардың да қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан. Ал, сіз осы бір тіршілік иесінің Табиғат-Анадан бөлек 200-ге жуық адамды ажал аузынан аман алып қалғанын естіген бе едіңіз?

Қазіргідей технология дамымаған заманда да адамдар байланыс құралдарының түр-түрін ойлап тапқан. Мәселен, ежелгі адамдар өзіне қауіп төнгенін өзгелерге білдіру үшін от жағып, белгі берген. Бертін келе бұл ақпарат құралдары да түрлене түсті. Адамдар хат тасу үшін көгершіннің көмегіне жүгіне бастады. Сондай хат тасушы көгершіндердің бірі Шер Ами бірінші дүниежүзілік соғыстың батырына айналып шыға келді.

Шер Ами – француз тілінен аударғанда «асыл дос» деген мағынаны білдіреді. Ұлыбританиялық құсты 1918 жы­-

лы АҚШ әскері өздерімен бірге Франция жеріне соғысқа әкетеді. 3 қазан күні АҚШ майоры Чарльз Уайтлиси өзінің 550 сарбазымен бірге жау қоршауында қалып қояды. Оқ дәрлері де, тамақтары да таусылған америкалық сарбаздарды ажал аузынан алып қалу мүмкін емес еді.

Осы кезде Чарльз Уайтлиси хат таситын көгершіндерді ұшыруға бел буады. Бірінші көгершіннің аяғына «Жараланғандар өте көп. Жау қоршауынан шыға алмаймыз» деп жазылған қағаз байлайды. Алайда, Германия солдаттары ол көгершінді атып түсіреді. Екінші көгершіннің аяғына байланған хатта «Адамдар жаралы. Көмек жіберіңіздер» деп жазылған екен. Алайда, ол көгершін де межеге жетпей, оққа ұшады. Жығылған үстіне жұдырық болғандай, көмекке келген артиллерия нысанадан шатасып, Уайтлиси әскері жасырынған жерді атқылайды. Осы кезде майор соңғы үшінші көгершінді ұшыруға бел буады. Шер Амидың аяғына «Көмекке келген артиллерия өзімізді атқылап жатыр. Біз жолдың шетінде жасырынғанбыз. Өтініш, атқылауды тоқтатыңыздар» деген хат қыстырады.

Талдың арасынан ұшып шыққан көгершінді неміс солдаттары байқап қалып, оқ жаудырады. Оқ тиіп сұлап түскен көгершіннен Америка сарбаздары үміттерін үзеді. Алайда, алған жарақатына қарамастан қайта көкке көтерілген Шер Ами белгіленген межеге хатты жеткізеді.

40 шақырым жерді 25 минутта артқа тастаған қаһарман құс осылайша 194 сарбазды өлімнен арашалап қалады. Ол осы миссиясын атқару кезінде бір аяғы мен бір көзінен айырылды. Кеудесіне тиген оққа қарамастан міндетіне адалдық танытып, 200-ге жуық әскерді аман алып қалған көгершінге соғыс біткен соң Францияның «Әскери крест» медалі мен АҚШ-тың «Алтын медалі» табыс етілді. Емін-еркін қимылдауы үшін дәрігерлер оған ағаштан жасанды аяқ жасап берді. Бір жыл өткен соң ол соғыста алған жарақатынан көз жұмды. Оның қатырылған мүсіні қазір АҚШ-тың ұлттық мұражайында сақтаулы тұр.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз