«Тұранда» кімдер ойнайды?

Қазақстандық спортсүйер қауым биылдан бастап футболдан Қазақстан премьер-лигасында Түркістан облысының командасы өнер көрсететіндігінен хабардар. Ел чемпионатында облыс намысын былтыр бірінші лигада күміс жүлдеге ие болған «Арыс» футбол клубы қорғамақ. Клубтың атауы өзгеріп, жаңа маусымда «Тұран» футбол клубы деп аталды. Қазір команда Түркияның Анталья қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Біз бүгін өңір жұртшылығына Түркістан облысының намысын қорғайтын футболшыларды таныстырғанды жөн көрдік.

«Тұран» сапында қазір үш қақпашы бар. Оның бірі – 23 жасар Бекжан Тоқтарбай. Былтыр осы клубтың құрамында екі ойынға қатысқан. Бекжан – Оңтүстік футбол мектебінің түлегі. Одан бөлек тәжірибелі екі қақпашы бар. Былтыр «Қыран» қақпасын қорғаған Андрей Пасеченко биыл «Тұран» қақпасын күзетпек. Пасеченконы көпшілік «Жетісудағы» ойындары арқылы біледі. «Астана» сапындағы Станислав Павлов та биыл «Тұранға» келіпті. Қазақстан жастар құрамасының сапында бірнеше рет алаңға шыққан С.Павлов алдағы маусымды Түркістанда өткізбек.

«Тұранның» бапкерлері алматылық «Қайраттың» түлегі Нұрлан Дайыровқа қорғаныс шебін сеніп тапсырмақ. 2017 жылы «Оқжетпес» сапында доп тепкен футболшыны «Қайрат» былтыр өздеріне қайтарып алған. Алайда, үнемі қосалқы құрамда отырғаны Дайыровқа ұнамаса керек, Түркістан жақты бетке алыпты. Футбол мамандарының пікірінше, Нұрлан өзінің мықтылығын нақ осы «Тұранда» көрсетеді. Нұрланнан бөлек «Тұранда» Мейіржан Қамбыл есімді қорғаушы жүр. Ол кезінде «Оле Бразил» академиясында тәлім терген. Кейіннен «Бәйтерек», «Мақтаарал», «Атырау» клубтарында ойнаған. «Қайраттың» тағы бір қорғаушысы Ермек Қуантаев жаңа маусымды түркістандықтар сапында бастайды. Ал, «Арыста» бұрын өнер көрсеткендердің арасында жаңа атауға ие болған команда құрамына Ғафуржан Назаров қайта оралыпты. Ол былтыр шымкенттік «Жас Ұлан» командасы сапында ойнаған. «Ордабасы» футбол мектебінің түлегі Мардан Төлебек те «Тұранды» өрге сүйреу үшін Түркістанға келді. Қорғаушылар тізімінен ақтаулық Мирас Төлеев пен алматылық Елсүйер Алпысбайды да көзіміз шалып қалды.

Жартылай қорғаныста түркістандық тағы бір клуб – «Қыранның» ойыншысы Асылжан Аббас пен «Ордабасының» түлегі Еркебұлан Амангелді ойнайды. Ал, бұрыннан клуб сапында жүрген Дархан Қалиұлы, Шынболат Мақсымхан, Абай Жүнісов, Бағдәулет Ақберген мен Бекжан Әліпбеков өз орындарын сақтап қалыпты. Команданың орталық шебі жоғарыда аталған жас футболшылардан бөлек тәжірибелі футболшылармен де толығуда. 33 жастағы Бекзат Бейсенов енді «Тұран» жейдесін киеді. «Оңтүстік» академиясының түлектері Алдияр Мұхаммед пен Самат Бөрітайұлы жартылай қорғанысқа жауап береді.

Шабуыл шебінде тәжірибелі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған футболшылар бар. Таңатқа жаңа маусымда бұрыннан «Тұранда» тер төккен нигериялық легионер Стэнли Нкоби мен 23 жастағы шабуылшы Темірлан Әміров көмектеспек.

Айтпақшы, «Тұран» Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде жолдастық кездесу өткізіп, жанкүйерлерін қуантты. Украинаның «Металлист 1925» клубымен өткен ойында түркістандық команда 2:0 есебімен жеңіліп жатқан. Екінші таймда Исламжан Насыров, Таңат Нөсербаев пен Темірлан Әміров бір-бірден гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. «Тұран» чемпионаттағы алғашқы ойынын «Астана» командасымен өткізеді.

Е.Қожахметұлы.

 

 

Пікір қалдырыңыз