Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

ШЫҢДАҒЫ ШЫНАР


Жер менен көкке тіреудей,

Жерден су, көктен нұр ембей.

Найза шың тұр шаншылып,

Қабағы қайтсін түнермей.

 

Ұшар басында бір шынар,

Тәкаппар қарап тұр сыңар,

Тілдесіп қана қайтуға,

Төзімі жетіп кім шығар?!

 

Жазықты жайлы, еп көріп,

Жан-тәнімен жек көріп,

Шыңдағы жалғыз шынарға,

Теректер қарар кектеніп.

 

«Кеудесін керген сылқым» деп,

Қайыңдар тұрар күңкілдеп,

Шыбықтың аузы ашылар,

«Жетем бе соған бір күн» деп.

 

Тұрмайды неге жерге кеп,

Керек пе оған, төр бөлек?

Шыршалар кетті жетуге,

Найзадай шыңға өрмелеп.

 

Шынар тұр бойын тік ұстап,

Жапырағымен тыныстап.

Күңкілін жұрттың не қылсын,

Кімімен қалай ұғыспақ...

 

Жалғыздық жанын жаралап,

Жаралап және даралап.

Шынар тұр, шыңның төсінен,

Жапырақ жасы домалап...

 

 

7 пікір

  • С.Б
    С.Б

    Өлең деп осыны айт!!!????????????????

  • Серікмұрат.17.03.2021.
    Серікмұрат.17.03.2021.

    Шыңдағы шынар, меніңше ұлылардың орны, әйтпесе ұлылардың мекені тәрізді. Ұлы адамдардың ойлағаны,жәй адамның түсіне де кірмейді емес пе.

  • Анаргүл Жағыпарқызы
    Анаргүл Жағыпарқызы

    Жалғыздық жанын жаралап, Жаралап және даралап. Шынар тұр, шыңның төсінен, Жапырақ жасы домалап... Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә... Керемет!!!

  • Нигметова Перизат.
    Нигметова Перизат.

    Жанат жанның жазған өлеңдері қай оқырманының жүрегінен орын ала білген.Суреттеуі тамаша.

  • Бақыт Қайыпқызы
    Бақыт Қайыпқызы

    Жанат керемет ақын қыз ғой. Суреттеуі шынайы. Жалаң суреттемейді. Жанкабай жазарың таусылмасын

  • Сейпутанова Айымгүл Қамзақызы
    Сейпутанова Айымгүл Қамзақызы

    Тұнып тұрған суретті сөз, тілге оралды әрі жаттауға да ыңғайлы ????????????

  • Ләззат
    Ләззат

    Өмірдің кейбір сәттері...

Пікір қалдырыңыз