Астана болған Созақ еді...

«Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді» деп Алпамыс батыр жырында айтылатын қарт Қаратаудың теріскей бетінде жатқан Созақ даласы ежелден түркі жұртының тірегі еді. Сарыарқада Қарағанды облысымен, Мойынқұмда Жамбыл облысымен, Мыңжылқыда Қызылорда облысымен шектесетін аудан территориясы Түркістан облысының үштен бір бөлігін құрайды. Бұл өлкеде түркі даласына Ислам өркениетін алып келген Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзізден бастап, Қарабура, Саңғыл би сынды нешеме қайраткерлер мен зиялылар жатыр. Екі мәрте қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Созақ шаһары орналасқан. Даңқты қазақ ханы Хақназар осы мекенде жерленген.

Ортағасырлық Шолаққорған қалашығы бүгінде аудан орталығы. 1946-48 жылдары Ә.Марғұлан бастаған ғылыми экспедиция Созақ жеріндегі тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, дәлелді деректер жазып қалдырған. Кешегі жаугершілік заманда аталарымыз бас қосатын, келелі кеңес өткізетін жері оңтүстікте Түркістан, батыста Сарайшық, арқада Ұлытау болса, ал, Созақ даласы жер қайысқан қолды кедергісіз әрі қауіпсіз алып өтетін дәліз қызметін атқарған еді. Түркістан мен Ұлытау арасында жедел хат-хабарды жеткізуге арналған мұнаралар болған деседі. Солардың бірі Ақбикеш мұнарасы тарихи деректерде Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорықтарында Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін қарауыл мұнарасы ретінде пайдаланылған делінеді. Кенесары ханның сонау Торғайдан айшылық жерді жеті күнде кесіп өтіп, аса жанкештілікпен Созақ шаһарын жаудан азат етуі де оның стратегиялық маңызын ерекше көрсетіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, көшпелі өмірдің классикалық формасы мен Шығыс мәдениетіне бірден қадам басатын Созақ жері рухани тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да Азияның қақпасы іспетті.

 

Кешегі тарих және бүгінгі келбет...

Созақ ауданы жер асты қазба байлықтарының молдығымен ерекшеленеді. Аудан территориясында мұнай, уран, газ, көмір, алтын, күміс, қорғасын, мыс, мырыш, тұз, емдік минералды судың мол қоры бар, кен орындары да жұмыс істеп тұр (Шу-Сарысу газ, Орталық, Таңбалытас, Придорожное, Келіншектау, Бессаз, Алтынтау, Аппақ, Уанас, Қанжуған, Мыңқұдық, Мойынқұм, Таскөмірсай, Үлкенсор, Дарбыт және т.б.). Аталған кен орындарын Ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер игеріп жатыр. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі осы өндіріс орындарында еңбек етеді. Әлемде өндірілетін уранның 25 пайызы Қазақстаннан шығатын болса, соның 60 пайызы осы Созақ жеріне тиесілі. Бұл жұмыс орындары ретінде көңілге демеу болғанымен, ауданның экологиялық ахуалы, тұрғындардың тұрмыс жағдайы алаңдауға негіз болып отыр. Ежелден мал шаруашылығына бейімделген ауданның флорасы мен фаунасы да жойылып барады. Ұшқан құс, жүгірген аң жылдан-жылға азаюда. Аудан территориясының басым бөлігін шөлейтті жерлер құрайды. Оның үстіне Байқоңырдан ұшатын зымырандар онсыз да желді аймақты дауылдың астында қалдырды. Шаруалар желмен бірге жүйіткіп, жерге бір тамшы түсіруге мұршасы келмей суыт өтіп бара жатқан қоңыр бұлттарға телміре қарап, бір күрсінеді. «Тағы бір Толағай туып, уранды жабық өндіргізсе, Байқоңырдың зымырандарын дауылсыз ұшыртса» деп армандайды. Өйткені, Құдайдың сыйға тартқан Қаратауы да бүгінгі адам қолынан жасалып жатқан экологиялық зауалдардың құрбанына айналған. Құдайдың жайраңдаған жазында көтерем болып қырылып жатқан малды көрген шаруалар атакәсіптен безіп кетудің о жақ, бұ жағында отыр. Алаңдайтын тағы бір мәселе, осынау шөлейтті аймақтың маңдайына біткен тау бөктерінде санаулы ғана тұмалы саз бар еді. Оны да қолы жеткендер қоршап алып, аң-жануар саялайтын жер қалдырмай барады. Кейде маған Созақ өңірі кешегі айбынды елдің астанасы болған киелі жер емес, вахтада істейтін жұмысшылардың поселкесіне айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Тауын орманға, құмын сексеуілге, бетпағын жасыл желекке айналдырсақ дейтін бала күнгі арманымыз адыра қалғандай болады. Дегенмен, әрекетте берекет барына, армандар түбі орындаларына сенесің.

 

Әлеуетін дұрыс пайдалана білсек...

Цифрлық технология, жасанды интеллект, озық үлгідегі қарым-қатынас техникасы дамыған ХХІ ғасырда «шалғайдағы ауыл», «қиырдағы аудан» деген ұғым-түсініктер болмауы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, Созақты облыстың бір ауданы ретінде ғана қарастырып қоймай, Қазақ хандығына бір емес, екі рет астана болған қаланың рухани мәртебесін анықтайтын кез әлдеқашан жетті. Әйтеуір көштен қалмай, ел қатарлы жүре берсек болды деп қамсыз отыра беруге болмайды. Бұл принципті тек Созақ ауданына ғана емес, еліміздің барлық аудандарын дамыту үшін ұстанған жөн. Мәселен, Созақ ауданының территориясындай жерде қарқынды дамып жатқан тұтас бір мемлекеттер бар. Айталық, Созақ ауданының территориясы 41 000 км² болса, Еуропадағы Бельгияның жер көлемі – 30 528 км², ал, Азиядағы Израильдің жер көлемі – 20 770 км². Кеңес өкіметі кезінде арнайы Созақ өңіріндегі жер асты кендерін зерттеу үшін Әйкене ауылында тұрақты геологиялық ғылыми-зерттеу стансасы құрылған еді (1972 жылы құрылып, 1993 жылы тараған). Ол мекеме бас-аяғы 20 жылдың ішінде Көкшенің құмын жасыл желекке айналдырған. Уран өндірушілерге арналған Таукент, Степной деп аталатын қала типтес поселкелер салынған. Мұның бәрі уран өндірісінен мол пайдаға кенелетінін білген Кеңес өкіметінің қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Ендігі міндет, сол байлықтың бейнетін де, радиациялық зардабын да тартып отырған қараша халықтың игілігін ойлау.

Ең әуелі кезек күттірмейтін мәселе – ЭКОЛОГИЯ. Өркениетті елдердің үлгісімен жедел шараларды қолға алып, бұрынғы өзен-суларды, бұлақтарды, суаттарды, құдықтарды қалпына келтіріп, даланы жасыл желекке айналдырып, тіршілік атаулыны қайта жандандыруға бүгін кіріспесе, ертең кеш болады. Халықаралық ұйымдар арқылы өлкенің экологиялық ахуалын зерттеп, шұғыл шешімдер қабылдау қажет. Екінші мәселе, ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыту. Саннан сапаға көшу. Жер бөлінісін реттеу. Латифундистерге жол бермеу. Тамшылатып суару жүйесін кеңінен ендіру. Қымыз, шұбат (жергілікті тұрғындар «қымыран» деп атайды) өндірісін дамытып, радиациялық залалдарға қарсы дәрумен ретінде уранда жұмыс істейтіндерге тегін таратуды ойластыру.

Үшінші, жол салу. Айта кету керек, ауданнан облысқа қатынайтын және ауыларалық жолдардың сапасы салыстырмалы түрде алғанда біршама жақсарған. Менің айтпағым, стратегиялық маңызы бар үлкен автобан салу жобасы. Өзімнің Facebook парақшамда Түркия мен Қазақстан жолдарын салыстыра жазған едім. Стамбул қаласына Азия тарапынан келетін жолдардың саны 7-еу екен. Еуропа мен басқа бағыттарға шығатын жолдарды қоспағанда. Жол болғанда да жәй жол емес, алып тауларды жарып салынған, теңіздердің үстімен әсем көпірлермен асып түскен, тіпті теңіздің астынан да салынған автобандар. Бәрінің де сапасы өте жоғары деңгейде. Біздегі жолдарды ол жолдармен қиялыңызға ерік беріп те салыстыра алмайсыз. Келешекте Өзбекстан, Шымкент, Түркістан, Тараз жұрты үшін Созақ ауданы арқылы солтүстікке қатынайтын тез әрі қысқа халықаралық жол салуды жоспарлау қажет. Бұл Созақтың сайын даладағы тарихи транзиттік қызметімен де қабысып кетер еді.

Төртінші, тарихы бай өңірдің рухын тірілту, руханиятын қайта жаңғырту. Өздеріңіз білесіздер, киелі Түркістан қаласы қалай облыс орталығына айналды, солай көркейіп сала берді. Алаштың астанасы Семей де қайта түледі, Арқадағы Ұлытау мен Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданы халықаралық және республикалық деңгейдегі келелі жиындар өтетін рухани орталыққа айнала бастады. Осы жақсылықтар, осы жаңалықтар Созақ жеріне де жетсе деген тілегіміз бар. Оған ауданның тарихи да, рухани да һәм экономикалық потенциалы да лайықты. Тарихи деректерге сәйкес өткен жылы Созақ шаһары қазақ хандығының астанасы болғанына 555 жыл толған еді. Өкінішке қарай, ол дата елеусіз қалды. Әдетте, мерейтойлар аясында реставрация, күрделі жөндеу жұмыстары, кітап, журнал шығару, ескерткіштер орнату, конференция өткізу сияқты бір реттік шаралармен ғана шектеліп жатамыз. Негізі атаулы даталарды пайдалана отырып, сол өңірдің жүйелі дамуына, тұрғындарының интеллектуалды потенциалының артуына жан-жақты ықпал ететін жұмыстарды алдын ала ойластыру керек деп есептеймін.

Әсіресе, жастарды зиялылыққа, шығармашылыққа үндеу парызымыз. Шығармашылық дегенді ақындық, жазушылық, әншілік деп ғана түсінетіндер де бар. Бүгінгі цифрлық технология мен жасанды интеллект заманында адамзат игілігі үшін жасалып жатқан барлық жетістіктер адамның жасампаздығына тиесілі екенін ескере бермейміз.

Созақ – қайраткерлер мен зиялылар мекені. Сұлтанбек Қожанов, Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұловтың қазақ еліне сіңірген еңбегі ерен. Кешегі Құлыншақ Кемелұлының ақындығы, Сүгір Әлиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров негізін салған Қаратау күйшілік мектебі дүйім жұртқа мәлім. Осылардың ізбасарлары ауданнан жасындай жарқылдап, республикалық, халықаралық конкурстарда жүлделі орындар алып жатса көңіліміз шат болар еді. Мақала соңында ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын» деген сөзін оқырмандар есіне тағы сала кеткіміз келіп отыр. Қалай болғанда да көтерілген мәселелерге Мемлекет басшысы да, Премьер-министр де, қос палаталы Парламент те оң көзімен қарар деген үмітіміз басым.

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ.

 

 

20 пікір

  • Тахир Керімбекұлы
    Тахир Керімбекұлы

    Созақ халқының күткені осы. 100 % қолдаймыз !

  • Қуандық
    Қуандық

    Қолдаймын . Жерінде елінде стратегиялық жоспарлау арқылы бес жыл ішінде жоғары деңгейде көрсетуге болатын еді ғой . Мемелекет қолға алса .

  • Муханов Сәбит Елбасыулы
    Муханов Сәбит Елбасыулы

    Керемет колдаймыз осындай жанашыр ағайындар көп болсын.

  • Айтжанов Есенгелді Қоңырбайұлы.
    Айтжанов Есенгелді Қоңырбайұлы.

    Облысымыздың қарнын толтырып отырған Сырлы Созаққа да мойын бұратын кез келген сияқты. Мен қолдаймын.

  • МƏДЕЛІ ЖАҚЫПҰЛЫ ƏЛІТЕГІ
    МƏДЕЛІ ЖАҚЫПҰЛЫ ƏЛІТЕГІ

    Мен қолдаймын, осындай ел қамын оилайтын,азамат азаматшалар,көбеие берсін

  • Ләззат Молдабекова зейнеткер- ұстаз
    Ләззат Молдабекова зейнеткер- ұстаз

    Өте орынды көтерілген мәселе! Ауданымыздың әлеуметтік жағдайы қазір өте төмен. Халық уран өндірілген жерде у жұтып отыр. Толып датқан рудниктердің мол тпбысынан жергілікті халыққа компенсация түрінде болса да төлену керек. Ең бастысы жергілікті жер байлығын ел байлығына айналдыру қажет. Кеңестік дәуірде салынған Таукент,Степной қалашықтары қазір тозып кеткен. Көзге ұрып тұр,халыққа жанашыр тұлға болмаса қиын екен. Кезінде жергілікті халық уранда жұмыс жасамаса да айлық еңбекақысына надбавка алатын. Қарапайым мұғалімдер Таукентте 100-ге 60%,ал,Степнойда 100-ге 90% !!!!! Міне,қазір соның бәрі жоқ! Мұғалімдер кезексіз пәтермен,балалар бақшасымен қамтамасыз етілетін . Поселоктің үй кезегінен тыс мұғалімдерге арнайы үй бағдарламасы болған. Өзім сол жеңілдіктің бәрін алған адаммын. Қазіргі жастарға сол кезді айтсақ,ертегі сияқты. Көшеде қазір мал жайылады,көгалдандырмақ түгілі көшедегі саялы ағаштарды әлдебір себеппен қырқып,ұсқынсвз етіп қойды былтыр. Отын етіп беріпті дачадағы жағдайы төмен отбасыларға деп есіттік. Ұят тірлік,жыл сайын қаралып жатқан,бөлініп жатқан қаржыларды қайда жұмсап жатыр?.... Ауруханадағы бүкіл лабароторияны,барлық жабдықтарды,рентген аппараттары аудандық ауруханаға көшіріп алып кетті үш жылдай болды. Халық қарсылық білдіргенмен түк шықпады. Үш төрт қария бар,арнайы сөйлетіп қоятын,басқа да кісілер бар елді қарсы келмеуге шақырып отыратын,солармен шешілді бәрі. Созақтың топырағында 600 жылға жетерлік кен қоры бар дегенді оқыған ем,ертеректе,олай болса неге болашақ ұрпағымыз үшін бәрін қайта қолға алмасқа! Ертең көшіп кететін ел емеспіз ғой! Автор орынды мәселе қойып отыр,қолдайық,халқым.

  • Сапарбаевтар
    Сапарбаевтар

    Қолдаймыз

  • Мадияров Бақытжан
    Мадияров Бақытжан

    Өте орындыда мағыналы келешек ойлаған шынайы шындық өткір пікір бауырымызға Алла жар болсын келешекті ойлайтын ұрпақты ойлайтын осындай елдің азаматтары көп болсын үкіметтің құлағына жетсе дұрыс болар еді.

  • Молдаш Жуматаев
    Молдаш Жуматаев

    Өте дұрыс көтерілген мәселе екен оған біздің билік құлақ қойса нұр үстіне нұр болар еді

  • Дәуітов Ержан Көпірбайұлы
    Дәуітов Ержан Көпірбайұлы

    Арайлап таңы атқан жер, Қарабура жатқан жер

Пікір қалдырыңыз