Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Исраил САПАРБАЙ

БАЛАУЫЗ ШАМ


Балауыз шам...

Ымыртта өшіп-жанған,

Бір тал гүлім қара жер төсін жарған.

Жазға ілескен көктемім күзге ұласып,

Көз алдымнан барады көшіп жалған.

 

Көк түтінге тұншығып түйдектелген,

Үркіп ұшып барады үйрек көлден.

Қай тұйыққа бір күні тірелерсің,

Қайран менің жолдарым иректелген? ..

 

Күрең, күлгін құп көрмей күз іреңін,

Тырналардың соңынан тізілемін.

Бір түнінен бір түні түнеріңкі

Кірпігінен мұңлықтың үзілемін.

 

Балауыз шам...

Балауса талдай гүлім,

Ғұмырыңды таң атса жалғайды кім?

Еріп бара жатқаның қандай қиын,

Сөніп бара жатқаның қандай қиын...

 

Пікір қалдырыңыз