Ерім дейтін ел қайда?

Өткен жыл Қазақстан спорты үшін соншалықты табысты жыл деп айтуға келмес. Алайда, әлемді жайлаған індеттің салдарынан бірқатар ірі жарыстардың тоқтатылғанын ескерсек, көңілге медет болар нәтижелерді де айтуға болады. Десе де, қазақ спортшыларының нәтижелеріне алаңдап, қабақ шытқан кездеріміз де аз болған жоқ. Әсіресе, әділетсіздікке тап болып, жеңілістің ащы дәмін сезінген спортшыларды көріп, қынжылғанымыз рас. Сонда қазақ спортшыларының абыройы үшін араша түсіп, олардың халін күйттейтін азаматтардың табылмағанына тағы бір күйіндік.

Ережесіз жекпе-жек сайыстарының төресі «UFC» болып тұр қазір. Сол сында биыл алғаш рет қазақ спортшысы өнер көрсетуге мүмкіндік алған. «UFC» бәсекесіне араласқан тұңғыш қазақ Жалғас Жұмағұловтың жолына үмітпен қарағанбыз. Әрине, Жалғас бізді жерге қаратқан жоқ. Алайда, төрешілердің шешімі басқаша болды. Қарсыласы бразилиялық Раулиан Пайвені бір-екі рет есінен тандырса да, төрешілер Жалғастың қолын көтере қоймады. Әлемдік спорт сарапшылары да, жанкүйерлер де бұл жекпе-жектің нәтижесі әділетсіз болғанын айтып жатты. Ал, біздің тарап үн-түнсіз отыр...

Тағы бір жекпе-жек шебері Мұратбек Қасымбай да дәл осындай әділетсіздіктің құрбанына айналды. Ол Ресейде өткен «AMC Fight Nights Global» турнирінде ирандық Мохаммед Хейбатимен жұдырықтасқан. Актагонның ішінде қуып жүріп сабаса да, жеңіс Мұратбектің емес, Хейбатидің еншісіне жазылды. Қасымбай мен Хейбатидің бұл айқасы ережесіз жекпе-жек мамандарының үлкен наразылығына ұшырады. Төрешілердің шешімін қайта қарау мәселесі де көтерілді. Алайда, біздің тарап тағы да үнсіз қалды.

Ел абыройын көтеретін, имиджін қалыптастыратын екі сала болса, бірі – өнер, екіншісі – спорт. Бұл талайдан бері айтылып жүрген әңгіме. Ел спортшыларының халықаралық аренадағы абыройы – ел абыройы.

Өткен жылы футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламханның да басы дауға қалды. Біріккен Араб Әмірліктеріне доп тебуге кеткен Бауыржанымыз допинг дауына ілігіп, екі жылға спорттан шеттетілді. Тараздық талантты футболшы өзінің кінәсіз екендігіне толық сенімді. Ол ешқандай тыйым салынған препараттар қолданбағанын айтып бағуда. Бауыржан Исламхан өз абыройы үшін соңына дейін барамын деп отыр. Алайда, мамандар оны дәлелдеу үшін өте көп уақыт кететінін айтады. Допинг дауына іліккен спортшылар өзін ақтап алуы үшін 2 жылға жуық уақыт сандалады екен. Оған қорғаушы жалдауға, анализ тапсыруға, футбол қауымдастығының есігін қағуға кеткен шығынды қосыңыз.

Әрине, Бауыржанның шын мәнінде допинг қолданған-қолданбағаны бізге беймәлім. Алайда, футболшының кінәсіздігін дәлелдеуі үшін қолдау білдіруге болар еді ғой. Бауыржан Исламханды ақтап алмасақ, қазақ футболы құрдымға кетеді деген әңгімеден де аулақпыз. Алайда, осы үнсіздігіміздің кесірінен «Бауыржанның артынан ерген спортшылардың көңілін суытып алмаймыз ба?» деген көңілде күдік тұр. Түбегейлі ақтап ала алмасақ та, моральдық тұрғыдан қолдағанымыз оған қуат берер еді дейміз да. Ерім дейтін ел болатын-ақ уақыт келді ғой.

Жалпы, қазақ спортшыларына жасалған әділетсіздіктердің басы Жалғас пен Мұратбектен басталған жоқ. 2016 жылғы Рио Олимпиадасы көпшіліктің есінде шығар. Төрешілер финалда ресейлік боксшы Евгений Тищенконы екі рет нокдаунға жіберген қазақстандық Василий Левиттің емес, қарсыласының қолын көтергенде бүкіл зал наразылық «ысқырығына» басқан. Бұл туралы әлемдік беделді басылымдар да жарыса жазды. Тіптен, Халықаралық Олимпиада Комитеті осы жекпе-жектің қорытындысы үшін арнайы жиын өткізіп, Риода төрелік еткен төрешілердің барлығын Олимпиададан шеттетті. Олимпиада болар алдында өтетін әлем чемпионаттарында төртжылдықтың басты додасына жолдама үлестірілетін. Алайда, 2019 жылғы Ресейде өткен чемпионатта олай болған жоқ. Халықаралық Олимпиада Комитеті бұл чемпионатта жолдама беруден бас тартты. Тіпті, боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастау мәселесі де көтерілді.

2014 жылғы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындары Юлия Галышеваның есінен кетпейтін шығар. Нағыз бабы келіскен қазақстандық спортшы жүлдегерлердің қатарынан көрінуі тиіс еді. Алайда, төрешілер олай ойламапты. Жартылай финалдық сында өз жаттығуын мүлтіксіз орындаған фристайлшы қазылардың төмен бағасына ие болды. Финалға берілер 6 жолдама үшін таласқан спортшылар арасында Юлия Галышева 7-орынды місе тұтты.

Өз спортшыларымыздың, түптеп келгенде, еліміздің абыройы үшін әділетсіздіктің қамалына тас атуымызға не кедергі?! Тәуелсіздік алғанымызға биыл – 30 жыл. Әлемнің өзге мемлекеттерімен ақыл жарыстырар, айбат таластырар уақытқа да жеттік. Үмітке үкі тағып аттанған спортшылардың сөзін сөйлей алмасақ, намысымызға әлі талай нұқсан келеді. Алда – Токио Олимпиадасы. Ел намысы сыналар шақта спортшыларға қамқорлық жасау ісіне де маңыз беріп қарамасақ, бармақ тістеп отырып, айтатын әңгімеміз көп болады.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз