Тәуелсіздік – тағзым ететін мереке

Әрбір саналы азамат үшін Тәуелсіздік мерекесі – мерекелердің төресі, ең ұлық мейрам. Бұл мерекенің соңы аста-төк тойға, даңғазалыққа ұласпауы тиіс. Қазақ мемлекеттігінің шаңырағын шайқалтпай, ырыс-берекесін кетірмей, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтауымыз қажет. «Елді қалай, қай бағытта дамытамыз?» деп ойланатын, толғанатын кемел кезең бұл.

Өте шыққан отыз жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шартты түрде үш онжылдыққа бөліп қарастырады. Бұл онжылдықтардың әрқайсысы ғасырдың жүгін арқалап тұр. Оның алғашқысын Қазақстанның іргетасын қалау, екіншісін елдің керегесін кеңейту, үшіншісін мерейлі мемлекетке айналдыру кезеңі деп бейнелейді. Әрине, орда бұзу оңайға түскен жоқ. Демек, қамал алудың да қиынға түсетін түрі бар. Шындап келсек, қазақты, Қазақ мемлекетін құтқаратын, сақтап қалатын, арқа сүйейтін төрт құндылық бар: Олар – тұнық тіл, терең тарих, тылсым табиғат пен тыңғылықты тыныс-тіршілік. Осы құдіретті құндылықтар турасында Президент жақсылап таратып айтып берді. Сондықтан Президенттің мақаласын қай-қайсысымыз да асықпай оқып, ой түйелік, пікір қосалық.

Осы 30 жылда не тындырылды? Қандай жетістіктерге жеттік? Кемшін тұсымыз болса, неден мүдірдік? Алдағы әрекет қандай болмақ керек? Бағындырар биігіміз, алар асуымыз қайсы? Ақиқатын айтудан да қашпалық. Қателік кездесіп жатса, алдын алған жөн. Атам қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демеуші ме еді, мұндайда! Бізге керегі осындай – байыпты бағдарлама, сұңғыла – сараптама. Енді бос әңгімені азайтып, сабырлы, салиқалы әңгімеге көшкен ләзім.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, облыстың құрметті азаматы.

 

 

Пікір қалдырыңыз