Дидар – жаңа облыстың алғашқы чемпионы!

Дзюдодан Ақтау қаласында аяқталған Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының балуаны Дидар Хамза 90 келіге дейінгі салмақта алтын медальге ие болды. Дидардың есімі Түркістан спорты тарихында ерекше сақталмақ. Себебі, бұл – Түркістан облысы болып құрылғалы бері дзюдодан алған алғашқы алтын жүлде.

Енді чемпионатта топ жарғандар іріктеліп, төртжылдықтың басты додасы – келер жылы өтетін Токио Олимпиадасының лицензиялық турнирлеріне қатыса алады.

Елішілік сайыста республикамыз бойынша кілең мықты балуандар бақтарын сынады. Республиканың әр өңірінен жиналған 273 балуан өзара мықтыны анықтады.

– Коронавирус індетінің қауіптілігін ескере отырып, осындай қиын кезеңде батылдық танытып, ел біріншілігін өткізу оңай шешім емес. Аталған жарыс әуелі Атырауда жоспарланған болатын. Одан кейін елордада өткізуді қарастырғанмен, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты Ақтауға ауыстырылды. Ұзақ үзілісте татамиден тыс қалған дзюдошылар үшін бүгінгі жарыс аса қажет болатын. Осы чемпионаттың нәтижесінде еліміздің ұлттық құрамасы жаңадан жасақталады, – деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров.

Бұрын 81 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз Дидар Хамза жаңа салмақта жеңіске жетіп отыр. Екінші орынды шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров иеленсе, үшінші орынды Аслан Сағитбек (Қостанай облысы) пен Әділет Мисин (Ақтөбе облысы) еншілеген.

Боз кілемде белдескен әйелдер арасында тағы бір жерлесіміз, 70 келі салмақта өнер көрсететін Перизат Жақыпбекова күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 81 келідегі жас балуан Нұридин Ералхан қола жүлдегер атанса, Молдаш Керімбек үздік бестіктен көрінді.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз