Дайрадан әріде

Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ. (Әңгіме)

«РАФ» батыстан қаптаған бұлттарға қарсы зырлайды. Екі мыңыншы жылдың қараша айының аяғы ызғарлы. Жаңбыр мен қар кезек ұрады.

Бәрі күтпеген жерден болды. Мейіржан Түркістандағы досына келсе, үй іші Алтыарықтағы тойға буынып-түйініп отыр.

Әйел ыңғайы: «Отағасы үш күннен сол жақта. Інісі қуанып қалады. Ертең осы көлікпен қайтамыз, жүр де жүр». «Алтыарық» деген сөз шаңы сүртілген алтындай жарқырап, Мейіржан қапелімде шытырман ойға киліккен.

Расында Алматы, ҚазПИ – қырық қырдың астындағы студенттік шақ, елудің үстінде «Уақытын тауып Қазақстанды араласам, достарды бір көрсем» дегізіп, дембіл-дембіл есіне түсетін. Ал, мына дайраның (дария) арғы бетіндегі, дүз демесең небәрі екі-ақ сағаттық Алтыарықта, ғұмырында татқан қызықтың үштен бірі – құралайдай Бибісарасы тұрушы еді. Әрине, «отыз жыл» аз уақыт емес, тағдырдың кімді қайда жетелегені беймәлім. Алайда, біреу-міреуден дерегі шығуы да кәдік.

«РАФ» Қызылорда жолынан бөлініп, бетті түстікке қарата салысымен жұлқынып, жөткірініп, бірсыдырғы ызыңын өзгертті. Содан Мейіржанның көзі ілінер-ілінбесте шеңгелді, шабырт дайра жағасы қара шалдырып, ұзамай биік көпірмен Сырдария үстіне ырғыған. Алып қара су балқып аққан қорғасынға ұқсады. Мұнан әріде әжептеуір қалғып, абыр-дабырдан оянса, бұлар ауыл көшесіне кіріпті. Оң жақ, сол жағын байыптап үлгермей «РАФ-тың» жүрісі баяулап, бір барақтың тұсына кілт бұрылып, дөңгелегі асфальттан жұмсаққа еңкейген. Еңкейгені сол, бес аттамай жатып міне, тамаша – тығылып қалсын; ол түгілім өкпесі сырылдап, күшенуге жарамай өшіп қалсын! Түркістанның шаһарынан жайқалтып – ансамбльдетіп, сағатына сексен-тоқсанды ұрып келгенде көпір үстінде, иә, жол ортасында жата кететін құдды әккіс есек құрлы кей құрдастың шек-сілесін қатыратын іс болды.

Ұзақ отырыстан зәрезеп музыкант жігіттер де қызбалықпен есікті аша-маша, үшкір тұмсық топлилерімен сыртқа секіріп, батпаққа былш-былш қойып кетіп, шоқ басқаннан бесбетер ыршып, Мейіржандарды кеңк-кеңк күлдірген. Тойхана – барақтың алды ылжыраған батпақ, ойдым-ойдым көлшік. Қарсыдағы ас үйге самаурын, шәйнек, сөмке-пөмке, пәтніс тасып, кебіс салпылдатқан әйелдер арагідік бір аяғын тығып алып, илаға төсеген жалғыз тақтай жолмен даққа-даққа басады. Бір масаң еркек шығып, көпір-мөпіріңе қарамай, лай суды бәтеңкесімен емін-еркін шалпылдатады. Әсілі, күндізгі той тарқап, келім-кетім сиреп, кешкі тойға қамданған уақ. Мейіржандар көлігін жабыла итеріп шығарып, ауыл үйлерінен оқшауырақта, сапхоздың бұрынғы гаражы – иә басқа, әйтеуір сұп-сұр, көптен қаңыраған алып темір бетон жайға келсе, қақпасынан мұрнын ішіне тыққан тележкеден бірталай адам тойдың ыдыс-аяғын, ас-ауқатын түсіріп жатыр.

Не керек, кешке таман осынау қабырғасын ыс пен шаң қапқан, «Жоспарды мезгілінен бұрын орындайық!», «КПСС-тің XXVII съезін лайықты қарсы алайық!» деген ұран жазулары әлі бадырайған, кей тұста құмсыбағы опырылып, кірпіштері ырсиып, тастөбедегі аспалы кранның белтемірінен сым үзіктері салбыраған, бір бұрышта әралуан көлік бөлшектері үйілген, май мен сыз исі мүңкіген ғимаратта ансамбль дүңгірлеп берсін! Ал, қараңғы түсе, ғимараттың тең жарымы қоршалып, кілем тұтылып, нәсиет сөз ілініп, ұзыннан-ұзақ үстел тізіліп, дастарқан жайылып, той дәмі койыла кұлпырып сап, сәл-пәлден соң іштегі-сырттағы тоңған ел бұйрық күтпей билей жөнегенде, шаһбаз Шымкент мейрамханаларындағы тойдан кұйттай айнымады!

Қос тамада – дембелше сарысының тамсандырар тәтті «тенорына» еңсегей мұрттысының ұтқыр сөзі, орынды әзілі үйлесіп желпінтті. Досы құдаларды айналшақтаса, Мейіржан орамал тартқан қоңырқай әйелдер тұсын абайлай жағалап: «Бибісара емес пе?» деп үңіліп қайтады. Қазақтар тілек тілеуге кіріскен: ділмәрі «Қосағыңмен қоса ағар!», «Үбірлі-шүбірлі бол!», «Шаңырақтарың биік, керегелерің мықты болсын!» десе, қаражаяуыныкі «Бақытты болыңдарға» саяды. Ғаламда тап бүгін қаншама жас, ұрғашы-еркек қосылып, той-думаны дүңкілдесе, жақын атаулының тілегі сол баяғы «Махаббат! Бақыт!». Осынау екі сөзде сірә, арман жоқ. Ешуақыт, ешқандай бопсаға көнбес, шыли аяулы, шыли жұмбақ, өңін, мәнін жоймас тасқа қашаған құдіретті сөз!

Ойына Бибісара түскенде, Мейіржан әлдеқашанғы сезімі жалаңаштанып, тықыршытып, оңашалықты аңсап, тысқа бет алды.

Өзімен қатар «орыс-қазақ» тобында оқитын, жуас, жүрісі маң-маң, сүйкімді сары қызды Мейіржан бастапқы күрстің соңына таман байқады. Оңашада қолынан ұстаудың өзі төбеңді көкке жеткізетін, екеуі де пәкизе, заманның ұяты бар кезі еді. Алайда, бозбала шақтағы сезім айрықша үркек, болмашы кірбіңнен шиша құрлы шашыларын кім білген. Екі қабырғаға сыймай аһылап-уһілесе де Бибісара иімеді. Ақыры Мейіржан үшінші күрстің басында оқуға түскен еліктің лағындай басқа қызға (екеуі вальс билеп – жүлде алып) көңілі ауып кетті. Ол-дағы «Мың бір түндей» жеке дара хикая. Әйткенімен, күйдіріп-жандырған ол сезімді-дағы арзымайтын нәрседен әудемжерде түсінбестік тосып тұр еді. Бұрынғыдан айырмасы, ендігі іңкәрліктің жылауық күз күніндей бұлыңғыр, әрі шат-шадыман шағы кезектесіп ұзаққа созылды. Оқу тамамдар жылдың көктемі «Сынаптай ойнақшыған бұл қыз қарт ата-анама түбі тура келмейді-ау?!» деген екіұдай күндері бірге оқитын құрбысы: «Мейіржан, Бибісараңа бармайсың ба? Болмашыға ренжісіп?!» десін. Мейіржан үш күннесін-ақ қызды «Горный гигант» жақтағы әпкесінің үйіне шығарып салды. Сол кеш тұңғыш рет бассалып сүйді. Сүйіс күннен-күнге үдеді. Сүйіс үйленумен аяқталуға тиіс еді. Бірақ, Мейіржан оқтын-оқтын мұның баяғы сезім емесін аңғарды: жүрегіндегі кейінгі жара әлі жазылмапты. Содан «гос» басталар мезгіл аяқ астынан ұрыспай-таласпай, үн-түнсіз, пәк Бибісараға бармай кетті.

Елге екеуі екі бөлек оралып еді...

Бибісарамен соңғы кездесуі (иә, сондай да болған), аттай бір жыл өткен соң, мектептерде сабақ аяқталып, емтиханды күткен мезгіл – қандай сезім шарпығаны беймәлім, Мейіржан ойламаған жерден әй-шәй жоқ жиналып, бейтаныс Алтыарыққа қарата тартып отырды. Бибісараның көзі шарасынан шығып, дегбірі қашқаны есінде. Сонда қыздың мейрамдағыша киінісін аңғарсашы?! Мейіржан өзінше жорып «Хантағыға шақырып» қоймаған соң, Бибісара мектептегі оңаша бөлмеге ертіп апарып, бетінен шөп-шөп сүйіп, ерніне жабыспақ жігітті омырауынан қатты итеріп: «Қош бол! Қош бол!» деп сытыла жөнеді.

* * *

Содан бертінде мінеки, отыз алты жыл – отыз алты ғасыр жатыр. Бір тараптан Бибісарамен кездесу – әбестік. Әжім шимайлаған бет қай-қайсын да елжірете қоймас. Тағдыры шиырлы соқса кінә туып, жан ауыртпақ. Зады, кесіп сөйлейтін уақтағы Мейіржанның ұраны: «Үйіңнен басқа жерге ешқашан қайтып оралма! Қайта оралып жаныңды жаралама! Әркім жалғыздан-жалғыз жылап, жарасын жалғыздан-жалғыз жазсын. Жаңа өмірге асық!» еді...

Ол сырттан оралса, той әбден қызыпты. Сөзден қадір тайып, би дәуірлепті. Досы әлі құдалар маңында екен. Оқта-текте жымыңдасып, жай сұрасады. Мейіржанның назары билеген елде. Түр-түсінің өзгешелігі ыспатты адамдардың қилы мінез-құлқы биінен де оқылады. Айыр қалпағын шекелете киген, кебіс-мәсілі, мойны қылқиған, саусағы сыртылдақ, шиыршық атқан жігіт бөкебай оранған етжеңді келіншекке қағып кетердей ентелеп барып, шалт кейін серпіледі. Не зу етіп, иықтай өте шығып, шыркөбелек айналады. Әнеу, бойы бір қарыс, қарны салбыраңқы, шалбары алпыс-жетпісінші размер кепкілінің би нақышында қозғалатын тек қана белі, бөксесі, тізесі. Әйтпесе сабаз аяғын жерден көтерсеші?! Жамағатта қапқаз, өзбек, орыс билерінің жұрнағын меңгерген, жай қиқаңнан аспаған момақандар да баршылык.

Мейіржан қазір қалада ғұмыр кешіп, ауыл халқын қатты сағыныпты: бірін танымаса да, бәрі қимас бауырға ұқсайды; шетінен құшақтап сүюге бейілді. Ғасыр соңында зауал соқты. Қара халық жылап-сықтады. Әрине, ойсан қуаныш – Тәуелсіздікте. Дертке сол қуат! «Биле, биле, елім! Тарқат, шеріңді!». Мейіржан миллионер болса, осынау халқына қазір он мың теңгеден үлестірер еді. Бұлар оны қайтер екен? Әуелі қарызын қайтарар, сосын әруақтарға құран оқытар. Қалса бала-шағасына кәмпит-сәмпит, бірдеңе-шірдеңе әперер. Сөйтіп үш күннесін-ақ: «Оу, тамыр, амансың ба?!» деп қу кедейлігімен құшақ жайып табысады. Бәлкім әкім болып келіп, түсіне кірмес баяғының биінің әділдігін орнатса ше? Бақытты бола ма? Әсілі қара халықтың «саудасы жеңіл», «барға мәзір» деп күнелтеді. Сол себепті бақытты. Әне, аңғал-саңғал, ойқы-шойқы, тас төбеде мың-сан торғай қонақтаған, өткен қоғам ұрандары мөлиген, ебедейсіз тас ғимаратты Париж мейрамханасынан кем көрмей мәз-мейрам. Және жаппай Алла тағаланың рахымына сеніп, жас шаңыраққа ынты-шынтымен үзіліп тілеу тілейді.

– Бақытты болып кетіңдерші?! – дейді бір жігіт.

– Төрт жағы құбыла сирек екен ғой, – дейді бір әйел.

Толқыған Мейіржан оңашалықты қалап, сыртқа қарай қайта адымдады. Дала топ-топ бала. Ересектер «Күш! Күш!» деп қуады. Лап беріп қашып, артынша жарға соққан толқындай кері серпіледі. Ауылда қызықшылық ортақ. Мына тойдағы қалпақты, керзілінің орнын келешек осы қарадомалақ, сарыдомалақ баспақшы. Кәдуілгі «дүние-керуен». Мейіржанның балалық шағынан – өткен ғасырдың орта шенінен бертінде дәнеңе өзгермеген.

Мейіржан ішке кірсе, той жазыққа кезіккен қарғындай едәуір саябырсыпты. Төрде ақ көйлек, қара кәстөмді науша жігіт сөйлейді.

– Армысың, елім?! Бізді жұрт «шынжыр табандар» дейді, біздікі – техника жағы. Сөз жағы біздікі емес. Қимылдап жатырмыз. Күрішті былтырғыдан екі есе көп алдық. Қам жеме, асыраймыз. Қолқанатыңбыз, бізді азамат дейді. Ғалияның әкесі сапхозға еңбегі сіңген жақсы адам еді. Жаны жәннатта болсын. «Орнында бар, оңалар» деген, міне, сүйікті қызы сүйгенін тауыпты. Екі жасқа гарнитур сыйлаймыз! – Жұрт ду қол шапалақтады. – Біз өзгелердей бөлінбедік. Биылғы табысымызға екі «Беларусь» сатып алдық. Жазды күні жолды жөндейміз. Құдай қаласа, мұнан да жақсы боламыз. Екі жасқа бақыт тілейміз!

Шапалақ дүркін-дүркін ұрылды. Оны ансамбль қағып әкетіп, әлгі жігіттің өзі бастай ел өре түрегеліп, билей жөнелсін. Әлденуақ:

– Ассаламағалейкөм, аға! – деген дауыстан Мейіржан селт еткен.

Сүйтсе, тап жаңа сөйлеген жігіт жымиып, қасында тұр.

– Жақсы келдіңіздер ме, аға? – Көзінен, жүзінен нұр тамып, іші-бауырына кіріп барады. – Сіз мені танымайсыз, аға. Жүріңіз, мамама барайық. Алматыда бірге оқыпсыздар ғой. – Үстел жақты меңзейді.

Мейіржанның бойынан заматта күш сарқылып, қатты дағдарған.

– Ұялмаңыз, аға. Құдай қаласа, үйде қонақ боласыз. Бәрі жетеді. Кейін Хантағыға өзім жеткізіп саламын.

Мейіржан апыл-ғұпыл оның мандайынан сүйіп:

– Айналайын, ондай болса мен шамалы сыртта жүріп келейінші? – деді.

Екі беті алаулай далада олай-бұлай апырақтай адымдай, жалма-жан сонадайда тізілген таксиге қарата жылдамдата басты.

* * *

Түркістан бағытындағы көліктің даусы тым құбылғыш, жарығы шұқанақтардан секіргенде қараңғыны айқыш-ұйқыш тілгілейді, Мейіржан сияқты мазасыз. Қап-қара дайра үсті «құлап кетсек» деген үрейден табаны тыз-тыз етті. Бет-аузын, саусақтарын тынымсыз уқалап, өнебойын босатып, ширыққан жүйкесін тарқатпақ болды. Расында сүйген қыздарының барлығы аяулы жан еді; қазір не дерсің боса-болмаса күш-қайраты есепті, жүректің жалыны кеміген. «Балта сабындай ғұмыр...» дегеннің бел ортасынан ауғанын ойласа, тапа бас білмеген ырғын асаудың үстінде ұшады.

Нендей уәжбен бетбақтырмасын тойдан себеп-салдарсыз «тұра қашуы» ұзамай Мейіржанды мазалап, табан тіреп ойламаққа қасарып алды. «Әйел – бәлекет: бұрын танып қоюын қарашы?! Сөз жоқ Бибісара да, өзі де бақытты. Отыз бес жылдасын қауышар сәт неден тайлықты? Сұлу бейненің саркофакқа салынғаннан кейінгі сиқынан жасқанды? Әлі күнге сүйгендіктен жанын жаралағысы келмеді? Әлде қызғаныштан?.. Татқан қуаныш, шеккен жапаны – тасбауыр уақыт аз-аздап түп-тұқиянымен сылып, бүгінде жалпақ жәзираға енген сияқты еді... Балаларына қазақтың мақалымен жүрсең адаспайсың деуші еді: «Шақырған жерден қалмаға» да сай келмей тұр».

Бойын елепат жігер билеген Мейіржан айдаушының арқасынан қақты:

– Тоқта, шырағым?

Алайда, олар «бұзылған болып», бәрібір жол шетінде мелшиіп тұрып алды. Ақыры, жағаласқан ойдың шырмауын тарқатуға шыдамы жетпей Мейіржан: «Сол күйінде қала берсінші!» деп айдаушымен есептесіп, бір аяғын сыртқа шығара, тағы тежелді.

«Болмайды! Бұның іс-міссіз қаша жөнеуі шалдыққаны, аласарғаны! Басқа ештеңе емес! Адам дүниеге келгенде пәк, дархан. Есейген сайын сансыз себептермен майдаланып, күнә жамайды. Кайтып түзелмеске айналғасын олар-дағы мұғдарын байқап көрсін – бейкүнә жаңа ұрпаққа жол босатуы керек болады... Мұның егде тартқанда Алтыарыққа жолы түсуі кездейсоқтық емес: «...жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді» – пендесін сынамаққа Жаратушы әдейі мүмкіндік туғызды. Бүгін тым құрыса жүректе табы қалған іңкәрлік сезімді екеулеп Алланың ырызығы – көгілдір таулар, жасыл жайлаулар, орман-тоғай, өзен-көл, мұхит-теңіздер, ғарыш-кемел әлем құшағына жалғап кетуге тиіс еді...

...Олар Алтыарыққа оралғанда аламай тым-тырыс еді; тойхана – тас ғимараттан анда-санда ыдыс-аяқ шықыры, жиыстырған адамдардың күңгір-күңгірі шалынды. «Туу?! Бәрі зая болды!» деген құрлы оның бойында бағанағыдан бесбетер өкініш дүрк еткен. Көлік үні өшкен, деліқұлы. Ойда-жоқта жол жағасынан әлдекімнің сұлбасы қозғалған сиқтанды.

– Мейіржан?

Әйел мен еркектің саусақтары жуыспай, бір-бірін апыл-ғұпыл, орапайсыздау қысты. Содан соң әйел үн-түнсіз оның қолтығынан ұстап, жол бойымен ұзай берді; анасын манадан бақылаған ұлы да жадырап, үйіне бет түзеген. Күн суық еді, ұзақ қыдырмаса да өткен өмір парақтары аударылып, екеуіне ғана мәлім көмескі тартқан суреттер жалт-жұлт жаңғырды.

– Құдая тоба?! Титтей өзгермепсің. Баяғы мінезің. Мұрт қойыпсың, өте жарасады. Просто непривычно. Әлі жіптіктейсің. Қыз бұрылып қарайтындай?! Екі ұлың, екі қызың барын білем. Сұрап тұрамыз, келіншегіңді танитындар бар. Осы жылдары сені бір көрсем айтайыншы деп жүр едім, Құдайдың кездестіргенін қараш?! – Әйел төңіректі әуезге бөлеген қалпы жайнаңдай алға түсті. – Досың да сені іздеп шаршаған шығар. Біздің үйге қонасың. Далада айтып алайын, есіңде ме, мені театрға шақырдың? «Горный гигантта», әпкемнің үйінде тұратын едім ғой?! Аялдамада тостың. «Әпкем мен жездем балдарымен үш күнге ауылға кетті» деп қолыңа пәтердің кілтін бердім? – Ол еркекке жымия қарап қойды. – Сонда сен түсінбедің, түсінгенде...

...Мейіржан «Дүниенің бір қызығы –әйел деген» деп шалқып келеді.

 

 

Пікір қалдырыңыз