Мына жұрт Советқұлды біле ме екен?..

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақ спорты тарихында «Буревестник» волейбол командасының Одақ көлемінде, Еуропа алаңдарында жеткен жетістіктері алтын әріптермен жазулы тұр. 1966 жылы Кеңес Одағы чемпионатының жоғары лигасына шыққан алматылық команда арада үш жыл өтер-өтпес уақытта-ақ чемпион атанған. Одан кейін Еуропа чемпиондары кубогі жолындағы жарыста қатарынан 2 жыл ешкімге дес бермей, алтыннан алқа таққан. Осы «алтын» команданың негізін қалаушылардың бірі Түркістанның тумасы Октябрь Жарылғапов еді. Ендігі әңгіме даңқты жерлесімізден тәлім терген, атақты «Буревестник» сапында өнер көрсеткен Советқұл Исақұлов жайлы болмақ.

Советқұл Исақұлов 1935 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Кейіннен отбасы Отырар ауданына қоныс аударып, атамыз Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп шыққан. Бала күнінен аурушаң болса да, оның спортқа аңсары ауып, күнұзақ залдан шықпайды екен. Мектеп бітірген соң Ташкентке барып, сондағы тау-кен техникумының азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түседі. Бала кезінде табысқан сүйікті спортынан мұнда да қол үзбей, оқу орнының атынан республикалық одақтық жарыстарға қатысып жүреді. Жас Советқұлдың алаңдағы шапшаң қимылы, тамаша шеберлігі бапкерлердің назарын өзіне аудармай тұрмайды. Осындай жарыстарға қатысып ысылған оны Октябрь Жарылғапов бірден өз командасына шақырады.

– Мәскеуге министрлікке хат жазып, мені Алматыға алдырды. Техникумдағы оқуым аяқталып, елге қайтып жатқан кезім еді. Әртүрлі жарыстарда бірге өнер көрсеткен Тұрғанбек Есентаев екеумізді шақырып, командасына қосты. Октябрь ағамыздың жұрт сүйсінетін мінезінің бірі – адалдығы-тұғын. Ешкімді бөліп жармайтын. Бәріне бірдей қарайтын. Шәкірттерінен жауапкершілікті, тәртіпті қатаң талап ететін. Алайда, қаталдығы жаттығу залында қалып қоятын. Залдың сыртында, ойын кезінде, өзге орталарда ешкімге зекіп сөйлеген емес, – дейді Советқұл ақсақал.

Советқұл атамыз Алматыға келген соң алғашында жастар командасында өнер көрсеткен. Кейіннен «Буревестникте» ойнап, күллі Еуропаны тәнті еткен Сауранбаев, Рагозин, Портной, Кравченко секілді волейболшылармен бірге тізе қосып жаттығып, тер төкті. Осындай мықты спортшылардың қасында Советқұл атамыз тасада қалып қойған жоқ. Оның алаңдағы қайсарлығы, жеңілуді ұят санайтын намысшылдығы команданы алға сүйрейтін. Алайда, тағдыр оған чемпиондық команданың құрамында болуды жазбапты.

1963 жылы отбасылық жағдайына байланысты туған жерге оралуына тура келді. Түркістан қаласына келіп, аудан, облыс командаларында тер төкті. «Буревестник» командасы КСРО-ның жоғары лигасына шыққан 1966 жылы Советқұл атамыз Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданында ұстаздық етіп жүрген-ді. Осы ауданның оқушыларын волейбол спортына баулып, үлкен табыстарға қол жеткізді. Сол жылы Шаян ауданының командасы Қарағандыда өткен ел біріншілігінде қола жүлде алып, сенсация жасады. Кейіннен «Төрткүл» орта мектебіне ауысып, ұстаздық жолын осында жалғастырды.

Советқұл атамыздан тәлім алған шәкірттері бүгінде үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Төрткүлдік ұстаздар жыл сайын өтетін Қ.Сыпатаев атындағы волейбол турнирінің бас бәйгесін ешкімге берген емес. Ол кісіден алғаш волейбол әліппесін үйренген Ақан Ботабайдың шәкірттері ел чемпионатында 3 рет топ жарып үлгерді.

 

 

Пікір қалдырыңыз