Түркістанды жүрекпен сүйген перзенттер

немесе Нұртас аға мен Мұратбек жазысқан хаттар сыр шертеді

Белгілі мемлекет қайраткері, ел Үкіметін 13 рет басқарған түркістандық азамат Нұртас Оңдасыновтың ғұмыры ғибратты һәм қайшылықты болды. Оның өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезіне тұспа-тұс келді. «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін». Мемлекет қайраткерінің ағынан жарылып айтқан сөздерін бүгінгі ұрпақ, әсіресе, мемлекеттік қызметшілер көкейге түйіп, қаперінде ұстаса артық болмайтын азаматтық ұстанымның бірегей критерийі дер едік. Қайраткер Н.Хрущевтің қуғынының салдарынан 58 жасында зейнетке шығып кетіп, өмірінің соңына дейін Мәскеуде тұрды. Жасының ұлғайғанына қарамай ғылыммен айналысып, сөздік жасап, (4 томдық) жалғыз өзі бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атқарғаны, соңына іргелі мұра қалдырғаны бөлек әңгіме. Білуімізше, Мәскеудегі қайраткер Н.Оңдасынов пен елдегі қаламгер М.Дүйсенбековтің арасында аталы-балалы жақсы қарым-қатынас болған көрінеді. Оған қолымыздағы мына хаттар дәлел.

Түркістандық ақын, танымал сатирик, журналист Мұратбек Дүйсенбеков те туған топырағына адал перзент еді. Егер жер басып жүрген болса биыл 60-қа толатын еді. Жасындай жарқ етіп өте шыққан (небәрі 34 жасында) қысқа ғұмырында оның тындырған ісі аз емес. Ең бастысы, ол туған жерін, Түркістанын үлкен жүрекпен сүйді.

«Күннен күнге мәртебең келеді артып, Түркістан,

Барлық жерден өзіңді көрем артық, Түркістан»

деп жырлаған қаламгер мен қайраткерді табыстырған осы туған жерге деген іңкәр сезім болса керек. Университет бітірген соң Алматыда қалып «Жаңа фильм» журналында жұмыс істеді. Кейін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде сатира бөлімін басқарды. М.Дүйсенбеков 1983 жылы Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне ғылыми қызметкер болып орналасты. Музейде істеген 3-4 жылда ол «Лениншіл жас» газетінің тұрақты авторы болды. Газеттің «Күмбез» археологиялық клубы айдарында мақалалары жиі жарияланатын. Сол жылдары Эрмитаж, Лувр асқан Тайқазан, Шырағдан сынды жәдігерлердің отанына оралуына атсалысты. Мұратбектің Ө.Жәнібековке, Ш.Айтматовқа, М.Шахановқа жазған хаттары бар. Солардың бірі Н.Оңдасыновқа жолдаған мына хатта біршама сыр жатқандай.

 

«ТҮРКІСТАННАН СӘЛЕМ!

Сәлематсыз ба, Нұртас ата?! Хал-ахуалыңыз жақсы ма? Үй іші аман-есен бе? Творчество барысы мен табысы ойдағыдай болар.

Ата! Хатыңызды алғанмын. Көп-көп рахмет! Ал, енді бұл хаттың сәл-пәл ресмилігі бар. Өткендегі хаттарымда мен сізге 1990 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы болады деп айтып едім ғой. Жақында мен Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші секретары Нұридин Балқияев жолдастың қабылдауында болдым. Хатты сол кісінің тапсырмасымен жазып отырмын. Ол кісі, яғни бірінші хатшы таяуда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары З.Камалидинов жолдаста болыпты. Онымен бірге бірнеше жауапты қызметте істейтін адамдар да болған екен. Олар Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, этнография институтының директоры Р.Сүлейменовтің берген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде айғақталғанына сене отырып, сондықтан 1990 жыл Түркістанға 1500 жыл толады деген сөз нақты ғылыми, әрі дәлелді тұжырым емес деп отырғанға ұқсайды. Бәлкім, Түркістанға 1500 жылдан да көп болу мүмкін деген екен. Сондықтан қалалық партия комитеті мен қалалық Совет атқару комитеті жерлес, әрі...» (Хаттың екінші нұсқасы жасалған болуы керек, бұл нұсқа аяқталмай қалып қойған).

 

«МҰРАТБЕК ШЫРАҚ!

Хатыңды, сәлемдемеңді алдық. Менің атыма айтылған жылы сөздерің үшін рахмет! Хатыңды бірнеше рет оқып шықтым. Қазір көз нашарлаған ғой. Қанша тырыссам да қолтаңбаңды тани алмадым. Оған кешірім сұраймын. Қорыта келгенде, менің ұққаным – жарамды білімің, өнер табуға қабілетің бар екен, оған қуандым.

Қазіргі заман – ғылым заманы, оны жақсы білесің. Адам дүниеге екі рет келмейді. Менің саған беретін батам, өзіңді қызықтыратын, жігер қосатын нақтылы бір тақырыпқа диссертация қорғап ал, балам. Үй ішіне, ағайын-туыстарға біздерден жалынды сәлем!

Тілектес атаң Н.Оңдасынов. Москва, 16.09.86».

 

«Мұратжан!

Сен хаттарыңда біраз игілікті мәселелер жөнінде әңгіме қозғапсың. Бәрі де орынды.

1. Сенің алдыңдағы хатыңнан Түркістанның 1500 жылдығы туралы хабарланып, қуанып қалып едім, өкінішке сай, ол дерек әлі қамдау болып шықты. Мен бұл мәселемен шұғылданбаған едім. Енді кеш, оны зерттеуге көз жетпейді. Бұл – міндет өздеріңдей жас ұрпақтың үлесіне қалып отыр. Ерінбей ізденіңдер, табасыңдар.

2. Ахмет Ясауидің музейі хақында қандай шешілмей жатқан күрделі мәселелер бар. Егер керек деп тапсаңдар, оны дәлелдеп баяндама хат ретінде жазып жіберіңдер. Алматыға барғанда басшыларға баяндау міндетін мойныма аламын.

3. Жарық көрген еңбектердің қолда барын өзім Түркістанға алып барып, музейге тапсырамын.

Күліп-ойнап жолыққанша.

Н.Оңдасынов. Москва, 15.12.86».

Хаттармен сырласқан Әтіргүл ТӘШІМ, журналист.

 

 

Пікір қалдырыңыз