Базарға бардық, не көрдік?

Кейінгі кездері базардағы баға жиі өзгеріп тұратын болды. Жеміс-жидек пен көкөністің бағасы біресе қымбаттап кетсе, тағы бірде тым арзанға түсіп, тиын-тебенге бағаланып жатады. Бұл сол тауардың көп-аздығына байланысты болса керек. Байқағанымыз, күзгі жиын-терім мен жаппай тосап жабу, жеміс-жидектерден тәтті шырын қайнату науқаны қызған кезде бағада да біраз өзгерістер болып жатады. Бүгінгі баға қандай?

Қазір азық-түлік бағасының біршама өскені байқалады. Карантин уақытында көптеген адам жұмыссыз қалды. Олардың көбісі базарды күнкөріс көзіне айналдыруда. Базардағы азық-түлік бағасы қарапайым халыққа қаншалықты қолжетімді екенін білу үшін сауда қатарларына үңілдік.

Шымкент қаласындағы бірнеше сауда орталықтарында болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау жасап көрдік. Қала тұрғындары көбірек баратын Қырғы базар мен «Құрсай» шағынауданында орналасқан «Жібек жолы» базарындағы бағада әжептеуір айырмашылық бар. Бірі – көтерме, бірі – күнделікті кіріп-шығатын көк базар. Сондықтан ондағы бағалардың әртүрлі болатыны да белгілі. Мысалы, Қырғы базарда картоптың келісі – 150, сәбіз – 150, пияз – 100, қырыққабат – 100, қызанақ – 150-200, қияр 300 теңгеден сатылып жатыр. Мұндағы сатушылардың кейбірі тауарларын «Жібек жолы» мен былайғы жұрт «Карл Маркс» атап кеткен базардан көтерме бағада алып келеді екен. Ал, мұнда баға біршама арзан. Картоптың келісі 85 теңгеден басталады. Ал, сәбіз – 120, пияз – 80, қырыққабат – 70, қызанақ – 150, қияр 200-300 теңге аралығында. Күріш, құмшекер, сарымай, пісте май, айран, сүт сынды өнімдердің құнында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Қырғы базарда жылқы етінің келісі 2400 теңгеден басталса, сиыр, қой еттері 2000 теңге шамасында. Дегенмен, бұған қарап базар нарқы өткен жылмен салыстырғанда біршама қымбат екен деген пікір қалыптаспау керек. Өйткені, бағасы біршама арзандаған тауарлар да бар. Әсіресе алма, жүзім, құрма, долана сияқты жеміс-жидектердің осыдан бір-екі ай бұрынғысымен салыстырғанда арзандағаны байқалады. Алма, жүзімнің келісі – 150-300 теңге болса, долананың бір шелегін 500 теңгеге де алуға болады. Мінекей, бүгінгі базардағы баға осындай.

Ұлас ҮСЕНБАЙ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 4-курс студенті.

 

 

Пікір қалдырыңыз