Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Оңайгүл ТҰРЖАН

БАЛБАЛ ТАСТАР


Балбал тастар!

Кәрісің бе, жассың ба?

Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба?

Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде,

Адам болып келе жатқан тассың ба?

Көрер күнің көп пе, әлде, аз-ақ па?

Өңіңдегі шаттық па, әлде, азап па?

Жусандардың ұлты – қазақ,

білемін,

Ал сенің ше?

Сенің де ұлтың қазақ па?

Қазақсың ғой,

танып тұрмын сөзіңнен,

Тас кеудеңе ұлы тарих көз ілген.

Өзің тұрған мына аңыз далаға,

Қарайсың сен ғажап қазақ-сезіммен.

Балбал тастар,

мәнімізге мән қоса,

Мейіріммен тербетесің жанды аса.

Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын,

Жел ұшырып кеткендігі болмаса.

Сені, тіпті,

көме алмады құм-дағы,

Қайта сені ол аялады, қымтады.

Балбал тастар,

сен меніңше кешегі,

Білге қаған, Күлтегіннің ұрпағы.

Біз –

Күлтегін ұрпағымыз қуатты,

Жаралғанбыз өжет болып тұяқты.

Шыңғыс ханның мүрдесі де жасырынып,

Бізден әлі қашып жүрген сияқты.

 

 

1 пікір

  • Оралбек Аяулым
    Оралбек Аяулым

    Кейінгі батырлар жырын жатқа айтудан өтетін сайыс қай батыр жайында болады

Пікір қалдырыңыз