Жазушының жүрек сөзін қолдайық!

Жақында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде елімізге белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Ендігі тойлар елдікке сын. Халайыққа хусни хат» деген мақаласы жарияланды. Бұл хатты басқа да газеттер көшіріп басып, жұртшылық оған қызу пікір білдіруде.

Белгілі жазушы Мархабат Байғұттың бұрыннан да өткір де өзекті мәселелерді қозғайтынын жақсы білеміз. Көркем әдеби және публицистикалық дүниелері өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен қатар, 2006-2007 жылдары «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», ал, 2009-2017 жылдары «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумдарының бастамашысы әрі бас модераторы болып, ел бірлігі мен ынтымағы, салт-дәстүрлердің озығын дамытып, тозығынан тезірек арылу жолында аянбай тер төкті. Қазір де қоғамдық тірліктердің бел ортасында белсеніп жүретіні қуантады.

Ал, енді бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия деген пәлекетке байланысты кеше ғана той туралы маңызды мәселе көтеріп, бағалы ұсыныстарын білдіргенін барынша қолдаймыз. Бағалай білсек, ендігі тойлар елдікке сын деп отырғаны – жазушының жүрек сөзі.

Тойларды бір тәртіпке келтіру, жаңаша той мәдениетін қалыптастыру, әсіресе, тойларды уақтылы бастап, уақтылы аяқтау, сөзуарлықты, даңғазалықты доғару туралы талай жылдардан бері жалықпай жазып та, айтып та келеді. Аталған мақаланы оқысаңыздар, нақпа-нақ ұсыныстар көп. Тойшылдықтың тарихи және тұрмыстық себептері мен салдарларын да қапысыз талдаған.

Шынында да тым тойшыл, даңғазашыл, дақпыртшыл, мақтанқұмар, ысырапшыл боп кеткеніміз рас. Не болса соған той жасап, он-он бес адаммен шектелетін бесік тойлардың, беташарлардың өзін жүздеген адам қатысатын даң-дұң даңғазаға айналдырып жібердік. Шетелдерден көптеп келетін меймандар қазақ тойларының соншалықты көптігіне және ысырапқа әуестігіне алғаш қатты таңырқаса, кейінгі кездері келемеждеп күлетін болды.

Жазушы жан-жақты жазып, атап-атап көрсеткендей, жалған намыстың, той жарыстың жетегінде кете берсек, ұлттық қадіріміз де, халықтық қасиетіміз де қалмайды, ағайындар. Осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің басшысы Абай Балажан жазғандай, тойларға бару үшін де жалған намысқа тырысып, тыраштанып, қарызданып-қауғаланатындар қаншама?!

Мархабат Байғұт той-томалақ атаулыны төрт-бес есе қысқарту, көптеген түрлеріне тыйым салу, қатысатын адамдарды шектеу, ары кетсе жүз, жүз елу адамнан асырмау, уақытқа, дастарқан мәзіріне дейін тәртіптеу туралы жазған. Көршілес елдерде «Ұлттық салт-дәстүрлік рәсімдер, тұрмыстық түрлі шаралар туралы» заңдар бар екен. Бізге де заңнамалық дүниелер қабылдап, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілікті, ішкі мәдениетті реттемесек болмайды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қайта-қайта тойларды шектеу туралы айтып жүр. «Коронавирустың өзі осы әсіреңкі тойшылдықты шектесе, шегінетін сияқты сезіледі» деп жүргендер де аз емес. Ендеше, ойланайық та.

Исамудин РЫСБАЙ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз