Талғампаз Талғат та өтті дүниеден

«Бұл өмірге келмек бар да, кетпек бар. Ажалдың ащы тырнағынан құтылып кеткен ешкім жоқ. Бір өлім хақ!» дегенді ішкі түйсігімізбен сезінсек-дағы, жақындарымыз пәниден бақиға озғанда санамыз сансырап қалады. Бұл қайғымыз, әсіресе, бүкіл адамзат баласының басына нәубет болып төнген алапат індет кезінде тіпті еселене түсті. Қобалжу. Күдік. Үрей. Жаныңды жай таптырмайтын қорқыныш негізсіз де емес. Небір асылдарымыз бен ардақтыларымыздан қапыда айрылып, қабырғамыз қайысуда. Өңіріміз тағы да бір текті ұлынан айрылып, аза тұтып отыр. Үш тұғырлы журналистиканың барлық саласында еңбек етіп, қаламының қарымын, бойға біткен дарынын таныта білген ұлтжанды азамат, қарымды қаламгер, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, «Дөңгеленген дүние» республикалық қоғамдық-саяси газетінің негізін қалаушы әрі бас редакторы, сыршыл ақын Талғат Садықұлы Орманов дүниеден озды деген хабарды естігенде, төбеден жай түскендей есеңгіреп қалдым. Кеше ғана сөйлескен жаның бүгін жоқ дегенге көңіл сенбейді.

Жаратқан иемнің құдіреті күшті ғой. Бәрін берем десе үйіп-төгіп бере салады. Талғат бауырымды көргенде: «Бір адамның басында да осыншама өнер болады екен-ау» деп таңданушы едім. Оның ер-азаматқа лайық келісті келбеті, сан қырлы өнері, ерекше ақындық дарыны, бауырмалдығы, астындағы атын түсіп берер мәрттігі, Атымтай жомарттығы... Ақжарқын, көпшіл мінезі. Болмашыға жас баладай шынайы қуана салатыны. Шәйі орамал кепкенше жарқ етіп қайта салатын қайтымы жылдам мінезі. Өзіне ғана жарасатын күлкісі. Қайсыбірін айтайын... Бәрінен де  өмірге құштарлығы... Қайбір жылы  ауырып қалғанында «бұл сырқатты қайткенде де жеңуім керек. Мұқағали ақын жылап қайтқан өмірдің базары емес пе бұл?»  деп еді. Сонда оның ішкі жігеріне, қажыр-қайратына, позитивті ұстанымына тәнті болып едім.

Талғатпен алғаш рет қалай танысқаным есіме түсті. Әпкесі Дананың жұмыс орнындағы іс-шараға ақпараттық қолдау көрсетуге келген екен. Бұл шамамен 2006 жылдың маусым, шілде айларының бірі болатын. «Тұран – Түркістан» телеарнасында қызмет істеп жүрген кезім еді.

– «Дөңгеленген дүние» газетін шығаруды қолға алып жатырмыз. Қолда бар ақпаратыңызды бізге лақтыра беріңізші» деп еді сөз арасында. Біздің әріптестік те, апалы-інілік те, достығымыз да сол күннен басталып еді. Үстінде ақ көйлегі, мойнында фотоаппараты... Қимылына көз ілеспейді. Жарқ-жұрқ, сарт-сұрт еткізіп баса салады. Ұлы Еділ бейнекамераға түсіріп жүр. Өзінің газетіне қоса «Түркістан» газетінің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы фототілшісі қызметін де қоса алып жүр екен. Біз кейде мән бере бермейміз. Негізі газеттің әрін кіргізіп, өңін ашатын, мән-маңызын арттыратын – фотосурет. Кейде бір суреттің бір ауқымды мақаланың жүгін көтеріп тұратыны бар. Талғаттың қас-қағым сәтті қалт жібермей қағып алатын қырағылығы газеттің бетін жайнатып жіберетін фотосуреттерінен айқын көрініп тұратын еді. Суреттерді сөйлете білу де үлкен өнер екен. Маған тіпті газетінің аспанмен астасқан көгілдір түспен шығатыны да ұнайды. Кейде газет сөрелерінен немесе оқырман қолынан көре қалсам көзіме оттай басылады.

«Жігітке жеті өнер де аз» дейміз. Талғат Садықұлы үш тұғырлы журналистиканың газет, радио, телевидение салаларын жетік меңгеріп, шеберханасында шыңдалған жан. 1983 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін еңбек жолын бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек аудандық «Алғабас» газетінде тілші болып бастап, кейіннен радио саласына, 1994 жылдан Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадиокорпорациясының Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайлары туралы өзекті мәселелерді қозғады. Оның ұлтжандылығы, ақынжандылығы елін, жерін сүйген кез келген жанға үлгі боларлықтай еді. Талғаттың жан-дүниесінің нәзіктігін «ҚазАқпарат» баспасынан шыққан «Бозала таң» атты жыр жинағынан анық байқаймыз.

Туған інімдей жақсы көрген Талғаттың еліне, халқына әлі де берері көп еді. Ағымдағы жылдың 29 маусымында маған телефон шалғанында сырқаттанып жатып тұтқаны көтере алмап едім. «Тәуір болғасын хабарласармын» дегем. Жағдайдың бұлай боларын кім білген? Өкініштен тұратын өмір-ай десеңші!... Не айтқысы келді екен? Кейде құрдастарша әзілдесіп, апалы-інілерше сыйласушы едік. Күлсек күлкіміз, сөйлессек сөзіміз жарасатын. Әдебиет әлеміндегі ортақ таныстарды айтып бір жасап қалатынбыз. Оған кейде «әлімжеттік» жасап, баспаға кетіп бара жатқан газет нөміріне мақала салғызып, «қиғылық» танытсам, «енді екеуміз де Аманғалидан сөз естиміз. Бірер күн бұрын жіберуге болмай ма?» деп көңілімді жықпай мақаланы салып беретін еді. Кейіннен күліп, «Құдая тоба, Эра екеуіңнің (туған әпкесі) топырағыңды бір жерден алған-ау шамасы. Аман болшы, әйтеуір» деп жақсы сөзімен жаныма шуағын сеуіп жіберетін еді. Кейде асқар таудай арқа сүйеп, кейде туған інімдей еркелеп тұрушы едім. Айналамдағы достарыма әңгіме айтқанда «Менің Талғатым...» деп бастаушы едім. Ойсыраған орның толар ма, Талғатжан...

Зейнеткерлікке шыққанымда да арнайы дастарқан жайып, шапан жауып, бас редактордың бірінші орынбасары Аманғали Әбуов, Ләззат келін, қос қанатың Еділ мен Жайық бәрің ерекше құрмет көрсетіп едіңдер. Оны қалай ұмытайын?! Облыс әкімінің «Әлеуметтік сарапшы» номинациясына ұсыныпты. «Әйтеуір, әупірімдеп ыңғайға келтірдік қой» деп Талғат пен Аманғали екеуі ішек-сілесі қатып күледі. Олар менің газетке сирек жазатынымды, газет жұмысына белсене араласпайтынымды айтқандары. «Сендердей інілерім бар, не қам бар» деп мен де саспаймын. Шіркін, дәурен-ай, десеңізші, іштегі шерімді жеткізуге сөз таппай отырмын. Қазақ журналистикасының нары көтерер жүкті көтеріп, қаламгерліктің бейнетін тартып, еңбегін сіңіріп кеткен біртуар жан өмірден өтті. Оның қолтаңбасы бұқаралық ақпарат құралдарының ортасынан ойып орын алған «Дөңгеленген дүние» газетінің сарытап болып сарғайған беттерінде, әр жылдары облыстық, республикалық түрлі басылым беттерінде жарияланған фотосуреттерінде, ақын жүректен шыққан сыршыл өлеңдерінде сайрап жатыр. Талғампаз Талғатын халқы ұмытпайды. Жаның жәннатта, иманың өзіңе серік болсын! Өзің әбден шыңдап, шынықтырған қос-қанатың – қос ұлың Еділ мен Жайық жолыңды жалғастырсын. Өмірлік жарың, сүйікті Ләззат келінге, әпкең Данаға, бауырларыңа, туған-туыстарыңа ата жолымен көңіл айтамын. Алдың пейіш, артың кеніш болғай!

Роза НАРЫМБЕТОВА. Түркістан қаласы.

 

 

 

1 пікір

  • Аган
    Аган

    Бекзат бауырым сени Аллдакоп жетисттиктр кутуде саган саган АллаТаала жардем берсин Аркашан жолын ашык болсын

Пікір қалдырыңыз