КАРАНТИН шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті барыс-келіс жасауға бейіл қазақты тойдан тыйғанымен, ойдан тыйған жоқ.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап төрт қабырғаға қамалып қамыққандар бір ауық үй-ішіне, жақындарымен қарым-қатынасына, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлді. Ал, шығармашылық адамдары карантинді кәдесіне қалай жаратуда? Олар халыққа қаншалықты рухани қолдау көрсете алды? Бізді осы сауалдар мазалаған.

 



Әлібек ШЕГЕБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:

– Елде төтенше жағдай жарияланғанға дейін Абай атамыздың қара сөздерін өлеңге айналдыру жайлы ой маза бермей жүр еді. Дегенмен, қазақта Абайдан асқан ақын жоқ, бір жазса өзі де өлеңмен жазар еді ғой деп өзімді тежеп жүрдім. Елдегі жайт жүрекке жүк түсіргенмен, біраз басы артық шаруалардан құтқарды. Сондықтан жайшылықтағыдай емес, жанымды салып жазуға кірістім. Алғашқы он бес өлең «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мектеп мұғалімдерінен «Балаларға жаттауға қара сөзден өлең оңай. Тілге жеңіл жазылыпты» деген жақсы пікір естіп жатырмын. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әрі карантинде бітірген тырнақтай тірлігім осы болды.

Абайдың өмірінің соңғы жылдарындағы еңбектерін бұрын қанша оқысам да дәл осылай түйсінген емеспін. Сондықтан бұл еңбегім шығармашылық адамы ретінде алдымен өзімді шыңдады.

Қазір бұрынғыдай емес, ақын-жазушылар да жан бағу үшін күйбең тірліктің соңында жүр. Жұмысбасты. Сондықтан елдегі жағдай қанша еңсемізді түсірсе де, әдебиеттің төңірегіндегілерге қолға қалам алуға мүмкіндік сыйлады деп ойлаймын.

 



Аягүл МАНТАЙ, жазушы:

– Карантиннің кезінде өнімді еңбек еттім деп айта алмаймын. Шабыт деген мен үшін шақырусыз келетін қонақ сияқты. Қолым қалт етті екен деп өзімді үстелге таңып, тапжылмай отырып жазу табиғатымда жоқ.

Соңғы жеті жылда Мәскеуде тұрдым. Сол жақтың қысы маған ерекше әсер етеді. Әуелден қыста, әсіресе жердің бетін ақ ұлпа қар жапқанда шабыттанамын. Карантин көктемде басталды. Бұл мезгілде әдеттегідей менде шығармашылық та тоқтады. Өзімді қинап жазған әңгімелеріме қанша жоғары бағаланса да өзімнің көңілім толмайды. Жинақтарыма да енгізбеймін. Сондықтан құр жатпайын деп жанталасып, қолдан әңгіме құрастыруды құп көрмедім.

Бұл демалысты алдыңғы буын жақсы кәдеге жаратты. Бәлкім, мен де өткен ғасырларда өмір сүрсем алдыңғы буын секілді өндіріп жазатын ба едім... Қазір жастар жаңа технологияларды мықты игергендіктен күн сайын қажетті-қажетсіз қыруар информация алады. Оны қорытып үлгеру де қиын. Меніңше, менің замандастарымның аз жазатынының бір себебі осы. Карантинде маған сондай ақпараттардан алыс өмір сүруге мүмкіндік туды.

 



Марат Оразымбетов, әнші

– Елдегі жағдай бәрімізді әуелде әжептеуір есеңгіретіп тастады. Сосын ептеп жағдайға көндіге бастадық. Көптің адамы болған соң үйдің бетін көрмейтініміз белгілі. Дәл осылай үйде қашан ұзақ болғаным есімде жоқ. Сол жағынан қарағанда карантин ең алдымен адамдардың бәрін теңестірді-ау. Бәріміз әке-шешеге, бауырға, жарға, бала-шағаға көңіл бөлдік. Өнер адамы болған соң жиі гастрольдік сапарда жүресің, әсіресе ұрпағыңа, ұл-қызыңа жылы сөз айту да мүмкін бола бермейді. Іштей Құран сүрелерін, Абайдың қара сөздерін жаттатқызғым келетін. Карантинде ұл-қызыма осыларды үйретудің сәті түсті.

Ал, әнші, әртіс ретінде онлайн режимде тікелей эфирде көпшілікпен тілдесіп отырдық. Бірақ, көрерменнің қошеметіне ештеңе жетпейді екен. Қарсы алдыңда отырып қол соққанда жүрегің қарс айырыла жаздап қуану да үлкен бақыт екен. Арқаны кеңге салу қайда, үйде де Шымкент қалалық опера және балет театрының әртісі болған соң берілген рөлдерімізге дайындалып, жаңа ариялар жаттадым.

Осы карантинде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын төртінші рет оқыдым. Бұрын суреттейтін жерлерінен аттап өтіп кететін едім. Бұл жолы кітаптың ең тілі шұрайлы тұсы сол екенін түйсініп, сезініп, ойланып оқыдым. Шетел классиктерінің операларын қайта қарап, итальян әндерін жаттадым. Ағылшын тілін үйренуді бастадым. Құр қарап отырған жоқпын. Соның бәрін бойға сіңіріп, еңбектеніп жатырмыз.

Сауалнаманы жүргізген Мақпал ТӨРЕБЕК.

 

 

Пікір қалдырыңыз