Жері берекелі, елі еңбекқор

Келестің Сарыағаш ауданының құрамынан бөлініп шыққанына 8 маусым күні екі жыл болды. Осылайша өз тарихында төртінші рет қайта құрылған ауданда соңғы енші алып шыққаннан бергі екі жылда қандай өзгерістер орын алды? Қандай жетістіктер бар? Келес ауданына ұйымдастырылған баспасөз турына қатысқан тілшіміз бәрін рет-ретімен баяндап береді.

 

Ауылы Андрейді жатсынған жоқ

Бозай ауылдық округінің тұрғындары жуырда өз ауылдастары Андрей Грибановқа (суретте) баспана сыйлады. Кәмелетке толмаған үш перзенті бар оның бертінге дейінгі өмірі сырт жерлерде өткен. Мектептен соң жоғары білім алуға жағдайы болмай, жұмыс іздеп үлкен қалаға кетеді. Үйленіп, балалы-шағалы болады. Ауылдағы үйін сатқанымен ол ақша орталықтан үй алуға жетпейді. Пәтер жалдап тұрған соң қолындағы азын-аулақ ақша да жаратылып кетеді. Осылайша үй-күйсіз жүрген оның бертін келе денсаулығы сыр бере бастайды. Ауылға қайтпаса болмайтынын біліп, кері қайтады. Бала кезден өздерінің көз алдында өскен Андрейін ауылдастары тіпті де жатсынған жоқ. Бәрі ортадан ақша жинап, оған үй сатып әперіп, ішінің кем-кетігін жөндеп береді. Бұл жақсылыққа жүрегі жарыла қуанған Андрей қиналғанда қол ұшын созған ауылдастарына дән риза екенін жасырмады. «Ұлтым орыс болғанымен, жүрегім қазақ. Қазақтың осы дархан даласына кіндік қаным тамып, қазақтың нанын жеп, солармен бірге өстім. Енді, міне, қиналған сәтімде қазақ бауырларым көмектесіп жатыр. Балаларыма тамақ, киім-кешек сатып әперді. Ең бастысы, баспаналы болдым. Құжаттарым да жоғалып кеткен еді. Ауыл әкімінің өзі көмектесіп, қайта алып береміз деп отыр» дейді Андрей Петрович ризашылығын білдіріп.

Андрей Грибановтың әкесі Петр Афанасьевич Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр және оған кезінде Сарыағаш ауданының құрметті азаматы атағы берілген. Бозай ауыл округінің әкімі М.Қошуақов Андрейді қоғамдық ақылы жұмысқа тартып, баспанадан қалған аз-кем қаржысына мал алып береміз деп отыр...

 

Қарбыз саудасы қызып тұр

Егер ағын судан таршылық болмаса, Келесте бәрін өсіруге болады. Келестің ерте пісетін қарбызы биыл да экспортқа шығып, шетел асырылып жатыр.

Жамбыл ауылына барған БАҚ өкілдері мұндағы қыз-қыз қайнаған тіршіліктің куәсі болды. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен қатар, егіншілікті де қолға алған. Ауылдағы «Жамбыл» ӨК-де сексен шақты үлескер бар. Кооперативтің тыңғылықты тірлігінің арқасында барлығының да егістік жері игеріліп жатыр. Ағын су да жеткілікті. Ащыкөл ауылы жағындағы 120 гектар егістікке ерте пісетін бақша өнімдері егілген екен. Олардың саудасы бүгінде қызып тұр.

Кооператив мүшесі Артықәлі Жасанов биыл отбасымен бес гектар жерге ерте пісетін қарбыз еккен. Наурыз айында көшетті дайындап, сәуірдің алғашқы күндері жерге қондырыпты. Қазір пісіп-жетіліп тұр. Әрбір гектардан 50 тонна қарбыз түседі деп болжап отыр. Биылғы баға да жаман емес, бұйыртса келісін 80-90 теңгеге пұлдамақ. Өндірілген өнім негізінен Ресей мен еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберілмек.

 

Ағынсу азабы артта қалды

Кеңес Одағы тарағалы каналдар қараусыз қалып, аудан халқы ағын судың зарын тартып келді. Аудан құрылғанда жергілікті билік алдымен осы проблеманы шешуге кірісті. Былтыр ұзындығы 120 шақырымды құрайтын 28 канал мен 10 қашыртқыны жөндеп, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Ал, биыл ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 13 канал ағымдағы жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін, жоспарға сәйкес, ұзындығы 117,6 шақырымды құрайтын 24 канал мен қашыртқы тазаланады. Мамандардың айтуынша, егер барлық су жүйелері тазаланса, суармалы жердің де көлемі ұлғаяды.

 

Құрылыста да қарқын бар

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Келес ауданында 3 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Республикалық қазынаның есебінен «Біртілек» ауыл округіне қарасты Т.Бигелдинов атындағы №13 жалпы орта мектебі, «Ұшқын» ауылында спорт алаңшасы, Ақтөбе ауыл округіндегі ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Абай ауылындағы Оқушылар үйі де күрделі жөндеуден өтпек.

Т.Бигелдинов атындағы №13 мектептің іргетасы 1990 жылы қаланып, 500 оқушыға лайықталып салынған болатын. Күрделі жөндеу мектепте соңғы рет 2013 жылы жүргізілген. Бүгінгі таңда 800-ге жуық оқушы білім алады. Білім ордасында есік-терезелер мен бетон едендер толығымен ауыстырылып, электр жүйелері жаңартылып жатыр. Бұл үшін мемлекеттен 233 млн. теңге қаралған.

 

Береке – омартада

Абай ауылының тұрғыны 45 жастағы Мәлік Айтымбетов – 9 перзенттің әкесі. Бүгінде ол 70 жәшік бал арасын өсіріп отыр. Бұл шаруамен айналысып келе жатқанына 7 жыл болыпты. Оның танымалдылығы мемлекеттен берілетін атаулы әлеметтік көмекті алған соң арта бастаған. Тоғыз балаға берілген атаулы әлеуметтік көмекке 1 млн. 498 мың теңге шығып, осы қаржыға ол бал өндіретін диірмен, омарта жәшіктерін, көшіруге тіркеме сатып алады. Атаулы көмектің арқасында отбасылық кәсібін жолға қойып алған отағасы енді сырттан жұмыс іздеп әуреленбейтінін айтады. «Отбасымызда 11 жанбыз. Солардың несібесіне былтыр мемлекеттен көмек алдық. Қазір сол қаржыны үнемдеп, кәсібімізді кеңейттік. Қазір балдың 10 түрін өндіріп жатырмыз. Бұл жұмыс отбасылық кәсіп болды. Балаларды да еңбекке баулып жүрміз. Бір жақсысы, бұрынғыдай сырттан жұмыс іздеп әуре болмаймыз. Бала-шағаның қасында бұйырғанын тауып, ел қатарлы өмір сүріп келеміз» дейді М.Айтымбетов.

Иә, сырлы Келестің халқы осылайша өздерінің тіршілігін адал еңбекпен тербетуде. Жаңа құрылған ауданда атқарылған жұмыстар аз емес екен. Іссапар барысында солардың біразын қанығып, көрген-білгенімізді оқырмандарға жеткізуге асықтық. Жері құнарлы, елі еңбекқор ауданда алдағы уақытта да ілкімді істер мен берекелі бастамалар көп болғай...

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА.

Келес ауданы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз