Абай әлемі

Үмітхан АЛТАЕВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мен Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен «Абай әлемі» халықаралық конференциясына елшілік пен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ұстаздар, кітапхана басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Ә.Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әзімхан Қойлыбаев көпшілікті құттықтап, ұлы ақынның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге шақырды. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесшісі Руслан Дүйсенов хакім Абайдың мерейтойы екі елге ортақ мереке – достық пен татулық тойы екеніне мән берді. Конференцияға Пушкин атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушілері Жанат Шардарбекова мен Зәуре Жүнісбекова модераторлық етті.

К.Симонов атындағы халықаралық сыйлығының иегері Нармахан Бегалыұлы ақын өлеңдерін жан-жақты талдап, саралап, Абайдың қазақ әдеби тілінің негізін салушы екенін дәлелдеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт «біз осы кезге дейін ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқып, таңырқап келдік. Енді оның айтқандарын орындайтын уақыт жетті» деген ойды ортаға тастады. Өзбекстандық профессор, Абайдың қара сөздерін өзбек тіліне тәржімалаған Қозоқбай Йулдошев ақын поэзиясының поэтикасын терең саралады.

Өзбекстанның журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің стажер-зерттеушісі Тұрсынәлі Ахметов «Қазақ-өзбек әдеби байланыстары және көркем аударма» тақырыбында әңгіме қозғады. Сондай-ақ, Өзбекстанның Ә.Науаи атындағы ұлттық кітапханасы халықаралық байланысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Мухтарама Муратова, Өзбекстан Парламентінің «Халқ сузи»-«Народное слово» газеттерінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов, Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Анаргүл Қалдыбекова, «Қызмет» газетінің директоры Бейсенкүл Нарымбетова, М.Сапарбаев атындағы институттың оқытушысы Жәмила Мұнашева, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнагүл Рыскелді, созақтық кітапханашы Гүлнәр Өмірбек өз ойларын ортаға салды.

А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шәрбану Дінәсілова «Абай. Руханият. Еуропа төріндегі төрт аялдама» тақырыбында баяндама жасап, халықаралық онлайн конференцияны қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.

 

 

Пікір қалдырыңыз