Түркістан ірі жарыстар ордасына айналады

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осыдан тура екі жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, оның орталығы көне шаһар Түркістан қаласы болып бекітілген-ді. Міне, сол уақыттан бері Түркістан нағыз құрылыс алаңына айналды. Жаңадан әкімшілік ғимараттардың, тұрғын үйлердің, жолдар мен саябақтардың құрылысы қарқын алды. Түркістанды дамытуға қыруар қаражат бөлінді. Сөйтіп, облыс орталығында спортты дамытудың алғышарттары жасалынды. Соның бір айғағы – жаңадан салынып жатқан стадион. Былтыр жылдың басында басталған стадионның құрылысы таяу күндері аяқталмақ.

Түркістандағы стадионның құрылысына «Asia Sport Construction» құрылыс компаниясы жауапты екен. Стадион УЕФА бекіткен талаптарға сай жасақталмақ. Арена құрылысы аяқталған соң «УЕФА-3» сертификатына ие болады. Бұл – стадион халықаралық масштабтағы футбол ойындарын қабылдай алады деген сөз. Оған УЕФА чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды ірі жарыстар мен ұлттық құрамалардың ойындары да кіреді. Демек, түркістандық футболсүйер қауым енді халықаралық деңгейдегі ойындарды өз қаласынан көруге мүмкіндік алмақ.

Стадион 7 мың адамға лайықталып салынып жатыр. Жанкүйерлер ауа райының қолайсыз кезінде де стадионда емін-еркін отыра алады. Фанаттарға арналған секторлар толық жабылған. Стадионның жалпы көлемі 36 500 шаршы метрді құрайды. Оның 15 000 шаршы метр аумағында футбол алаңы, жаттығу орны, жүгіру жолақтары орналасқан. Стадионның басты секторында киім ауыстыру бөлмесінен бөлек жаттығу залы, конференция орталығы, БАҚ өкілдеріне арналған бөлме мен құрметті қонақтарға арналған жай орналасқан.

Түркістан қаласында әзірге футбол командасы жоқ. Соңғы рет ел чемпионатында ойнаған Түркістанның командасы «Яссы» клубы болған. Ол 2005 жылы жабылған. Содан бері рухани шаһардың намысын қорғайтын команда әлі құрылған жоқ. Бірақ, облыстағы спорт саласының басында жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, жақын күндері «Тұран» клубы құрылады. Онда тек қазақстандық аяқдоп шеберлері доп теппек. Жергілікті футболшыларды қатарына қосатын команда Премьер-лига клубтарымен бәсекелесе алатындай болып жасақталмақ.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдай уақыт өтті десек, содан бері елімізде тек бір ғана футбол стадионы салыныпты. Ол елордадағы «Астана-Арена». 30 000 жанкүйерге лайықталып салынған стадион УЕФА-ның барлық талаптарына сай. Түркістандағы стадион «Астана-Аренадан» кейінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші стадион болып тарихқа енеді.

7 000 жанкүйерге лайықталған арена түркістандық футболсүйер қауымның қуанышына айналмақ. Стадионның сыйымдылығы аз деген әңгімені де құлағымыз шалып қалады. Облыс орталығындағы тұрғындардың санын есептер болсақ, жеті мыңдық стадион Түркістанға лайық-ақ. Түптеп келгенде, футбол командаларының жетістігі стадионының сыйымдылығымен өлшенбейтінін айта кеткен жөн. Қарапайым мысал ретінде үлкен жарыстарда бақ сынап жүрген үлкен клубтардың шағын стадиондарын келтіре аламыз. Мәселен, миллиардтаған көрермені бар АПЛ-де ойнайтын «Борнмут» футбол клубының стадионы 10 мың орыннан әзер асады. Ал, Криштиану Роналду секілді жұлдыз ойыншыларды қабылдайтын италиялық «Фрозиноненің» аренасы 10 мың адамнан артық сыйдыра алмайды. Мессилер арагідік барып тұратын «Эйбар» жанкүйерлеріне 6000-нан артық билет сата алмайды. Әйтпесе, Испанияның жоғары дивизионында талай жылдан бері ойнап келе жатқан команданың алып арена салып алуына шамасы жетпейді емес.

Жоғарыда келтірген мысалдар стадионның сыйымдылығына ұялуға болмайтынын дәлелдейді. Стадионға қойылатын басты талап – алаңның сапасы. Сапалы алаң мен жанкүйерлерге жайлы арена болса, ірі деңгейдегі матчтарды да өткізуге болады. Тіпті, Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын да өткізуге Түркістандағы стадионның мүмкіндігі жетеді. Яғни түркістандық спортсүйер қауымның халықаралық деңгейдегі ойындарды өз қаласынан көретін күні де алыс емес.

 

Пікір қалдырыңыз