АДАМЗАТТЫҢ НЕГІЗІ КІНӘЛІ ӨЗІ!

Күші болсын қопарар тауды мейлі,

Індет кезіп, әлемге салды үрейді.

Оқшаулауда жатқаннан бері адамзат,

Табиғатты жаңарып қалды дейді.

 

Бұл күндері өзіне әркім ие,

Қалды дейді жаңарып бар дүние.

Індет осы табиғат сесі шығар,

Не болса да бір ұрып алды кие.

 

Тіршілікке жасаумен төрағалық,

Жер-Ананы сабадық көк-ала ғып.

Адамзатсыз табиғат көктегенмен,

Табиғатсыз адамзат солар анық.

 

Деп жүр едім ет жүрегі елжірер кім,

Күл-қоқысқа қойнауы толды жердің.

Ғалам өті жарылды-ау аяу көрмей,

Сол індетті менімен сен жібердің.

 

Ақ әлемнің сазарған құба кезі,

Тура болсын Құдайдың, уа, көзі.

Тепе-теңдік бұзылса – індет індеп,

Адамзаттың негізі кінәлі өзі!

Дәурен АЙМАНБЕТ.

 

Пікір қалдырыңыз