Өрттей өкініш

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ұлпан шешей түні бойы сандырақтап, қайта-қайта шошып, мазасызданып шықты. Өн бойы бір ысып, бір тоңып, әлденелерді айтып орнынан ұшып-ұшып тұра берді. Әлсін-әлсін «Амандық, Аманым» деп үздіге үн шығарады. Тамағы кеуіп қалыпты. Мырзабай анасына бір ожау шалап берді. Шалаптан бір ұртағанда-ақ шешейдің маңдайынан тер бұрқ ете қалды.

Оның осындай күй кешкеніне айдан асып барады. Қалай ғана қиналмасын, көз алдында Амандығын жазықсыздан-жазықсыз ұстап әкетті емес пе? Қалай болып еді өзі?

Орман бидің ұрпағы Амандық Диқанкөл аумағының айтулы болысы еді. Ол әкесі Орманға ұқсап айналасындағыларға мейірім-шапағатын молынан шашып отыруға тырысты. Болысқа қарайтын бірнеше түтін мамыражай, молшылықта өмір сүріп жатты. Әкесі Орман өз билігі тұсында жастарды Орынборға оқуға жіберіп, шәкіртақысын төлеп тұрды. Асылдың сынығы Амандық та осы жолды таңдаған еді.

Алайда, дүние ақ пен қызылға бөлініп, өзімен-өзі жатқан бейбіт елге қырғидай тиді емес пе? Ауыл-аумаққа қамқор болып отырған Амандық бір күнде «бай-құлақтың тұқымы» делініп, қолына кісен салынды. Соңында аңырап анасы Ұлпан, жары Әлимаш, інісі Мырзабай, бес жастағы қызы Тәутеш, үш жастағы ұлы Хамзе қалды.

Қылышынан қан тамған қызыл империя қылбұраудай қыса түсті. Жұрт аштықтан жансауғалап, беті ауған жаққа қаңғып кетті. Ұлпанның шөптен дәрі жасап, адам емдейтін қасиеті бар еді. Бірақ, үшінші перзентіне жүкті Әлимашты аман алып қала алмады. Ол балпанақтай ұл туған. Әжесі атын Сәдуақас деп қойған-ды. Ашқұрсақта жатқан соң ба, Сәдуақас оңалмады, анасының соңынан о дүниеге періште күйінде аттанды.

Әкесі мен шешесінен айрылған қос мұңлықты жетектеп Ұлпан әжей жолға шықты. Мырзатай бауырларын сүйрелеп, біресе көтеріп, тасбақадай тырмысып Тәшкен төңірегін бетке алып келе жатты. Ұлпан жолға деп бір қалтадай бидай ала шыққан еді, жол-жөнекей шөп теріп, оны қайнатып балаларының аузына тосты.

Япырмай, мынадай сұмдықты көремін деп ойлапты ма, жол-жөнекей сіресіп қатып қалған өліктер шашылып жатыр. Аналарының омырауына тығылып шырылдап жылап отырған баланы да шыққыр көзі көрді-ау. Мұндайда Ұлпан әже немерелерінің көзін тұмшалап, қашан осы маңнан асып кеткенше тоқтамаушы еді.

Татар дәмі, көрер жарығы бар екен, біріне-бірі сүйенген талай түн, талай күн, небір тауқымет-тасыр, апат пен азап көрген шерлі отбасы шаттығы мол шаһарға қу сүлделерін сүйретіп жетіп құлады. Қайырымды адамдар ауыздарына су тамызып, қолындағы барын беріп, азып-тозып келгендерді ажал аузынан арашалап қалды.

Өлім қақпанынан құтылған Ұлпан баласы мен немерелерін «қайтсем қатарға қосамын» деп тырмысып бақты. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде «Амандық осындағы теміржолда жұмыс істеп жүр» деген сыбысты естіп қалды. Амандығының аман екеніне ана жүрегі жарылардай қуанды. Содан жаны тыным таппай теміржол жағалай бастады. Көп жүрді, көп іздеді. Тұтқындар көп екен. Бәрі де азып-тозып кеткен, сақал-мұрттары өскен тұтқындар тым жүдеу еді.

– Япыр-ау, мынау менің Амандығым ба? – деп Ұлпан кілт тұра қалды.

Амандық та анасын көріп қалған екен, ол да ұмсына беріп кілт тоқтады. Өйткені, қарулы күзет оларды тырп еткізбейтін. Ұлпан ұмтыла беріп еді, мылтығы шошайған күзетші жетіп келді. Қанша дегенмен ана мен баланың сағынысып қауышқаны жүрек тебірентерліктей еді. Содан ба, солдат та сәл кері шегінгендей болды. Ұлпан ұлын тарс құшақтап, өксіп-өксіп жылап жіберді.

Келесі күні Ұлпан Тәутеш пен Хамзені ерте келді. Перзенттерін көрген Амандық бой-бой болып босады, балалары мойнынан тас қылып құшақтап көпке дейін жібермей тұрғанда көз жасын көрсетпеуге тырысып, іштей егілді.

Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Ұлпан тапқан-таянғанын Амандыққа әкеліп беріп жүрген күндерінің бірінде ұлын таппай қалды. Сөйтсе оны Сібірге жер аударып жіберген екен.

Таяуда ғана Тәшкенге С.М.Киров келген еді. Ол еңбекшілерді жинап, алдағы күндердің жарқын боларына, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болатынына сендіріп баққан болатын. Сонда Мәскеуден келген ұлық та өтірік айтты ма екен? Оның халыққа берген уәдесі кәне? Аз ғана уақыт болыстық қызмет атқарғанда ешкімге тізе батырмаған, қайта ауылдастарының ауқатты болуына қолдан келген көмегін аямаған Амандық не үшін жазықты? Ол қолындағы барлық мүлкін жасырып-жабуламай өкімет қолына ұстатқан жоқ па? Сонда оның қандай кінәсі бар?

Осы ой қамауынан шыға алмаған Ұлпан ұлы Мырзабайды Мәскеуге, анау-мынау емес, тікелей Сталиннің өзіне жіберуді хош көрді. Кезінде ел-жұртына сөзі өткен адуынды ананың айтқанын істемеу мүмкін емес еді.

Мырзабай Мәскеуге жетуін жетті-ау, бірақ Иосиф Виссарионович Кремльде жоқ болып шықты. «Қайтсем де Сталин жолдасқа жолықпай кетпеймін» деп Мырзабай Кремль түбінде жатып алды. Жеті күн, жеті түн аштықтан бұралып жүріп есік күзету оңайға соққан жоқ. Бірақ, сәтін салғанда іссапардан оралған Сталин жолдас жалбыраған тон киген, беті қақталып күйген «киргизді» көзі шалып қалды.

– Мына киргиз мұнда қайдан жүр? – деп сұрады ол күзетшілерден.

– Жолдас Сталин, жеті күн болды жолыңызды күтіп отыр. Күштесек те кетпейді.

– Онда қабылдауыма кіргіз.

Мырзабайдың Тәшкенде жүргенде шатып-бұтып сөйлейтін бір-екі ауыз орысшасы бар еді, сұсты Сталиннің алдында тілі жаңа шыққан баладай былдырады да қалды. Тілші көмекке келді. Жадап-жүдеп келген жарғақ тондыны аяды ма, басқа да себебі болды ма, кім білсін, жез мұртты көсемнің жүзі жылыды. Бір парақ алды да әлдене жазып, мөрін қойып, Мырзабайдың қолына ұстатты. Сыртқа шыққан соң білді ғой «Амандық Орманов абақтыдан босатылсын» делініпті онда.

Бауырдың аты қашан да бауыр ғой, бұрын-соңды көрмеген, естіп-білмеген, табаны тимеген Сібірге жан жүрегі алып-ұшып бара жатты.

Тапты-ау, ақыры! Түрме басшылары Сталиннің мөрін көрген соң естері шығып кетті. Біраздан соң түрменің түкпірінен ағасы Амандықты алып шықты. Бауырлар ботадай боздап табысты. Алайда, Сібірдің сүйектен өтер суығы мен аштық, ауыр жұмыс ағасын әбден титықтатып тастапты. Әуелгіде ол ағасын танымай да қалды. Тек көзінде бір ұшқын қалған екен. Сол көз оның бауыры екенін айтып тұрды.

Түрмеден босаған Амандық ұзақ жолды көтере алмады. Сібірдің сары аязы өкпесін тесіп өтіп, сүйектерін құрсаулаған екен.

– Бауырым Мырзабай! Сені көрдім. Анамның, балаларымның амандығын естідім. Көңілім орнықты. Сағынышымды бастым. Маған осы да жетеді. Мына ну орманның ішінде сүйегім қалатын шығар деп қамығушы едім. Құдайға шүкір, өзің келдің. Мені арулап көмген соң, Құран оқып тұр. Апама, балаларыма сәлем айт. Олар саған аманат, – деп денесі дір-дір еткен Амандық үзіліп жүре берді.

Мырзабай мұндай қиналмас. Қаншама қиындықтар мен азаптан соң арманына енді қол жеткізе бергенде тағдырдың мына тәлкегін қарасаңшы. Іші өртеніп, өзін-өзі ұстай алмады. Содан қанша уақыт ес-түссіз жатқаны белгісіз, бір кезде көзін ашса, жанында ағасы мұп-мұздай болып жатыр екен. Мырзабай түрме басшыларынан көмек сұрап, ағасын арулап жерледі де, жолға шықты. Удай өкініш өн бойын жаныштап келе жатты.

Арманын орманда қалдырған Мырзабай елге құр сүлдерін сүйретіп оралды. Перзент қайғысы Ұлпанды да көп ұзатпады. Мырзабай аға аманатын адал орындап, Тәутеш пен Хамзені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп өсірді.

Тағдырдың талай тауқыметін тартқан Тәутеш пен Хамзе көпке дейін озбырлықтың оғынан құтыла алмады. «Халық жауының баласы», «болыстың күшіктері», «әкесі айдауда өлген» деген қара таңба қыр соңдарынан қалмай-ақ қойды. Әйтсе де, әпкелі-інілі екеуі шарболаттай шыңдалып өсті. Тәутеш Түркістан қаласындағы педагогикалық училищені, кейін Шымкент педагогикалық институтын бітірді. Хамзе Амандықов қаламы жүйрік журналист болып қалыптасты. Тәутеш апа басынан өткерген тауқыметті есіне түсіргенде денесі түршігетін еді. «Зұлмат заманның бетін әрмен қылсын!» деп отыратын. Өрттей өкінішін сөндіре алмаған күйі мәңгілік сапарына аттанды.

Сталиндік зұлматтың ақтаңдақтары әлі де толық ашылған жоқ. Амандық мыңдаған жазықсыз құрбанның бірі ғана. Озбырлықтың оғы тиіп, апат болғандардың рухына мың тағзым жасасақ та көптік етпейді. Кейінгі ұрпақтың оларды ұмытуға құқы жоқ.

 

1 пікір

  • Расұл Самат Әбдімүтәліұлы
    Расұл Самат Әбдімүтәліұлы

    Отбасының немесе аналық жүректің табандылығы. Талай отбасы қиналып жоқ болып кетті ау.

Пікір қалдырыңыз