«Абай – ұлтымыздың мәдени капиталы»

Абай – біздің рухани көсеміміз. Оның салған тура, әділетті жолымен жүрсек адаспаймыз. Абай ілімі халқымыздың ой-өрісін, дүниетанымын дамытуға қызмет етеді. Қоғам алдындағы басты мақсат – білімді, мәдениетті, зиялы, кемел, адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыру болса, осының бәрі Абай еңбегінен табылады.

Осы кезге дейін Абай туралы көптеген шығармалар, зерттеу еңбектер, мақалалар жазылды. Абайтану ғылымы қалыптасты. Алайда, көп еңбектер кеңестік идеология тұрғысында жазылған. Сондықтан Абай іліміне жаңаша көзқарас қажет.

Абай жастарды ғылымды, өнер-білімді игеруге шақырды. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Ғылымсыз ілгері жылжып, іргелі ел бола алмайтынымызды, рухани байлықты айтпағанда, матери бай болу үшін де ғылымды меңгеру қажеттігін айтады. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп түбінде қолөнермен, кәсіппен айналысқандар озатынын көрегенділікпен түсіндіреді.

Халқына өнер үйреніп, кәсіппен айналысуды ыждаһаттайды. Сондықтан баланы мектеп қабырғасынан мамандық туралы ұғымын қалыптастыруға, кәсіптің қыр-сырын жетік білуге мән берген жөн. Бұл үшін мектептегі еңбек сабағының маңызын көтеріп, оның материалдық базасын дұрыс жолға қоюды жедел қолға алуымыз керек. Дамыған елдер өнерді, кәсіпкерлікті жоғары деңгейде меңгеруі нәтижесінде әлемдегі озық елдердің қатарына көтерілген. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» деуінде үлкен мағына жатыр.

Абай адамзат баласын мұратқа жеткізетін еңбек екенін жақсы білді және оны дәріптеді. Өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ғибраттарын әрбір адам санасына тоқыса жаман болмайды.

Абай мыңмен жалғыз алысты. Елдің болашағына қатты алаңдады. Оған кесірін тигізетін келеңсіздіктерді аяусыз сынады. Күйді-пісті, азапқа түсті, ағайынның кемшілігін батыра айтты. Әділетті қоғам идеясын көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады» деді. Осыған байланысты Президент Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатына жауап бермек. Мемлекет пен қоғам түйткілді мәселелерді бірге талқыласын деген ниетпен Ұлттық қоғамдық кеңес құрды. Бұл билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түспек.

Абай дүниенің кілті көп тілді игеруде екенін білді. Оны білген адамның көкірек көзі ашылады, дүниеге көзқарасы кеңейеді, ғылымы, білімі озық елдердің ілімін меңгеруге жол ашылады. Бұл ойы бүгінде өзекті болып тұр. Елімізде әлемдегі жетекші елдердің тілдерін білуге кең жол ашылды.

Абай — ұлы ағартушы. Оның педагогикаға қосқан үлесі зор. Ол адам тәрбиесіне оң әсерін тигізетін ең асыл қасиеттерді — адамгершілікті, адалдықты, ізгілікті, бауырмалдықты, достықты, махаббатты, табиғатты сүюді насихаттады. Кейінгі буынды солай тәрбиелеуге көңіл бөлді. Жастарды оқу-білімге, жамандықтан жиренуге шақырды. Оның педагогикалық, ағартушылық қызметі, психологиялық көзқарастары жаңа заманға сай зерделеніп, мектептегі оқу-тәрбие жұмысына енгізілуі керек.

Адам тәрбиелеу ісіне «толық адам» идеясын ұсынды. Жан-жақты жетілген, білімді, мәдениетті, кемел, зиялы, адамгершілігі жоғары адам қалыптастыруды уағыздады. Президент болашақта Абай насихаттаған «толық адам» идеясын қайта зерделеп, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Ұлы ойшыл Абай тар шеңберде қалып қоймай, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ізгілікті ой қозғап, әлемдік биікке көтерілді. Президент Абай әлемін дүние жүзі халықтарына жеткізу үшін оның еңбектерін 10 тілге аудару, оған білімдар аудармашыларды, ғалымдарды тарту мәселесін қозғады. Сонда Абай ілімі арқылы әлем халықтары қазақты танитын болады деді.

«Ең алдымен, Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек» деген Мемлекет басшысының ойлары құптарлық. Осындай шаралардың бәрі халқымыздың ой-өрісін кеңейтіп, өсіп-өркендеуімізге алғышарт болмақ.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ. Қаратөбе ауылы, Төлеби ауданы.

 

Пікір қалдырыңыз