"Е, мое, қуасың, ә!" немесе тілдегі түйткілдер

Автобуста келе жатырмыз. Елдің назары даурыға сөйлескен екі балада. - Сен қақа барасың?- дейді шілтиген сары шикіл. -Өзің білесің ғо...Мына інім екеуміз больницаға бара жатырық. Бұл қасындағы қара баланың жауабы. - Е, мое, қуасың, ә...Больница қаяқта, сен қаяқта...

Міне, қазіргі өскелең ұрпақ осылай сөйлейді. Қызыл тілдің мәйегі- кәдуілгі қара сөз. Адам адам болғалы бір-бірін осы саралы сөз арқылы ұғынып келеді. Сөз мағынасы, сөз қуаты, сөз өткірлігі, сөз құдыреті... «Менің атым-Сүйінбай, сөз сөйлеймін сыйынбай» дегенде арқалы ақын қазақтың осы сөз қуаттылығына, сөз құдыретіне сүйеніп айтты ма екен?.. Қалай десек те сөз қай ұлт үшін де күнделікті қым-қуыт тіршілікте ең қымбат қарым-қатынас құоалы екені айдан анық. Осылай бола тұра біз бүгінде бұл қасиетті ұғымды қастерлеп, қадірін біліп жүрміз бе? Гәп осында. Иә, бұған адам да өзгерді, заман да өзгерді дей қарап,жылы жауып қоя салуға да болар ма еді. Бірақ... «Қайнайды қаның, ашиды жаның» демекші, ана тіліміздің ала-құла ахуалы алаңдатпай қоймайды. Қазақтың «қай жаққа» деген тоғыз әріптен тұратын сөзі әуелі «қаяққа», одан «қақа» деп төрт әріпке бір-ақ шолтиып шыға келсе, қалайша қаның қайнамас!.. Бүгінгі жастар сөз қадірін, сөз парқын біле ме, ауызекі сөйлескенде «ғой» деген үш әріптік сөзді айтуға да жазуға да ерініп, «ғо» деп шолақ қайыра салатын болды. «Бара жатырық», «отырық ғо» деп «тілін тасқа қайрайды». Әлеуметтік желіні ашсаңыз мұнан да сорақылардан көз сүрінеді. Өстіп-өстіп күні ертең бәріміз де осылай сөйлеп, осылай жазып кете бермекпіз бе, сонда? Таза, мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады, Таза, мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады. Біз мұндай даналықтан асыра айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан осы жолдардан ой түйіп, оң ұғым қалыптастырған жөн болар. Былтыр Шымқаладағы «айдарынан жел есіп» тұрған мақтаулы ауруханада емделуге тура келді. Ұзын дәлізбен жүріп, қызмет кабинеттерінің есіктеріндегі маңдайша жазуларға көз салсаңыз, еріксіз бас шайқайсыз. «Аға мейірбике»... Орысшасы - «Старшая медсестра». Мұны терминкомның бекіткеніне де бірнеше жыл өтті. Орысшасына құлақ көндіккен. Алайда, «қазақшалағанда неге ол аға мейірбике болуға тиіс?» деген ой бізді көптен бері мазалайды. Жарайды, «медсестра» мейірбике бола-ақ қойсын. Аға дегенді қалай түсінсек? Біріншіден, «аға» деген сөз ер адамға қатысты айтылады. Әскердегі сарбаздар мен сардарларды «аға сержант» немесе «аға лейтенант» деп атаған. Қазір де солай. Бірақ, ауруханадағы «старшая медсестра» неге «аға мейірбике» деп аударылған? Мейірбикеміз ер азамат емес, әйел заты ғой. Бүртүрлі екен... Бұл бұл ма, келесі маңдайшадан «Шаруабике» деген сөзді оқығанда тіпті таң-тамаша күй кештік. Мұнысы – «Сестра хозяйка» дегені екен. «Сестраны» «бике» деп аударғанын мақұл делік. Ал, «шаруа» неліктен «хозяйка»? Ол қандай мағына бермек? Шаруаның орысшасы «крестьянин» емес пе? Мысал бір ғана денсаулық сақтау мекемесіндегі келеңсіздікке байланысты келтіріліп отыр. Бұдан тысқары техникалық салаларға қатысты терминдердің аудармаларын каперлеріңізге салсақ, қазақтың қара сөзі қандай қасіретке душар болғанына қанығар едіңіз. Елбасы Н.Назарбаев жуықта республикалық БАҚ өкілдерімен кездесуінде тап осы аударма мәселесін тілге тиек еткенін мұқым жұртшылық теледидардан көрді. «Сіздер әбден құлаққа сіңісті болып кеткен сөздерді қазақшалаймыз деп әуреленесіздер. Жарайды, «мороженоеның» «балмұздақ» болғаны тәп-тәуір. Ал енді телефонды - сымтетік, балконды – қылтима деп жазатындарыңызды құптамайиын. Мен өз сөздерімде ешқашан процентті пайыз деп қолданып көрген емеспін» деп журналист ағайындарға әзіл-шынын араластыра өкпе-назын әдемі ақтарып салды. Қалам ұстаған әріптестеріміз бен теледидардағы тілшілеріміз айтылғаннан қорытьынды шығарғаны дұрыс – ау. Иә, біз сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын ұлт едік. «Сөз сүйектен өтеді» дейді халқымыз. Сөздің сәнін сақтайық, мәнін мәпелейік. Мағынасын бұзбайық, салтанатын сызбайық. Абайшалап айтқанда «қайран сөзім қор болды-ау» деп өкініп жүрмесек болғаны, ағайын! Ертай БЕКҚҰЛ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті

Пікір қалдырыңыз