Руханиятқа өріс ашқан

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кез келген ұлттың болмысы төл мәдениетімен, өнерімен, өзіндік дүниетанымымен өлшенетіні белгілі. Ал, оларды түп тамырын сақтай отырып, өркениет үлгісіне сай дамыту – рухани өресі биік, жақсылыққа жанашыр адамның ғана қолынан келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бақтыбай ӘЛІПОВТІ оңтүстік өңірдің өнерге жанашыр жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтқандығымыз емес.

Бақтыбай ағаның өмірбаянына көз салғанда алдымен кешегі отызыншы және қырқыншы жылдардағы зұлматтарды басынан өткерген әке бейнесі көзге елестейді. Әкесі Қиянбек Созақ көтерілісіне бастан-аяқ қатысқан, кейін Ұлы Отан соғысында қолына қару алып, ел қорғаған жауынгер. Соғыс жылдары Польша, Чехословакия мемлекеттерін жаудан азат етіп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Ал, майданнан елге оралғаннан кейін Қырғызстанның Жалалабад облысында, Шымкент облысының Шаян, Бөген және Арыс аудандары мен Түркістан қаласында әртүрлі салаларда жұмыс істеді. Ал, анасы Күлшетай Қиянбек атаның шаңырағын биік ұстап, балалары мен немерелерінің ақылшысы болған ақ жаулықты абзал әже еді.
Бақтыбай ағаның өзі 1962 жылдың мамыр айында қазіргі Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шығады. Институттан кейінгі алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласындағы құрылыс және жол машиналарын жөндеу зауытында шебер болып бастаған жас маманды көп ұзамай қалалық комсомол комитеті қызметке шақырады. Бастапқыда нұсқаушы болып қызмет етеді. 1987-1990 жылдары Түркістан қалалық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп, жастар арасында үгіт-насихат, құқықтық білім беру әрі олардың саяси сауатын көтеру мәселелерімен айналысады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Түркістан қалалық Кеңесі атқару комитетінде, облыстық атқару комитетінің бас жоспарлау-экономикалық басқармасында жауапты қызметтер атқарды. «Шымкентоблтоп» өндірістік басқармасында бөлім бастығы, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің Шымкент филиалында бастық болды. Бағын бизнесте де сынап көрді. 
Ал, 2012 жылдың қазанынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін Шардара ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Шардараны айтқанда, Бақтыбай ағаның мұнда жүзеге асырған әрбір ісі, қалдырған ізі көңілде сайрап қоя береді. Аудан әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде көптеген елдік шаруалардың жүйелі атқарылуына үлес қосып, ел қорғаған батырларымыз бен аузы дуалы билерімізді, көрнекті ақын-жазушылардың, танымал өнер иелерінің мәртебесін биіктетер, кейінгі ұрпаққа үлгі етер шараларды жүзеге асыруға бастамашы болды. 2006 жылдың күзінде «Шардара туралы әндер» атты республикалық байқау өткізуге мұрындық болды. Не істесе де беріліп істейтін, пайда емес, ар ойлайтын азаматтың жұмысы нәтижесіз болушы ма еді?! Байқауға жеті облыстан конкурсанттар қатысып, Шардара туралы 50-ге тарта ән дүниеге келді. Әрине, ол әндердің бәрі бірдей керемет емес шығар, бірақ, солардың ішінде халықтың жүрегіне жол тапқан әндер де аз болмады. Танымал өнер иелері Мыңжасар Маңғытаев пен Нұрғали Нүсіпжанов қазылық еткен байқаудың өте жоғары деңгейде өткенін ел әлі күнге дейін айтады. Кейінірек сол әндердің бәрі нотасымен кітап болып шықты.  
Шынында да, Бақтыбай Қиянбекұлының аудан әкімінің орынбасары болған кезеңдері мемлекеттік құрылым жүйесінің қалыптасып жатқан уақыты болатын. Бұл тұста мәдениет саласын дамыту, өнер мекемелерін ғимараттармен қамтамасыз ету, штаттар ашу, жаңа идеяларды ойға алып, іске асырудың өзі екіталай еді. Сондай қиын-қыстау уақытта «Шардара туралы әндер», «Егіздер – қос қанатым» сынды өнер байқауларын өткізу, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге және хакім Абайға ескерткіш орнату, Тұңғыш Президент саябағының, Алты Алаш алаңының, Неке сарайының салынуы үлкен жеңістің тұғыры іспетті еді. Қазақтың ән өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғаларымыздың бірі Шәмші Қалдаяқовтың есімін ұлықтауға да біраз күш жұмсағанын білеміз. «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың айтқан сөзін Бақтыбай ағаның болмысына қарап жаңғыртуға болады. Ол кісі жайлы айтқанда, мәдениет пен өнер саласындағы, ішкі саясат пен қоғамдық жұмыстардағы әріптестері, қатарластары мен қызметтестері оның жайдары жібек мінезін, кішіпейілділігін, мәмілегерлігін, ізденгіштігін, орнықты мінезі мен талапшылдығын жиі тілге тиек етеді. 
Бірақ, Бақтыбай Қиянбекұлы ешқашан мақтангершілікке салынған емес. «Мен жасадым» дегеннен гөрі «біз жасадық» деп көпшіліктің еңбегін алға тартады. Асылық айтып, асқақтық көрсеткен жері жоқ. Міне, осындай қарапайым келбеті ағаның біз білетін болмысын бұрынғыдан биіктете түседі. Мәселен, кешегі тоқсаныншы жылдардан екі мыңыншы жылдардың ортасына дейін Шардара үлкен жолдан тысқары, бұйығылау өмір сүріп жатқан аудан болатын. Әсіресе, аудандағы көп қабатты үйлердің ұсқыны кете бастаған кез еді. Тұрғын үйлердің арасындағы балалар ойнайтын алаңшалардың шаңы шығып жататын. Ал, көп қабатты тұрғын үйлердің көркі балалар ойнайтын алаңшалар емес пе?! 2006 жылы Бақтыбай ағамыз осы істі шұғыл қолға алып, Әл-Фараби көшесіндегі №7 үй мен №8 үйдің арасындағы шаңдаққа айналған алаңды жөндеп, «Батыр балалар» деп аталатын алаңша жасатты. Жақсы істі кім жатсынсын, Бақтыбай Әліповтің бұл бастамасын бүкіл қалалықтар қолдап, іліп әкетті. 
«Жақсы жұмыс – жанға тыныш» демекші, Бақтыбай аға қай қызметте жүрсе де өз ісін жақсы білетін, сауатты шешімдер қабылдай білетін басшы ретінде танылды. Осы еңбектері бағаланып, бірнеше мәрте ел Президентінің, облыс басшылығының Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына ие болды. «ҚР Конституциясына – 10, 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгісін иеленді. Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. 2023 жылдан бері «AMANAT» партиясының Шымкенттегі Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарып келеді.
Аяулы жары Гүлшаһар анамыз оның әрбір бастамасына, игілікті істеріне қолдау білдіріп, оң жағынан табылып жүреді. Екеуі жарты ғасырға жуық отасып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бүгінде екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан алтын асықтай немерелер сүйіп отыр.
Бақтыбай Қиянбекұлы жақында пайғамбар жасына толды. Зейнет жасына жетудің де, одан әрі еткен бейнеттің зейнетін көрудің де өз абыройы бар. Бұл, әсіресе, басшы қызметтегілер үшін белгілі дәрежеде сын екенін ескерсек, кейіпкерімізді бұдан кейін өнегесі мол ақсақалдық жол күтіп тұр. Қызметіне адалдықпен қарап, оны бүкіл ғұмырының қазығы еткен, сол ұстанымы арқылы кейінгі толқынға тура жол көрсеткен ел азаматына қандай құрмет көрсетсе де артық емес деп ойлаймыз. Міне, біз білетін Бақтыбай Әліпов – осындай ізгі ниетті жан.
Пікір қалдырыңыз