Қарт қаламгерге құрмет

Көшкінбай көкені көрмесек, сағынып қаламыз. Апта аралатып, ай аунатып қарт қаламгер «Оңтүстік Қазақстан» газетінің  редакциясына  соғып тұрады. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Көштекеңнің  көргені, көңіліне түйгені көп. Желісін әріден тартып, бірқыдыру әңгіме айтып береді. Соңғы жылдары өндірте жазып жүрген ол бір келгенінде соңғы шыққан кітабын ала келіп еді.

Енді міне, Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылдық округіндегі Қаратөбе ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Қайрат Бекеновтің ұйымдастыруымен «Туған жердің тұғырын көтерген жазушы» атты шығармашылық кеші өтті. Қаламгердің шығармашылық жолдарын баяндайтын көрме де келісті жасалыпты. Біз бұл көрмеден Көшкінбай көкенің соңғы жылдары жарыққа шығарған «Ұясынан жеріген келіншек», «Ақиқат жолында», «Сырлы кебеже» атты кітаптарын көрдік. Мәдениет үйінің сахнасы да бұл күні ерекше құлпырып тұрды. 
Тасарық ауылдық клубының меңгерушісі Нұрбол Бөртекеев шығармашылық кешті  өте мазмұнды жүргізді. «Төлеби туы» газеті бас редакторының орынбасары Орынбасар Сүттібаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәркен Танабаев  кеш иесінің шығармаларына кеңінен тоқталды.  Қаратөбе ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нұргүл  Ысқақова жазушы-ұстаздың әдеби туындыларына қысқаша шолу жасады. Филология ғылымының кандидаты, профессор Жарылқасын Садықов қаламгер туындыларының ерекшеліктерін атап өтті.  Ал, Қостөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Мықтыбек Жолаев қаламгермен бала кезден етене араласқанын, құрдасының шығармаларын қалт жібермей оқып келе жатқанын әңгімеледі.
Саналы ғұмырының қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Көшкінбай Елікбаевтың ұстаздық жолы бір дастан. Бірге қызмет еткен әріптестері, құрдастары, оқушылары даналықтың дәнін еге білген ұстазға деген ыстық ықыластарын айтып тауыса алмады. Оқушылар ұстаздарына арнаулар оқыды. Сахнада мың бұралып билегендер де, әсем әнді әуелеткендер де келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында сексеннің жуан ортасына жақындаған қарт қаламгер  оқырмандармен алдағы жоспарларымен бөлісті. Біз де қарт қаламгерге қажыр-қайрат тіледік.

С. ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз