Зейнетақысын «мұны қалай қайтарамын» деп алмай қойыпты...

Жасым жетпіске таянғанда әкем туралы айтып отырғаным немерелеріме қызық көрінуі мүмкін. Олар үшін ақ самайлы әже болғанымызбен, бір кезде біз де тұлымшағы желбіреген қыз, ата-анасына еркелеген албырт болдық. Осы ретте әке туралы айтқызып, бақытты балалық шағымызға саяхат жасауға себепкер болған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымына алғыс айтамыз.
Өткен күнге ойша көз жүгірткенде көп нәрселерді бүгінгі күнмен салыстыратынымыз бар. Мен әкемнің 78 жасында көрген перзенті екенмін. Анам Ырысқалдың алғашқы күйеуі соғысқа кетеді де, 1943 жылы қаза болғаны туралы «қара қағаз» келеді. Алғашқы некесінен сүйген екі перзенті шетінеп, жастай жесір қалған келіншек ішқұса болып жүрсе керек, бір күні анасы «қайғыға салына бермей ертеңгі күніңді ойла. Қадіріңді білетін біреудің етегінен ұстап, қартайғаныңда жетектеп жүретін бір-екі перзент сүюің керек» деп ақылын айтыпты. «Еркеккіндіктілердің барлығы дерлік соғысқа кеткен кезде қайдағы күйеу» деп анам бұл сөзге онша мән бермепті. Үнемі ат үстінде жүретін сумұрап
Срайылды ауыл түгел таниды. Бірақ, анамда өзінен елу жас үлкен оған тұрмысқа шығамын деген ой болмапты. Әкемнің де алғашқы некесі сәтсіз болса керек, жетпіс жаста төсек жаңғыртады. Сөйтіп, 1948 жылы Рәзия әпкем дүниеге келеді. Он екі перзент сүйген әпкемнің төртінші ұлы Тәкеңнен белгілі боксшы, әлем чемпионы Санжар Ташкенбай туады. Үмбет ағамнан кейін мен туғанда ауылдастары әкеме «сексен жаста үш перзент сүйдіңіз, енді болған шығар?» деп әзілдесетін көрінеді. Сонда әкем «тағы екі қыз сүйемін» деп кесіп айтады екен. Айтқаны айдай келіп, кейіннен Гүлжарқын, Айжарқын есімді сіңлілерім өмірге келді. Жүз жасқа келгенше аттан түспеген әкем ауылда 55 жыл сумұрап болып жұмыс істеді. Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылының үлкен-кішісі әліге дейін әкемнің аңызға бергісіз әңгімелерін айтып отырады. Аңғалдығы ғой, алғашқы зейнет-ақысы қолына тигенде «мұның өтеуін қалай қайтарамын, қой, құрысын, қол қусырып отырып ақша алмаймын» деп бас тартыпты. Тағы бірде үйдегілердің балық жегісі келгенін естіген әкем біраз уақыт бұрын дариядан үлкен жайын көргенін, бес-алты жігіт көмектесетін болса, қазір барып алып келуге дайын екенін айтады. Оны естігендер «ол балық сізді қашан келеді деп күтіп жатпайтын шығар» деп келеке етеді. Сонда да көңілін жықпай еріп барса, шынында да, үлкен жайын орнынан қозғалмай жатыр екен. Бес-алты жігіт әрең шығарып, ауылға әкеліп, бүкіл ауыл қармаға қарық болған деседі. Біздің бала кезімізде көнекөз қариялар әкемнің шайтан ұстап алғанын да жиі айтатын. Бірақ, бұл әңгімелерді әкем бізге ешқашан айтқан емес. Біз де сұрай алмайтын едік. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келетін. Кейде үйге өзімен бірге істейтін адамдарды ертіп келіп, бау ішіндегі тапшанда қымыз ішіп, әңгіме айтып ұзақ отыратын. Біз үйге келген үлкен кісілердің қолына су құйып қызмет етеміз. Былайғы уақытта көп сөйлемейтін әкем әріптес-жолдастары келгенде ашық-жарқын қабақ танытып, ашылып сөйлеп, бізді де еркелетіп қояды. Бала кезімізде ұжымшар басшысы Қыдырбай Шораевтың қолына су құйып, батасын алғанымды әліге дейін ұмытпаймын.
Әкем дала жұмысынан бір мезет босағанда үйдегі бау-бақшаға қарап, есік алдындағы егістікті жайқалтып қоятын. Ал, анам Ырысқалдың әкеміздің жүзіне тік қарап сөйлегенін көрген емеспіз. Сол тәрбиені көріп өскен біз де «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отағасын барынша сыйлап өттік. Одан жаман болған жеріміз жоқ. Ұзақ жыл Жетісайдағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте ұстаздық етіп, зейнет демалысына шықтым. Шәкірттерім үнемі хабарласып, хал-жағдайымды сұрап отырады. Перзенттеріміз Ләззат, Әлия, Баян және Нұрболаттан жиырмадан астам немере, он шақты шөбере сүйіп отырған бақытты анамын. Немере-шөберелерімізге ата-анамыздың еңбекқорлығы мен өнегелі өмірін үлгі етіп үнемі айтып отырамын.
Әліге дейін көшеден аттылы адам көрсем әкем екен деп қаламын. Өйткені, үнемі ат үстінде жүрген ардақты жан біздің көз алдымызда солай қалып қойған. Бәлкім, сағынғандықтан шығар, соңғы кездері әкемді жиі есіме алатын болыппын. Ал, әкелер институтын қалыптастыруда «Менің әкем» айдарының берері зор деп ойлаймын. Өскелең жастар өнегелі, тәрбиелі болып өссін десек, әкелер туралы айтудан, аналар жайлы жазудан жалықпауымыз керек.
Бибісара ДҮЙСЕНБИЕВА,
Жетісай аудандық әжелер алқасы төрайымының
орынбасары.