Жұман ұстаның көрігі

Қазақ халқы ежелден-ақ көрікті киелі зат ретінде қастерлеп ұстаған. Себебі темір ұсталарының сапалы бұйым жасауы ең әуелі көріктің жұмысына тікелей байланысты. Көрік – металды қыздырып, балқыту үшін оттыққа жел беріп тұратын үрлегіш құрал. Ол үстіңгі және астаңғы қақпақ, бастырық, шанақ, белағаш, мойын, көмей, құлақбау, тұтқа, желбезек, тіл, үрімпар, табақ сияқты бөліктерден тұрады. Қолдану тәсілі мен көлеміне орай  қол көрік, мес көрік, қос көрік, жел көрік сынды бірнеше түрге бөлінеді. Ұсталар көрік жасау үшін ағаш пен былғарыны және металды пайдаланған.Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сауран ауданы, Майдантал ауылының тұрғыны, марқұм Жұман Сәтбергенов атамыз сыйға тартқан көрік сақтаулы тұр. 1989 жылы сәуір айында сыйға берілген бұл жәдігердің екі бетіне әр түрлі ұзындықта қырқылған  14 дана ағаш тақтайшалар қағылған. Оның арасы былғары үлбір. Осы өңделген терінің  көмегімен оттың  қызуы үшін ауа үрлеген.  Көріктің  қабырғалары жоғары   температураға байланысты отқа төзімді материалдардан жасалған.   Мұндай көрікке емен, қайың, балқарағай,  самырсын сияқты ағаштар таңдалса, ал қалыбына қой, ешкі, түйе терілерін пайдаланған. Беткі пішімі домбыра тәрізді болып келген.  Өлшемі:158х103 см. Көріктің қалың ұзын төрт қырлы ағашпен  бекітілген  жері темірмен, оның  сырты 20 см. айналдыра былғарымен  қапталған. 
Айта кетейік, Жұман Сәтбергенов  1915 жылы мамыр айында дүниеге келген. Құлағының ауырлығына байланысты соғысқа бармаған. Бірақ тылда аянбай еңбек еткен. Колхоз жұмысына қажетті пышақ, балта, кетпен-күрек, орақ, т.б. қажетті заттар Жұман ақсақалдың қолынан шығып отырған екен. Жұбайы Фатимамен бірге төрт ұл, бес қызды қанаттандырып ұшырған қария 1998 жылы 9-шы шілде күні 83 жасында бақилық болған.

Айгүл ТӨЛЕНДИЕВА.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы.
Пікір қалдырыңыз