«Жібек жолы» және жібек мінезді ТӨРЕКЕЛДІ

Төрекелді бізден екі курс жоғары оқыды. Кілең бір іріктелген сайдың тасындай, бойлары да бірдей, жастары да құралыптас 5-6 жігіт қашан көрсең де жұптары жазылмай бірге жүретін. Біз оларға қызыға қарайтынбыз. Өйткені, жатақханадағы қызықты әдеби кештер, танымал адамдармен тағлымды кездесулер солардың ұйымдастыруымен өтетін. Кейіннен сол жігіттердің қай-қайсысы болсын, есімдері елге белгілі, республикалық басылымдар мен баспа орындарын басқарған танымал ақын-жазушыларға айналды. Ұлықбек Есдәулетов, Мылтықбай Ерімбетов, Төрекелді Байтасов, Жанұзақ Аязбеков, Сейітқұл Оспанов...
Студент кезімізде Төрекелдімен бір жатақханада тұрдық. Жүз таныстығымыз болмаса онша аралас-құраластығымыз жоқ-тын. «Жоғары курс» деп сыйлап, сәлемдесіп жүретінбіз.
Кейін оқу бітіріп, жан-жаққа кеттік. Сексенінші жылдардың соңында Шымкентке ауысып келдік. Бір күні автобус аялдамасында Төрекелдіні көріп қалдым. Танымайтын шығар деп тұрсам, анадайдан жымия келіп, хал-жағдай сұраса бастады. Мен таңданып қалдым, ұмытпаған екен ғой деп. Сөйтсем, бұл Төрекелдінің сан қырлы азаматтық болмысының өзіне тән бір қыры екен ғой.
Төрекелдінің туған күні жақындаған сайын осыдан біраз жыл бұрын оның «Самал» шағынауданында бой көтерген екі қабатты баспаханасына барып, сол кездегі «Жібек жолы» журналының азғантай қыз-жігіттері жаңа ғимаратты көріп, бас редакторымыздың қамал бұзар 40 жасқа толуымен құттықтағанымыз еске оралады. Сол күні Төрекелді ақсары жүзі алаулай түсіп, ерекше қуанышта отырды. Қашан да сөзге шешен, тілге ділмәр Төрекелдінің журналдың келешегі, алдағы арман-мақсаттары туралы төгіліп бір сөйлегені, шабыттанып кетіп, табан астында әрқайсымызға жырдан тілек арнағаны дәл күні кешегідей көз алдымда. Армандары қандай дейсің, жеке бастың емес, сол кезде қанатын енді қатайтып келе жатқан Тәуелсіз еліміздің болашағымен тікелей байланыстыра, қазақ жастарының бойынан көрсем деген ұлттық биік парасаттылық, рухани тереңдік туралы шалқи отырып, көсіле төгілткен-ді.
Төрекелдінің қаламгерлік фантазиясы мен ойының ұшқырлығы, заман тынысын сезіне білетін ілкімділігі, жан-жақты білімділігімен қоса, оның сөзге шешендігі керемет еді. Қызыл тілден бал тамызатыны сондай, қиыннан қиыстырып, жиналған жамағатты аузына қаратып, үйіріп алатын сиқырлы қасиетімен қатар жүрген әріптестерін таң қалдыратын.
Әлі есімде, жазушы досымыз Шойбек Орынбайдың туған ауылында жерлестері оның шығармашылығына арналған үлкен кеш өткізді. Сол кешті Төрекелді жүргізді. Алматыдан кілең марқасқа ақын-жазушылар келді. Бір сәт үзіліс кезінде журнал қызметкерлері жиналып, жазушылармен сәлемдесуге бардық. Сонда белгілі жазушы Бексұлтан Нұржеке «апыр-ау, Төрекелді, сен білгір редактор ғана емес, нағыз суырып салма ақын екенсің ғой, мына әріптестерің де сенен қалыспайтын шығар» деп әзілдей қолын қысты. Төрекелді басқарған сол шығармашылық кештің мәнді де мағыналы өте тартымды өткені туралы жиналған жұртшылық қауым көпке дейін айтып жүрді.
Осы күні ойлап отырсам, «Жібек жолы» журналында қызмет еткен бес жылым (1991-1996) қиын да қызықты күндерге толы кезең болыпты. Нарықтың алғашқы қиын-қыстау жылдарында әсерлі әңгімелері мен тарихи құнды деректерге бай, бұрын еш жерде жарияланбаған небір танымды мақалаларымен оқырман қауымды елең еткізіп, шығармашылық ортада үлкен резонанс туғызған қоғамдық, әдеби-көркем, ғылыми-танымдық «Жібек жолы» атты журналдың шығуы сол кездегі айтулы оқиға еді. Шыққан нөмірлері қолдан-қолға тимей, бәріміз бас алмастан оқыдық. Журнал редакциясында кілең «мынау» деген журналистер жиналған. Курстасым Шойбек Орынбайдың (бас редактордың орынбасары) айтуынша, шығармашылық жұмысқа қойылар талап өте жоғары, анау-мынау материал жарық көрмейді.
Иә, оны өзіміз де оқып-біліп жүрдік. Әсіресе, қазақ қыздарының тәрбиесі, отбасылық өнеге, ұлттық рухани болмыс туралы мақалалары өте ұнайтын. Анда-санда журнал редакциясына барып тұрамын. Қолжазбаларды қызу талқылап, қарбалас жұмыс үстінде көремін. Ондайда уақыттарын алмайын деп тезірек кетуге асығамын.
Баспасөз саласында істейтін болғандықтан Төрекелдімен баспаханада жиі жолығысып, сәлемдесіп тұрамыз. Сондай бір жүздесу сәтінде «Алма, сенің «Сарыағаш» газетінде жарияланған новеллаларыңды оқып жүрмін. Қыз балаға тән бір сыршыл сезімдерге толы. Бізге сондай материалдар жетіспейді. Журналға да атсалыссаң қайтеді» деп қолқа салды. Мен «Ой, Төке, сендердің талғамдарың тым жоғары ғой, мен ондай сенімнен шыға алсам жақсы ғой» дедім.
Көп ұзамай жеңгелерім туралы сағынышқа толы мөлтек сырды алып бардым. Оқып шыққан соң Төрекелді мен Шойбек екеуі «мынауың дап-дайын дүние екен ғой, нөмірге саламыз» деп қуантып тастады.
Арада біраз уақыт өткен соң Шойбек курстасым телефон шалды. «Төрекелді келіп кетсін деп шақырып жатыр» деп. Тағы да тапсырма беретін шығар деп ойладым. Кабинетіне кіріп келгенде төрде отырған Төрекелді: «о, жақсы келдің, бір ұсыныс айтайық деп едік. Сені журналға қызметке шақырсақ па деп отырмыз. Журналдың қыз-келіншектерге арналған «Домалақ ана» атты тәрбиелік отауы бар. Соны жүргізуді саған тапсырсақ па деп шештік» деді ол. Ә дегенде абдырап қалдым. Екеуі біраз ақыл-кеңестерін айтып, алдағы жоспарларын жайып салып, мені қызықтыра түсті. Сөйтіп, біраз күндерден кейін журналдың сан-салалы шығармашылық иірімі мені де өзіне тартып әкетті. Сол жылы күзге қарай Мархабат Байғұт, Әбілда Аймақ, Сатыбалды Қосалиев, Сәрсенбек Сахабат сынды есімдері елге танымал жайсаң жазушылар мен арқалы ақындар «Жібек жолы» журналына ауысып келді. Журналдың шығармашылық салмағын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Журнал республикаға кең тарайтын, тіптен, шетелдегі қандастарымыз да сұратып алып оқитын қабырғалы басылымға айналды. Журнал өзін-өзі қаржыландырып, сатудан түскен және бірді-екілі демеушілердің қаржысының арқасында жарық көргендіктен кей кездері қаражат тапшылығынан біраз нөмірлері біріктіріліп шығарылып жүрді. Ондай кездерде журналды сұратып, алыс-жақыннан қоңырау шалатындарда шек болмайтын.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Төрекелдінің еңбекқорлығы, интеллектуалдық деңгейінің өте жоғары, қиыншылықтан жол таба білетін алғырлығы туралы кезінде әріптестері жан-жақты жазды. Мен оның бір ғана қасиетіне – барлық адамды өзіне бауыр тартып, үйіріп алатын адамгершілік тамаша қырына тоқталсам деймін. Журналымыздың журналистері тек шығармашылықпен ғана айналыспай, өздері корректор, өздері беттеуші болып, баспаханадағы барлық қара жұмыстарға араласып кете беретін. Ол кезде бүгінгідей жетілген компьютерлік техника жоқ, бәрі қолмен атқарылатын. Сондай бір шаршап, тұнжырап отырған сәттерде Төрекелді аяқ астынан бір іс-шараны ұйымдастыра салуға шебер болатын. Әр қызметкердің туған күні, отбасындағы қуанышы мен реніші оның назарынан тыс қалмайтын. Әр жиынымыз айшықты өлеңмен өріліп, нөсерлі сөздердің тиегі ағытылатын. Әрдайым үлкен моральдық-материалдық қолдау көрсететін. Кейіннен қаржы жағы қиындай түсіп, 1994-1995 жылдары ұжымымыздың біраз жігіттері басқа жұмыстарға ауыса бастады, бірақ, журналдың шығармашылығынан қол үзген жоқ. Өйткені, Төрекелдінің ұйғарымы солай болды, оларға материалдық жағынан обал жасамайық деді. Төрекелді кейде «Мархабат кетті, Шойбек кетті, Бағдат кетті, Сатыбалды кетті, Әбілда кетті, Сәрсен кетті... қысқасы, сен қалдың, мен қалдым!» деп әзілдеп санамалап отыратын. Бірақ, «Жібек жолының» жігіттері осал болмады, бірі облыс әкімдігіне үлкен қызметке барса, бірі ауыл әкімі болып, басқалары республикалық деңгейдегі басылымдарға орналаса бастады. Кейіннен мен де қала әкімдігіне қызметке кеттім.
Ары-бері өткенде іші кітап пен қолжазбаларға толы үлкен сумкасын иығына асынып алып, Төрекелді кабинетке жымия күліп келе жататын-ды. «Саған сәлем бере кетейін деп келдім, әрі мынау баспадан шыққан жаңа кітабымның бірі» деп сумкасынан жаңа бір автордың кітабын суырып алып беретін. Кабинетте бірге отырған қыздар үшін Төрекелдінің әр келуі үлкен мереке. Біраз уақыт келмей қалса «сенің журналист досың қашан келеді?» деп сұрай бастайтын. Төрекелдінің мағыналы танымдық әңгімелерін олар ұйып тыңдайтын, «қандай білімді жігіт» деп риза болысатын. Әр келген сайын «Құдай қаласа баспахананы салып біткен соң жаңа аппараттар сатып алсақ, журналды жаңаша шығарсақ» деп армандайтын. «Ондай күн туса баяғы жігіттердің бәрі де келуге әзір, сен де келесің ғой, иә?» деп мақұлдатып қоятын.
Шіркін-ай, сол күн қашан болар екен деп екеуміз қосыла армандайтынбыз. «Төрекелді науқастанып қалыпты» дегенімде қасымдағы әріптестерім де алаңдап, хал-жағдайын сұрап қоятын. Қайтыс болғаны туралы хабарды айтқанымда қыздар қатты қайғырды. Жақсының шұғыласы жан-жағына шуағын түсіріп жүреді ғой, қашанда. Мұндай жігіттердің ерте кетіп қалатыны несі деп қамығып қалды олар.
Иә, Төрекелдідей төре жігіттің азаматтығының қай қырын айтып тауысарсың... Асқаралы армандары көп еді. Өзімнің жолымды қуады деп сол кездің өзінде кішкентай ұлдарынан көп үміт күтетін. Айтқаны келді, солардың бірі телеарнада қызмет ететін журналист ұлы – Төребек. Темірбек болса – мемлекеттік қызметте. Қызы Айқаракөз дүниеге келгенде «есімі қандай әдемі» деп ақтарыла қуанғаны бар.
Бірде баяғы кабинетте бірге отырған қыздардың бірі, әріптесім Баянсұлуға Темірбекті көрсетіп, «менің редактор досым есіңде ме, мынау соның баласы ғой» дегенімде, ол да ұмытпапты. «Қандай ұқсастық, әкесінен айнымай қалыпты» деп таң-тамаша болғаны бар.
Зымырап өтіп жатқан жылдар-ай десеңші. Төрекелді еске түскен сайын «міне, тағы бір таныла алмай жүрген талантты автордың жаңа кітабын шығардым» деп үстінде көксұр плащы бар, көк сумкасын асынып, баяғыдай жымия кіріп келе жатқандай болады да тұрады ол маған...
Алма Смағұлқызы,
журналист.
Шымкент қаласы.
Alicia Nida
Hire The Best Cryptocurrency Recovery Service / Lost Recovery Masters. Lost Recovery Masters offers tailored assistance to simplify and enhance the recovery process for victims who have fallen victim to Bitcoin theft. Understanding how reliable recovered funds are to their clients, Lost Recovery Masters has emerged with extremely effective and professional Bitcoin recovery services. Lost Recovery Masters has a team of investigators from across the globe that are well prepared to help clients from wherever they may be which means that help will always be within reach. Contact info. Website ( https://lostrecoverymasters.com/ ) Email ( Support@lostrecoverymasters.com ) Whatsapp +44(7537)-105921